Қазақстан үшін 100 ғана жаңа есім аздық етпейді ме? - Жаңалықтар | BNews

Қазақстан үшін 100 ғана жаңа есім аздық етпейді ме?

31 тамыз, 09:42 5290 Астана
Қазақстан үшін 100 ғана жаңа есім аздық етпейді ме?

Биыл сәуір айында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көрген болатын. Содан бері бүкіл ел аумағында ондағы тапсырмаларды жүзеге асыруға бағытталған түрлі шаралар өтуде. Олардың қатарында мәдени шаралар да, спорттық жарыстар да, ғылыми жиындар да, тіпті тазалық жұмыстары да бар. Біраз біз бұл іс-шаралар туралы кейінірек айта жатармыз, дәл қазір аталған мақалада көрсетілген «Қазақстанның 100 жаңа есімі» атты жобаға тоқталуды жөн көріп отырмыз. Өйткені, қоғамның бүгінге дейін ең көп талқысына түскен дәл осы тақырып.

Талқыға түсетіндейі де бар. Мақала жарияланысымен Елбасының тапсырмасымен Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы бойынша ұлттық комиссия құрылған болатын. Бұл комиссия мақалада көрсетілген негізгі 6 бағыттың жүзеге асуын қамтамасыз етуі керек. Президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков төрағалық ететін комиссия құрамында министрлер мен өзге де ведомство басшылары, қоғам қайраткерлері, депутаттар, ғалымдар және сарапшылар бар.

Енді осы комиссия мүшелері «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасын талқылауды бастағаны сол екен, қоғам тарапынан көптеген сауалдар қойыла бастады. Әсіресе, 100 жаңа есімнің әділ іріктелетініне күмәнданатындар саны көп. Өйткені, тамыр-таныс арқылы мәселе шешіп үйренгендер тағы да жұрттың алдын орайды ма деп күдіктенеді. Тіпті, өйтпеген күннің өзінде «бұл жобаның қаншалықты қажеттілігі бар?» деген сауал тағы туындады. Өйткені, жаңағы 100 тұлғаның тізіміне іліккендерге мемлекет тарапынан ешқандай материалдық көмек немесе жеңілдіктер көрсетілмейді. Тек олардың есімдерін идеологиялық мақсатта пайдаланбақ, яғни болашақ ұрпақтың тәрбиесі үшін.

Сондай-ақ, «неге 100 ғана есім?» деп мәселе көтергендер де бар. Олар Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдардан бергі тарихында ел дамуына елеулі үлес қосқан жандардың әлдеқайда көп екенін, сондықтан тізімді 100 ғана есіммен шектеудің болмайтынын айтып отыр.

Қысқасы, Әділбек Жақсыбеков бастаған комиссия мүшелері тізімге енетін тұлғаларды іріктеп жатқан тұста, көкейінде сауалы көп азаматтар да көбейіп келеді. Ендеше, бұл мәселеге терең үңілместен бұрын, алдымен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы туралы қысқа ғана ақпарат беріп өтейік.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады.

Мақалада көрсетілгендей, жобаның негізгі үш мақсаты бар:

1. Ақылымен, қолымен, дарынымен за­манауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адам­дар­ды қоғамға таныту.

2. Оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал ету­­дің жаңа мультимедиалық алаңын қалып­тас­тыру.

3. «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау. Ел-жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуге тиіс.

 

Күні кеше – 17 тамыз күні Астанада Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы бойынша ұлттық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиын барысында белгілі болғандай, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына бүкіл ел аумағынан барлығы 1700-дей ұсыныс келіп түскен. Енді комиссия мүшелері сол 1700 адамның ішінен іріктеп, тек 100-ін ғана таңдап алуы тиіс. Яғни, іріктеу жұмыстары өте қиын болады деген сөз. Өйткені, ұсынылған үміткерлердің ешбірі осал емес. Араларында мүйізі қарағайдай академиктерден бастап, ел намысын әлемдік ареналарда қорғап жүрген даңқты спортшыларымыз бар.

Ендеше неге 100 ғана есіммен шектелеміз? Танымал саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша, еліміздегі әр облыста өзінің «100 жаңа есімі» болуы керек. Немесе әрбір саланың ең үздік 100 тұлғасын анықтау қажет.

 

 Айдос САРЫМ, саясаттанушы:

- Бұл жерде мен ең алдымен мынаны байқадым: әр мүдделі топ немесе саяси күш өзіне жақын, өзімен етене араласатын адамдарды осы тізімге тықпалап жатқан сияқты. Әсіресе аймақтық дәрежеде. Осыған орай, мен мынадай ұсыныс айтқан едім: БАҚ беттеріне көп шыға бермейтін, жасы 20-30 аралығындағы, халықаралық байқаулар мен олимпиадаларды жеңіп, бірақ көзге түсе алмай жүрген азаматтарға негізделсек... Себебі, мына атақ-даңқы бар, орден-медалі бар азаматтарға қосымша жарнама түк қажет емес. «100 жаңа есімге» енетін тұлғаларға ешқандай қаражат, ешқандай сыйлық немесе қызмет бермейтіні анық. Бұл тек имидждік, ақпараттық жоба. Оның үстіне, аты айтып тұрғандай, «жаңа есімдер» керек бізге, әбден танылғандары емес.

Мысалы, өнер саласын алсақ: консерваторияны оқып, әлемдік деңгейдегі үлкен бір байқауларда жеңіске жеткен жас өнерпаз болса, немесе спорт саласын алсақ: әлі өте үлкен жетістіктерге жете қоймаған, бірақ болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшылар болса... Міне, осыларға үміт артсақ, оларды жарнамаласақ, ары қарай дамуы үшін қолдау көрсетсек – сонда ғана «100 жаңа есім» жобасы өз мақсатына жетер еді.

Айта кететін тағы бір жайт, жобаның талабына сәйкес, 100 есімге үміткерлердің жасы 45-ке дейін деп көрсетіліпті. Мұны біз 30 жас деп төмендетуіміз керек. Бәлкім 15-тен 30 жасқа дейін деп көрсету керек шығар. Яғни, алдағы 25 жылда Қазақстанның атын шығаруға тиісті, міндетті, мүдделі азаматтарды таңдап алуымыз қажет. Сонда ол атына сай жаңа есімдер болады. Бұрыннан танымал азаматтарды қайта-қайта жарнамалай бергенде не ұтамыз?

Жалпы, жобаға үміткерлерді іріктеу де қиын. Әркім өзін мықты санайды, «Қазақстанның дамуына қосқан үлесім көп» деп 2 кітап жазған жазушылар да өздерін ұсынып жүр.

Бірақ, расымен де өте мықты, дарынды жастар жетерлік. Google, Apple секілді әлемдік алпауыттарға өз өнімдерін сатып жатқан қазақтың өнертапқыш жастары бар. Міне, соларды «100 жаңа есімнің» қатарына қосу керек.

Бұл тізімге сондай-ақ, кәсіпкерлерді де қосар едім. Республикалық деңгейде жүргендерін емес, мына ауыл-аймақта жүріп аяққа тұрған кәсіпкерлерді айтып отырмын. Әр ауылда өз елінің патроиттары бар, яғни өз ауылында мектеп, аурухана, балабақша, жол, көпір салып жатқан бизнесмендеріміз көп. Олардың ақшасы көп емес шығар, бірақ елдің дамуына өздерінше үлес қосып жүр.

Енді мұның бәрін «100 жаңа есімге» сыйдыра алмайтынымыз анық. Сондықтан, әр аймақтың өз «100 есімі» болуы керек деп ойлаймын. Немесе әр сала өз тізімін жасауы керек. Мысалы, Білім және ғылым министрлігі Қазақстанның үміт күттіретін 100 жас ғалымының тізімін әзірлесе. Сол ғалымдардың еңбектерін түгел бір жерге жинақтап қойса болады. Немесе болашағынан үміт күттіретін 100 спортшының, 100 IT-маманның тізімдерін неге жасамасқа? Сонда бұл жоба бір жүйеге түсер еді.

Шүкір дейік, көбейіп келе жатқан ұлтпыз. Ертең 5-10 жыл сайын ұрпақ жаңарып отырады. Сонда осы «100 жаңа есімді» де жаңартып отырамыз. Бұрынғы тізімде болғандар оған дейін атақ-даңққа бөленеді ғой, сосын орнын өзге жастарға ұсынады.

Жалпы, қазақ мәңгі ұлтқа айналсын деген тілегіміз бар бәріміздің, қазақ мәңгілік елге айналса, бұл жоба да мәңгілік болуы тиіс.

 

Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру бойынша ОҚО өңірлік жобалық кеңсесінің өкілі Нұрлыбек Жеңісбек те «100 жаңа есімге» үміткерлер санының тым көп екенін мойындап отыр. Ол басқаратын жұмыс тобы «Рухани жаңғыру» идеясын жүзеге асырудың тетіктерін әзірлеуде. Сондай-ақ, «100 жаңа есім» жобасына өз есімдерін ұсынған азаматтарды да іріктеген. Айтуынша, «Бес ешкі айдап, ысқырығы жел жаратындар» осынау тізімге енудің барлық амал-тәсілдерін жасап көрген екен.

 

Нұрлыбек ЖЕҢІСБЕК, Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру бойынша ОҚО өңірлік жобалық кеңсесінің өкілі:

- Шынын айту керек, халық «Рухани жаңғыру» идеясын әлі толық түсінген жоқ. Біздің жұмыс соны түсіндіру, қоғамдық сананы жаңғыртуға әрбір азаматтың қатысуы мүдделі екенін айту, халықтың көзін жеткізу. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Елбасы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» деген жобаны жүзеге асыруды тапсырды. Оған үміткерлерді іріктей бастағанымыз сол еді, өзін ұсынып шыға келгендер көбейді де кетті. Әйтеуір бәрі «батыр». Ағаларымыз мұны мақтаныш көреді, тарихта атымыз мәңгі қалсын деп үміттенетін шығар бәлкім... Бірақ, бұл тізімді әзірлеуде ешандай тамыр-таныстық жүрмейді.

 

Белгілі жрналист Қымбат Досжан да осындай пікірде. Ол үміткерлерді іріктеуді мүлдем басқа қалыпта жүргізуді ұсынып отыр. Сондай-ақ, үміткерлер қатарына шетелде тұрып-ақ Қазақстанның дамуына үлес қосып жүрген қазақтарды қоссақ деген ниетін жасырған жоқ.

 

Қымбат ДОСЖАН, журналист:

- «100 жаңа есім» жобасына енуге кімдер лайық? Облыстардан қаншама өтініштер түсіп жатыр. Ұсыныстар арасында депуттардың да есімдері жүр. Оларға «қой» деп те немесе «нақты критерийден шықпау керек» деп тағы айта алмаймыз. 500 ота жасаған медицина саласының бір докторын алып қарасаңыз, облыс көлемінде белгілі ондай кісі 100 адамның бірі болуға лайықты. Ол мұғалім де болуы мүмкін. Бағдарламаның концепциясын өзіміз толық білмейміз. 100 адамды 1 жыл үшін бе, әлде 10 жыл үшін таңдап алуымыз керек пе? Үш баланы өртенген үйден алып шығу - ерлік. Бірақ, ертең телевизиялық сюжет жасай бастағанда-ақ ол бір ғана очерктің адамы болып шығуы мүмкін. Одан кейін ол адам туралы айтылмайды да, жазылмайды. Оны да ескеруіміз тиіс. Қарапайымдылардың арасынан іздеп жүріп, қарабайырлыққа ұрынып қалудан сақтануымыз керек секілді. Ең бастысы, Қазақстан Республикасының азаматы болу керек дейміз. Ал шетелде тұрса да Қазақстанға еңбегі сіңіп жатқан қазақтар бар шығар. Мұны да ескеру керек.

Жалпы, түсінгеніміз, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы идеологиялық мақсатқа қажет. Яғни, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, патриоттық сезімдерін қалыптастыруына зор әсерін тигізеді. Ал, бұл жоба қалай жүзеге асады, орындалу тетіктері қандай – оны Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы бойынша құрылған ұлттық комиссия өкілдері анықтамақ. Бәлкім анықтап та қойған шығар. Енді тек тәуелсіз сарапшылардың, саясаттанушылардың осындай пікірлеріне құлақ асып, ұсыныстар мен кемшіліктерді ескерсе деген ниет бар.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

Материалды әзірлегендер: