Қазақстанда 2019 жылдан бастап ұялы телефон иесінің атына тіркеледі - Жаңалықтар | BNews

Қазақстанда 2019 жылдан бастап ұялы телефон иесінің атына тіркеледі

22 ақпан, 13:11 1282 Астана
Қазақстанда 2019 жылдан бастап ұялы телефон иесінің атына тіркеледі

Бұл телефон ұрлығының алдын алу мақсатында жасалмақ.

Осыған дейін тек ұялы телефонға салынатын симкарта ғана сатып алушының атына тіркелсе, ұрлықтың алдын алу мақсатында келесі жылдың қаңтар айынан бастап телефон да сол адамның атына тіркеледі. Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ Ақпараттық-аналитикалық орталығының басшысы Роза Закаргаева Қырғызстаннан келген ІІМ делегациясымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды BNews.kz ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қырғызстандық делегация еліміздің Ішкі істер министрлігіне екіжақты әріптестікті нығайту, жаңа технологияларды енгізудегі тәжірибе алмасу, сонымен қатар, ішкі істер органдары жұмысын жетілдіруде Қазақстанның тәжірибесімен танысу мақсатында келді. Делегация құрамында қырғыз елінің ІІМ Ақпараттық технологиялар бас басқармасының бастығы Алмазбек Бообеков, бөлім бастығы Ұлан Бақтығұлов болды.

Кездесу барысында екі тарап қылмысқа қарсы күресу, қоғамдық тәртіпті және азаматтардың бас бостандықтары мен құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету бағытында екі ел арасындағы өзара ынтымақтастықты арттыру, трансұлттық сипаттағы қылмыстарға, әсіресе, телефон, көлік, мал ұрлығына қарсы күресті күшейту мәселелерін талқылады.

ҚР ІІМ Ақпараттық-аналитикалық орталығының басшысы Роза Закаргаева ұрланған телефонды адамдар өз мақсаттарына пайдалана алмайтын болатынын атап өтті.

"Телефон ұрлығына қарсы күресу үшін заңға өзгерістер енгізіледі. Мысалы, осыған дейін тек телефонға салынатын симкарта ғана сатып алушының атына тіркелсе, келесі жылдың қаңтар айынан бастап телефон да сол адамның атына тіркеледі. Яғни, ұрланған телефонды адамдар өз мақсаттарына пайдалана алмайтын болады. Өйткені, телефон ЖСН арқылы иесінің атына тіркеледі", - деді Роза Закаргаева.

Кездесу барысында көршілес елдің өкілдері республикамыздың ішкі істер органдарында қолданылатын автоматтандырылған жүйелермен, оның жұмысын бағалау критерийлерімен және "Қауіпсіз қала" жобасын енгізу тәжірибесімен танысты.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары