Қазақстанда азаматтарды емханаларға тіркеу тәртібі өзгереді - Жаңалықтар | BNews

Қазақстанда азаматтарды емханаларға тіркеу тәртібі өзгереді

01 наурыз, 14:03 1628 Астана
Қазақстанда азаматтарды емханаларға тіркеу тәртібі өзгереді

Азаматтар ХҚКО арқылы медициналық ұйымды еркін таңдау құқығын пайдалана отырып, медициналық қызмет көрсетушілердің бірыңғай дерекқорына енгізілген емханаға тіркеле алады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тіркеу ережесіне өзгеріс енгізуді көздеп отыр, бұл ретте азаматтар емхананың тіркелу бөліміне жүгінбей-ақ тіркелетін болады. Бұл қызмет денсаулық сақтау жүйесінде электрондық қызметтерді одан әрі дамытуға және пациенттердің құқығын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Азаматтардың барлық қажетті құжаттары ХҚКО немесе egov.kz порталы арқылы қабылданады, деп хабарлайды BNews.kz Астана қаласы бойынша "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұндай тәсіл бір мезгілде бірнеше мәселені шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, тіркеу туралы мәліметтердің медицина ұйымдары тарапынан бұрмалану қаупін төмендетіп, емханалардың тіркеу бөлімдеріне түсетін жүкті азайтады. Сондай-ақ, азаматтарды тіркеуден негізсіз бас тарту фактілерін қысқартады. МӘМС жүйесін енгізу шеңберіндегі инновациялар қолданыстағы ережелерді өзгертуді талап етеді.

"Азаматтарды ХҚКО арқылы тіркеу қызметінің енгізілуіне байланысты, халықты емханаға тіркеу тәртібіне толықтырулар мен өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Онда алақол медицина ұйымдарымен өзара қарым-қатынас және тіркелген пациенттердің құқықтарын қорғау тәртібі жан-жақты жазылады", - дейді Астана қаласы бойынша "ӘМСҚ" КЕАҚ филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Жетілдірілген тіркеу қызметтері 2018 жылдың III-IV тоқсанында қолжетімді болады. Азаматтар ХҚКО арқылы медициналық ұйымды еркін таңдау құқығын пайдалана отырып, медициналық қызмет көрсетушілердің бірыңғай дерекқорына енгізілген емханаға тіркеле алады. Сонымен қатар, қазақстандықтар емханаға ХҚКО арқылы тіркеле отырып, қай жерде тіркелгені туралы мәліметті де сол орталықтардан алатын болады. Қазіргі таңда бұл қызметтер онлайн тәртіпте - egov.kz порталы арқылы, оффлайн тәртіпте - емханаларда көрсетіледі.

Астанада 27 медициналық мекеме тіркелген тұрғындарға қызмет көрсетеді, оның 13-і мемлекеттік және 14-і жеке медициналық ұйым.

Ұқсас жаңалықтар