Қазақстанда білім берудің STEАM әдісін белсенді түрде енгізу керек – Назарбаев

01 желтоқсан, 2018, 15:26 2502 Астана
Қазақстанда білім берудің STEАM әдісін белсенді түрде енгізу керек – Назарбаев

Мемлекет басшысы ағылшын тілінен аударғанда, STEАM дегеніміз – бұл жаратылыстану ғылымдары, технологиялар, инженерия, өнер және математика екенін айтты.

Қазақстан Президенті "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымдарының 10 жылдығына арналған "Ұлы дала мұрагерлері" атты форумға қатысып, жиын барысында білім берудің STEАM әдісін белсенді түрде енгізу керектігін атап өтті, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Президент оқушылардың STEАM-дайындығын күшейтіп, алған білімдерін жобалық және зерттеу жұмыстарын орындау арқылы тәжірибеде жүзінде қолдануды қамтамыз етудің маңыздылығын айтты.

"Ағылшын тілінен аударғанда, STEАM дегеніміз – бұл жаратылыстану ғылымдары, технологиялар, инженерия, өнер және математика. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі заманда сұранысқа ие болып келе жатқан пәндер. Мұндай пәнаралық және қолданбалы әдісті қолдану балаларды сыни ойлауға үйретеді. Соның арқасында жаңашылдар мен өнертапқыштардың жаңа буыны қалыптасады", – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы төртінші бағыт ретінде шет тілдерді меңгерудің маңыздылығын атап өтті.

"Биылғы оқу жылында зияткерлік мектептерде оқушылардың таңдауы бойынша екінші шет тілін меңгеру ісі қолға алынды. Жаһандану жағдайында шет тілдерін білудің маңызы аса зор. Тілдерді білу басқа елдердегі адамдардың менталитеті мен мәдениетін түсінуге жол ашып, жоғары білім алу және жұмысқа орналасу барысында таңдау жасау аясын кеңейтуге мүмкіндік береді", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті оқушылардың эмоциялық интеллектісін дамыту мәселелеріне тоқталды.

"Эмоциялық интеллект қазіргі заманда бәсекеге қабілетті тұлғаның маңызды қасиеті саналады. Аясы тар техникалық құзыреттіліктерге қарағанда, адамдарды сендіре алу, оларға жанашырлықпен қарап, тыңдай білу, тізімділік таныту қабілеттері сұранысқа көбірек ие болады", – деді Елбасы.

Соңында Мемлекет басшысы зияткерлік мектептердің 10 жылдық мерейтойы еліміздің өркендеуі жолында дамудың және алдағы зор жетістіктердің жаңа кезеңінің бастауы болатынына сенім білдірді.

"Қазіргі кезде терең білім алу, шет тілдерін және заманауи технологияларды меңгеру бәріміздің басты міндетіміз болуға тиіс. Сіздер сонда ғана алға қойған мақсаттарға қол жеткізіп, биік белестерді бағындыра аласыздар", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар