Қазақстанда еріктілер қызметін дамыту бойынша Жол картасы іске қосылды

1 Марта, 2018, 17:12 1955
Қазақстанда еріктілер қызметін дамыту бойынша Жол картасы іске қосылды |  | BNews.kz

Өңірлерде еріктілер қызметінің ерекшеліктері мен негізгі іс-шаралары бойынша оқыту семинарларын өткізу жоспарланып отыр.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Қазақстан Республикасында еріктілер қызметін дамыту бойынша 2018-2020 жылдарға арналған Жол картасын бекітті, деп хабарлайды BNews.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жол картасы негізгі 6 бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады. Атап айтқанда, волонтерлердің әлеуетін арттыру, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, жастар арасында волонтерлікті дамыту, корпоративтік волонтерлік қызметті дамыту, волонтерлердің өзара іс-қимылы тетіктерін жетілдіру және олардың қызметін ақпараттық жария ету.  

"Жол картасы аясында қолданыстағы азаматтық және жастар ресурстық орталықтарының негізінде еріктілерді консультативтік, ақпараттық және әдістемелік тұрғыда қолдауға бағытталған арнайы орталықтар құру көзделуде. Өңірлерде еріктілер қызметінің ерекшеліктері мен негізгі іс-шаралары бойынша оқыту семинарларын өткізу жоспарланып отыр", - делінген баспасөз хабарламасында.

Еріктілер қызметін үйлестіру және дамыту мақсатында волонтерлік қызмет жөніндегі функционалдық бағыттағы онлайн-платформаларды және аталған платформаларының мобильді қосымшаларын әзірлеу жүзеге асырылатын болады.

Бұдан бөлек, жоғары оқу орындары мен кәсіби білім ордаларына түскен кезде еріктілер қызметіне қабылдау және елдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына еріктілер қызметінің қосатын үлесін бағалау жөніндегі әлемдік тәжірибе зерделеніп, ұлттық статистикалық есепке қосу үшін ұсынылатын болады.

Айта кетерлігі, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев осыдан біраз уақыт бұрын еріктілер қызметінің маңыздылығына тоқталған еді. 

"Еріктілер қозғалысына қолдау көрсетуді жалғастыратын боламыз. Шет елдерде еріктілер күрделі әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысады. Ол жақта ерікті – ерекше құрметке ие, олар қоғамдық мәселелерді шешуде өздерінің бастамашылдық мүмкіндіктерін толығымен дамытуға мүмкіндік алады. Бұл тәжірибе Қазақстанда да қолданылуы тиіс", - деп атап өтті Нұрлан Ермекбаев.

Рекомендуем
Димаш Құдайберген "The World's Best" шоуында америкалық тыңдармандарды таңдандырды 13861

Похожие новости