Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоба менеджменті қолданылады - Жаңалықтар | BNews

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоба менеджменті қолданылады

07 ақпан, 16:45 903 Астана
Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоба менеджменті қолданылады

Астана қаласы әкімдігі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Астана - адалдық алаңы" бірлескен жобасын жүзеге асырады.

Елорда әкімдігінде қала әкімі Әсет Исекешев және Агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтың жоба жарғысына қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды BNews.kz ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әсет Исекешев атап өткендей, соңғы жылдары елордада құқық тәртібін арттыру және тұрғындар мен қонақтар үшін жағдай жасауда белсенді инновациялық тәсілдер іске асырылып келеді. Бүгінде Астана басқа да Қазақстан аймақтары үшін лайықты "ақылды қала" үлгісі болып отыр.

Өз сөзінде Алик Шпекбаев, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуде қала әкімдігінің елеулі үлесін атап өтіп, жемқорлықпен күрестің әдіс-тәсілдерін одан әрі жетілдіру қажеттігін баса айтты.

Бұл жоба азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын күшейтіп, қоғамда жемқорлыққа қарсы ахуалды қалыптастыруға бағытталған.

Ол үшін мемлекеттік қызметтердің сапасын көтеру, тұрмыстық жемқорлықтың жолын кесу, азаматтар мен бизнес үшін кедергісіз және қолайлы жағдай жасау, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын және кең көлемді қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету ұсынылды.

Жоба сонымен бірге жемқорлықтың факторы ретіндегі адами қажеттілікті жою үшін мемлекеттік қызметшілерді қолайлы еңбек ақымен қамтамасыз ету, қызметтің барлық бағыттары бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшыларының дербес жауапкершілігі мәселелерін қарауға бағытталған.

Сонымен қатар, "Астана - адалдық алаңы" жобасына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда жаңа әдістер енгізу мақсатында жоба менеджменті қолданылатын болады.

Ол мақсатта, жоба аясында Астана қаласы әкімдігінің және Агенттіктің қалалық Департаменті қызметкерлері қатарынан жоба кеңсесі құрылған.

Жоба кеңсесінің жетекшісі Ж. Жылқышиева сөз сөйлеу барысында Астана тұрғындарына мемлекеттік органдардың қызметін жақсарту және сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету бойынша өздерінің ұсыныстарын енгізуге мүмкіндіктері бар екендігін жеткізді.

Спикер жоба кеңсесінде арнайы электрондық пошта ast.project@mail.ru, сондай-ақ, Whats'app +7775 160 55 32 нөмірі қосылғаны туралы атап өтті.

Сондай-ақ жұмыс барысында туындаған мәселелерді қарау үшін кәсіпкерлер, ғалымдар, азаматтық сектордың және БАҚ өкілдері арасынан сарапшылар тартылған.

Ұйымдастырушылардың ақпараты бойынша, жоба Астана қаласында іске асырылады, кейіннен қалған аймақтарда іске қосылады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары