Қазақстанда тарифтік саясат жөніндегі кеңес құрылады  - Жаңалықтар | BNews

Қазақстанда тарифтік саясат жөніндегі кеңес құрылады 

08 ақпан, 18:21 1579
Қазақстанда тарифтік саясат жөніндегі кеңес құрылады 

Мәжілісте  Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырысы шеңберінде табиғи монополиялар туралы Заң жобасының таныстырылымы өтті.

Тариф белгілеудің ашықтығын арттыру және жұртшылықты осы процеске тарту үшін бірқатар жаңа институт енгізілмек. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин бүгін Мәжілісте "Табиғи монополиялар туралы" заң жобасын таныстыру барысында мәлімдеді, деп хабарлады Baq.kz ақпарат агенттігі.

"Тариф белгілеудің ашықтығы жөнінде уәкілетті органдарға көп сын тағылады. Осы орайда бірқатар жаңа құрылым енгізу көзделіп отыр. Бірінші, тарифтік саясат жөніндегі кеңес. Ол табиғи монополиялар саласындағы реттеудің мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарын талқылау және әзірлеу жөніндегі консультациялық кеңесші орган. Кеңес тарифтік реттеу әдісін белгілеу бойынша уәкілетті органға ұсыныстар енгізеді, табиғи монополиялар субъектісінің инвестициялық бағдарламалар жобаларына ұсыныстарын талқылайды және әзірлейді, тарифтік сметалардың орындалуы туралы есептерді, табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламаларын және реттеліп көрсетілетін қызметтерінің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталуын қадағалайды", - деді ол.

Оның айтуынша, кеңес құрамына Парламент депутаттары, ҰКП өкілдері, қоғамдық ұйымдар, тәуелсіз сарапшылар және т.б. азаматтар кіреді.

Вице-министр тарифтік саясат жөніндегі кеңестен бөлек "табиғи монополиялар қызметі тұтынушыларының қоғамдық бірлестігі" құрылатынын айтты. Бұл – субъектілердің реттеліп көрсетілетін қызмет тұтынушыларының өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында құрылатын коммерциялық емес ұйымы.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары