Қазақстандық мультфильм Португалияда өтетін фестивальде бақ сынамақ - Жаңалықтар | BNews

Қазақстандық мультфильм Португалияда өтетін фестивальде бақ сынамақ

18 шілде, 10:41 1693 Алматы
Қазақстандық мультфильм Португалияда өтетін фестивальде бақ сынамақ

"Күлтегін" мультфильмі ата-бабаларымыздың жанқиярлық ерлігі, бірлігі мен ауызбіршілігін сипаттайды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ жарыққа шығарған "Күлтегін" атты толықметражды анимациялық фильмі Португалияда өтетін Халықаралық кинофестивальдің негізгі бағдарламасына қатысады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. 

Қыркүйектің 14-і мен 15-і аралығында Португалияның Порту қаласында өтетін бұл фестиваль осымен екінші рет өткізіліп отыр. Бұл байқаудың мақсаты португалдық және әлемдік фильмдерді кеңінен насихаттау. Дегенмен, фестиваль ұйымдастырушылары байқаудың басты бағыттарының бірі әлемге әйгілі киногерлермен қатар, танылуына кең мүмкіндіктері бар жаңа есімдерді ашу екенін айтты.  

"Біздің ұлттық фильмнің әлемдік тұсаукесері осындай белді кинофестивальде өтетініне өте қуанып отырмыз. "Күлтегін" фильмі ата-бабаларымыздың жанқиярлық ерлігі, бірлігі мен ауызбіршілігі, олардың тұрмысы мен салт-дәстүрлері  туралы. Күлтегін - бұл тұтас бір дәуірдің тарихи тұлғасы. Сондықтан да фильм батыс көрермендеріне қызықты болатынына сенімдімін. Қазылар алқасының да көңілінен шығып, жүлделі орыннан көрінетінімізге кәміл сенемін",- деді фильмнің режиссері Адай Әбілда.  

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына осы жылғы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" деп аталатын Жолдауының "Адами капитал – жаңғыру негізі" атты бөлігінде ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керектігін атап өткен болатын. 

"Рухани жаңғырудың" мән-маңызы да нақ осында. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс", - деді Мемлекет басшысы Жолдауда.

Естеріңізге сала кетсек, жас режиссер-аниматор Адай Әбілданың қолынан шыққан аталмыш тарихи анимациялық туынды көшпенді халықтардың басын біріктіріп, Ұлы көшпенділердің дәстүрін жалғастырған түрік қағанатының даңқты әскери қолбасшысы Күлтегіннің жастық шағы туралы баяндайды.

"Күлтегін" фильмі шілде айының басында Астана қаласында өткен XIV Халықаралық "Еуразия" кинофестивалінің "Еуразия жүрегінде" атты конкурстан тыс бағдарламасында көрсетіліп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленген болатын.

"Қазақфильм" АҚ-ның баспасөз қызметінің мәліметінше, мульфильм желісі бойынша ұлы түрік мемлекетіне ыдырау қауіпі төнеді. Түркілердің бірлігін сақтап қалған Ұлы Елтеріс қаған жаңа мемлекетті құруды көздеген сатқындардың қолынан мерт болады. Тақтың мұрагері Елтерістің ұлы 12 жасар Күлтегін қашып құтылады. Өзінің туған жеріне оралу үшін ол көптеген қиындықтарды басынан өткізеді. Бұл жолда оған түркілердің жебеушісі Көк Бөрі мен туған бауыры Білге көмекке келеді. Басы біріккен олар жауды жеңіп түркі әлемін құтқарып алады. Білге қағанды таққа отырғызған Күлтегін түркі мемлекетінің әскери қолбасшысы атанады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: