Қазақстандық "Өзен" фильмі Венециядағы кинофестивальде көрсетіледі - Жаңалықтар | BNews

Қазақстандық "Өзен" фильмі Венециядағы кинофестивальде көрсетіледі

25 шілде, 17:33 1671 Алматы
Қазақстандық

Аслан туралы трилогияның соңғы бөлімінің әлемдік тұсаукесері 75-ші Венеция кинофестивалінде өтеді.

Қазақстан режиссері және сценарисі Эмир Байғазин түсірген "Өзен" көркем фильмі Халықаралық Венеция кинофестивалінің "Көкжиектер" атты бағдарламасына іріктеліп алынды, деп хабарлайды BNews.kz "Қазақфильм" АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл конкурстық бағдарламада кинематография саласы дамуының жаңа тенденцияларын ұсынатын көркем және деректі фильмдер көрсетіледі. "Өзен" фильмінің осы бағдарламаға қатысатыны туралы бүгін Венеция кинофестивалінің арнайы баспасөз отырысында белгілі болды.

"Өзен" фильмі Аслан туралы түсірілген трилогияның соңғы бөлімі. Оның алдында түсірілген "Асланның сабақтары"  және "Төрт оқиға" фильмдері 2013 және 2016 жылдары Халықаралық Берлин кинофестивалінің негізгі бағдарламасында көрсетілген болатын.

"Өзен" фильмі өркениеттен алыс  жерде тұратын, қаладан келген қонақтан кейін өмірлері күрт өзгере бастаған  бес ағайынды туралы баяндайды. Фильмнің түсіру жұмыстары Оңтүстік Қазақстан облысында жүргізілді. Картинада басты рөлдерді Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған кәсіби сауаты жоқ актерлер сомдады. Айта кетсек, бұл картинада Эмир Байғазин қоюшы оператор және бас продюсер қызметін атқарған.

"Екі жыл ішінде фильм түсірілімі барысы туралы ешқандай да ақпаратпен  бөліспеген едік, енді міне көрерменге ұсына алатынымызға қуаныштымыз",  - деді Эмир Байғазин.

Мерейтойлық Халықаралық Венеция кинофестивалі 2018 жылы 29 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді.

Былтыр режиссер Эмир Байғазиннің есімі "Рухани жаңғыру" бағдарламасы  аясында жалпыхалықтық онлайн-дауыс беру  арқылы құрастырылған "Қазақстанның 100 жаңа есімі" тізіміне кірген.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: