Қазақстандық студент қыз Сингапурда электромобильдер жарысына қатысты - Жаңалықтар | BNews

Қазақстандық студент қыз Сингапурда электромобильдер жарысына қатысты

20 наурыз, 12:32 4719 Астана
Қазақстандық студент қыз Сингапурда электромобильдер жарысына қатысты

Студенттер "Электрлік батареямен жүретін электромобиль прототипі" санатында сайысты.

Қазақстандық студенттер Сингапурда өткен электромобильдер жарысына қатысты, деп хабарлайды BNews.kz Назарбаев Университетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Назарбаев Университетінің технопаркінде "NU Team" бірегей ультра-энергиялық тиімді автомобильді құрастыру бойынша бірнеше айға созылған қызу жұмыстан кейін олар өз машинасына әлемдегі ең беделді студенттік жарыстардың бірінде сынақ жүргізді. Автомобильді инженерия, Ғылымдар және технологиялар, Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектептерінің студенттері жобалады және құрастырды.

"Біздің жас және дарынды инженерлер Сингапурдағы "ShellEco-MarathonАsia 2018" байқауында Электрлік батареямен жүретін электромобиль прототипі санатында 26 орыннан 13-орын алды!" - деп атап өтті университеттің баспасөз қызметі.

ShellEco-Marathon бағдарламасының Азиялық кезеңі 8-11 наурыз аралығында "MaketheFutureSingapore" идеялар мен инновациялар төрткүндік фестивалінің шеңберінде өтті. Әсерлі жарыста Азия-Тынық мұхит өңірі және Таяу Шығыстың 18 елінен 120 студенттік команда өздерінің энергиялық тиімді автомобильдерін сынады. 

NU Team автомобилі техникалық инспекциядан табысты өтіп, тек энергиялық тиімділігін ғана емес, сонымен қатар жүргізушінің шеберлігін көрсетті. Автомобильдің футуристикалық дизайны және оның жүргізушісі Тамила Таласбаева БАҚ-тың назарында болды. Команда жүргізудің түрлі тактикасын қолданды және әркез энергия тұтыну көрсеткіштерін жақсарта білді. 

Бұл жоба студенттерге техникалық дағдыларын дамытуға, сондай-ақ басқару және менеджмент саласында тәжірибе алуға мүмкіндік берді. Қатысушыларға Shell in Kazakhstan, Nazarbayev University, NURIS және Nazarbayev University Social Development Fund үлкен қолдау көрсетті. NU Team-ның жарысқа қатысуы студенттердің келесі буынына жол ашты.

Ұқсас жаңалықтар