Қазақстандық тележүргізушілер "Тұмар" сыйлығымен марапатталды - Жаңалықтар | BNews

Қазақстандық тележүргізушілер "Тұмар" сыйлығымен марапатталды

17 наурыз, 09:21 3235 Астана
Қазақстандық тележүргізушілер

Мүсіншелерді танымал қазақстандықтар табыстады, олардың қатарында Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та бар.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қазақстандық тележүргізушілерге "Тұмар" ұлттық телевизия сыйлығын тапсыру рәсіміне қатысты, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеп.

Гүлшара Әбдіқалықова ұлттық телевизия сыйлығын тапсыру рәсімін ашып, Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді.

Құттықтауда 1958 жылдың көктемінде жұмысын бастаған Қазақ телевизиясының бүгінде жоғары технологияларға арқа сүйейтін ауқымды салаға айналып отырғаны айтылған. Ол үздік техникамен жабдықталған телеарналарды қамтиды және бұл салада мыңдаған кәсіби мамандар еңбек етуде. Әсіресе қазақ телевизиясының қара шаңырағы – "Қазақстан" ұлттық телеарнасының алатын орны ерекше.

"Мемлекет қазақ телевизиясының заман талабына сай дамуы үшін барлық мүмкіндіктерді жасауда. ТМД аумағында баламасы жоқ "Қазмедиа орталығы" – осының айқын дәлелі", – делінген құттықтау хатта.

Елбасының құттықтауы оқылғаннан кейін "Тұмар" телевизиялық сыйлығын тапсыруға арналған салтанатты рәсім өтті.

Іс-шара барысында Мемлекеттік хатшы қазақ телевидениесінің құрылу тарихына және қазақ телевидениесінің 60 жылдық мерейтойына арналған көрмені аралап көрді.

Шараға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар басшылары, қоғам қайраткерлері, телевизия саласының ардагерлері, республикалық телеарналар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Айта кетейік, "Тұмар" сыйлығы 2017 жылы тағайындалды. Ол телевизия өнері саласындағы жоғары жетістіктер үшін беріледі және Қазақстан телевизиясының сапасын арттыруға, дарынды кәсіби мамандарды қолдауға арналған.

2018 жылы осы сыйлыққа ұсынылған жұмыстар 14 номинация бойынша қабылданды. Астананың 20 жылдық мерейтойы мен қазақ телевизиясының 60 жылдығына арналған номинациялар да бар.

Еске сала кетейік, конкурсқа барлығы 400-ге жуық өтінім ұсынылған. Олардың саны өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есе артқан. Ұсынылған 397 конкурстық өтінімнің 355-і қарауға қабылдады.

Бұған дейін "Тұмар" ұлттық телевизиялық бәйгесіне қатысуға өтінімдер 1-наурызға дейін қабылданатынын хабарлағанбыз.

Ұқсас жаңалықтар

`