Қазақстандық жас сәулетшілердің болашағынан үлкен үміт күтуге болады – шетелдік сарапшы - Жаңалықтар | BNews

Қазақстандық жас сәулетшілердің болашағынан үлкен үміт күтуге болады – шетелдік сарапшы

18 шілде, 18:25 1065 Астана
Қазақстандық жас сәулетшілердің болашағынан үлкен үміт күтуге болады – шетелдік сарапшы

Елордада өткен Халықаралық сәулетшілер конгресіне қатысқан шетелдік сарапшылар қазақстандық жас сәулетшілерге бағасын берді.

Астанада 16-18 шілде аралығында өткен Халықаралық сәулетшілер конгресі жұмысының қорытындысына арналған баспасөз конференциясында шетелдік сәулетшілер Қазақстандағы сәулет өнеріне және жас мамандардың жұмысына өз бағасын берді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Мен қазақстандық жас сәулетшілердің деңгейіне баға беремін деп айта алмаймын. Бірақ Қазақстандағы жас сәулетшілердің шетелде, халықаралық деңгейде білім алу тенденциясын байқап отырмын. Сондықтан да жас сәулетшілер халықаралық деңгейде білім алғаннан кейін Қазақстанға келіп, Қазақстанның жергілікті дәстүрлерін негізге ала отырып өз жұмыстарын жалғастырса, бұл Астананың, жалпы Қазақстанның сәулет өнерінің сапасын өте қатты арттырады деп ойлаймын", - деді британиялық сәулетші Кристиан Мэйл.

Сонымен қатар, ол қазақстандық жас сәулетшілерге қандай бағытта жұмыс істеу керек екеніне тоқталды.

"Менің ойымша, Қазақстанның жас сәулетшілері өз елдерінің өнеркәсібін дамытуға атсалысуы керек. Елдеріңізде кәсіпорындар дамыса, сол кәсіпорындарда сәулетшілерге қажетті материалдарды шығару дамыса, бұл -Қазақстандағы сәулет өнерінің сапасын жаңа деңгейге шығарар еді", - деді Кристиан Мэйл.

Өз кезегінде, бұл сапары Астанаға алғаш келуі екенін алға тартқан Халықаралық сәулетшілер одағының мүшесі және БҰҰ-ның сарапшы-сәулетшісі Истелианна Атанасова британиялық әріптесінің ойын жалғады.

"Әріптесім Кристиан екеуміз Астанаға алғаш келіп отырғандықтан бізге қаланы аралатып көрсетті. Әрине, Астана өте әдемі, Астанада салынған қай жоба болса да көз тоярлықтай. Алайда өз басыма мейлі жас, мейлі тәжірибелі болсын, бір топ қазақстандық сәулетшілер жасап шығарған "Балық" көпірі (Есіл өзені арқылы өтетін велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге арналған көпір – редактордың ескертуі) қатты ұнады. Осыған қарап отырып қазақстандық жас сәулетшілердің болашағынан үлкен үміт күтуге болады, себебі олар бүгіннің өзінде талантты, білікті маман екенін көрсетуде", - деп толықтырды Истелианна Атанасова.

Айта кетейік, көпірдің дизайны сәулет өнерінің әлемдік үрдісіне сәйкес келеді. Оның сырт келбеті заманауи үлгіге сай, ал жаяу жүргіншілерге арналған ішкі жағы жарық пен көлеңкенің қызықты көрінісін бейнелейді. Көпір саябақ аймағындағы жаяу жүргіншілер легі мен велосипед желісін Есіл өзенінің оң жағалауымен жалғайды.

Велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге арналған көпірдің жалпы ұзындығы – 313,5 метр, ені – 10,5 метр. Көпірде жаяу жүргіншілерге арналған алты метрлік жолақ, велосипедшілерге арналған үш метрлік жолақ, сондай-ақ ені 0,5 метр болатын қауіпсіздік жолағы және 0,5 метрлік шарбақты қоршауға арналған екі жолағы бар. Көпір жабындысы үшін литакрил пайдаланылған. Бұл нысан ауа райы жағдайы ескеріле отырып салынған. Оны жобалағанда желдің әсері де есепке алынған. Салмағы – 1920 тонна. 

Аталған көпірді және велосипед инфрақұрылымын "Өңірлердің Астанаға тартуы" жобасы аясында Атырау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола және Жамбыл облыстарының әкімдіктері тұрғызды.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа көпір Атырау облысының елорданың 20 жылдық туған күніне жасаған лайықты тартуы екенін және оның тұрғындары мен қонақтарына ұзақ жылдар бойы қызмет ететінін атап өткен болатын.

16 шілдеде Астанада елорданың 20 жылдығына орай Мәдениет және спорт министрлігі, Астана әкімдігі мен Қазақстан сәулетшілер орталығымен бірлесе ұйымдастырылған Халықаралық сәулетшілер конгресінің ашылу рәсімі өтті.

Конгреске алыс және жақын шетел сәулетшілері, үкімет пен бизнес өкілдері, еліміздің барлық облыстары мен республикалық маңызы бар қалаларынан (Астана, Алматы, Шымкент) отандық сәулетшілер, девелоперлер, технологиялық компаниялар, жобалау бюролары, инженер-жобалаушылар, жоғары оқу орындарының сәулет өнері факультетінің студенттері, қала белсенділері, урбанистер, қазіргі заманғы суретшілер, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Өткізілген конгрестің мақсатына тоқталар болсақ, кәсіби тәжірибе алмасу, әлемдік сәулет өнерінің дамуының концептуалдық-теориялық бағыттарымен және оның негізгі тенденцияларымен танысу; қазақстандық және шетелдік жетекші сәулетшілермен шығармашылық байланыстар орнату; қоғамдағы сананың ашықтығын қалыптастыру – сәулет өнеріндегі ұлттық мәдениеттің үздік дәстүрлерін сақтай отырып, прогрессивті әлемдік тәжірибе мен білімді қабылдау қабілеттілігін қалыптастыру арқылы заманауи отандық сәулет өнерін дамыту болды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: