Қазақстандық "Моцарт" Чайковскийдің жеке роялінде ойнады

21 қыркүйек, 2018, 09:58 4065
Қазақстандық

Ол мұндай құрметке ие болған тұңғыш қазақстандық музыкант.

Қазақтың "Моцарты" атанып кеткен жас дарынды музыкант, композитор, пианист Рахат-Би Әбдісағин Ресейдің Клин қаласында концерт беріп, әйгілі Петр Чайковскийдің жеке роялінде ойнады. Ол мұндай құрметке ие болған тұңғыш қазақстандық музыкант. Әлемдік классиканың жауһарларын жоғары деңгейде орындаған дарын иесінің таланты көпшілікті еріксіз тәнті етті, деп хабарлайды BNews.kz Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Клин қаласындағы 2 қабатты ағаш үй Ресейде ғана емес, бүкіл әлемге танымал. Орыстың атақты композиторы Петр Чайковский өз өмірінің соңғы 2 жылын осы жерде өткізген. Қазір бұл ғимаратта әйгілі музыканттың мұражайы орналасқан.

Клин қаласына арнайы шақыртумен келген Рахат-Би Әбдісағинды Чайковский мұражайының басшылығы құшақ жая қарсы алды. Жерлесіміз алдымен әйгілі композитордың ескерткішіне гүл қойып, тағзым етті. Содан соң ол өзі жазған бірқатар симфониялық портетураларын мұражайға тапсырды. Ал, Ресей тарапы жерлесімізге дисклавир аспабын сыйға тартты.

"Жас музыканттар – әлемнің Елшілері" деген үлкен халықаралық бағдарлама. Рахат-Би Әбдісағин осы жобаның аясында алғаш болып концерт беру мүмкіндігіне ие болған музыкант. Сондай-ақ, ол Чайковскийдің жеке роялінде ойнау құрметіне бөленген тұңғыш қазақстандық пианист.

П.И.Чайковский атындағы жастар байқауының бас дирижері Юрий Ткаченко Рахат-Бидің сегіз қырлы, бір сырлы жан екенін айтып өтті.

"Рахат-Би қазір үлкен жетістікке жеткен тұлға. Ол композитор ретінде, пианист ретінде және өнерді зерттеуші ғалым ретінде де еңбектеніп жүрген сегіз қырлы, бір сырлы жан. Сондықтан, бұл жобаға қазақ музыкантын шақыртуымыз тегін емес. Осы арқылы біз тұтас қазақ өнеріне өз ілтипатымызды көрсетіп отырмыз", - деді Юрий Ткаченко.

Қазақ музыканты өз концертін қазақ музыкасынан бастады. Содан соң Ференц Лист, Шопен, Чайковский сынды әлемге танымал композиторлардың классикалық туындыларын ойнады.

Композитор, пианист Рахат-Би Әбдісағин Чайковсийдің роялінде ойнау әйгілі музыканттың өзімен сөйлескенмен бірдей дүние екенін айтты.

"Мен өте қуаныштымын. Бұл мен үшін сөзбен айтып жеткізе алмайтын бақытты сәт. Чайковсийдің роялінде ойнау әйгілі музыканттың өзімен сөйлескенмен бірдей дүние. Бұл аспапта Чайковскийдің рухы, оның жан-дүниесі бар. Барша адамзаттың зор құндылығы саналатын затты ұстап көру дегеніміз өте керемет", - деді пианист.

19 жастағы дарын иесі – 100-ден аса музыкалық шығарманың авторы. 13 жасында студент, 18 жасында докторант атанған Рахат-Би Әбдісағин қазір Италияда білімін шыңдап жатыр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар