Қазақстандықтар теледидар қарауға күніне екі сағат жұмсайды – Абаев - Жаңалықтар | BNews

Қазақстандықтар теледидар қарауға күніне екі сағат жұмсайды – Абаев

28 ақпан, 19:53 1564 Астана
Қазақстандықтар теледидар қарауға күніне екі сағат жұмсайды – Абаев

Телеарналар мемлекеттік тапсырыс бойынша тарихи сипаттағы бағдарламалар дайындауды жалғастыруда.

Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырмасы бойынша республикалық телеарналар мен радио "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған бағдарламалар әзірлеген болатын. Бұл туралы "Нұр Отан" партиясы жанындағы Мирас республикалық кеңесінің отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлімдеді , деп хабарлайды BNews.kz.

"Рухани жаңғыруымыздағы ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының орны зор. Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің арнайы жүргізген әлеуметтік зерттеулері бойынша қазақстандықтар теледидардан ақпарат алуға күнделікті 120 минутын жұмсайды екен. Салыстырмалы түрде, интернет-ресурстар мен баспасөздегі ақпаратты оқуға 60 және 45 минутын арнайтыны анықталды", - деді Дәурен Абаев.

Министр мемлекеттік тапсырыс аясында отандық және коммерциялық телеарналар мен радиолардың еліміздің тарихын, әдет-ғұрпын насихаттайтын бағдарламалар дайындап жатқанын атап өтті.   

"Хабар 24" пен Qazaqstan арналары "Інжу-Маржан" атты 100 циклды құрайтын 30 бағдарламалық бейнероликті ротациялады. Сонымен қатар, "Хабар" телеарнасы "Болашаққа бағдар", "Сана" жобаларын жарыққа шығарды. Шет мемлекеттерде тұратын қандастарымыз үшін "Kazakh TV" телеарнасы үнемі ақпарат таратуда. Онда жаңалықтардан бөлек, еліміздің жетістіктерін насихаттауға бағытталған алты циклдық бағдарлама бар", - деп атап өтті Ақпарат және коммуникациялар министрі.  

Министрлік Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасын жүзеге асырған. Қазір жоба қатысушылары туралы деректі фильмдер мемлекеттік телеарналардың эфирінен таратып жатыр.

"Рухани жаңғыру" мақаласында айтылған басым бағыттардың орындалуына байланысты 2017 жылы атқарылған іс-шаралар туралы "Жаңғыру жолы. Жаңа тұрпат"  атты деректі фильмі көрермен назарына ұсынылған.

Ұқсас жаңалықтар