"Қазгидромет" ауа райын жаңа жүйемен болжайды - Жаңалықтар | BNews

"Қазгидромет" ауа райын жаңа жүйемен болжайды

20 ақпан, 16:02 829

Энергетика министрдің сөзінше, синоптиктер ауа райы болжамын апта сайын беретін болады.

Бүгін ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2018 жылдың су тасқыны кезеңіне дайындық туралы ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев баяндады, деп хабарлайды BNews.kz PrimeMinistr.kz-сілтеме жасап.

Өз баяндамасында Қанат Бозымбаев жедел гидрометеорологиялық ақпаратпен қамтамасыз ету үшін "Қазгидромет" РМК 310 гидрологиялық бекетті, 339 метеорологиялық станциялар мен бекетті, сондай-ақ екі қар көшкіні станциясын қамтитын мемлекеттік бақылау желісінде бақылау жүргізетінін айтып өтті.

Су объектілерінде шұғыл өзгеріс туындаған жағдайда барлық гидрологиялық бекеттер әр төрт сағат сайынғы жиілетілген бақылауға ауысады.

Бұдан өзге, апатты гидрологиялық құбылыстар туындаған жағдайларда ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне, ҚР АШМ Су ресурстары комитетіне және жергілікті атқарушы органдарға ескертуді жеткізу схемасы жұмыс істейді.

Үлкен, болжамдардың есептерінде есепке алынбаған қар қоры бар жыралардағы ылғалдылық қорын анықтау үшін "Қазгидромет" филиалдары және аймақтық төтенше жағдайлар департаменті мамандарымен бірлесіп негізгі жазық өзендердің барлық алаптарында қар-батпақта жүргішпен экспедициялық маршруттық айналымдар жүргізіледі.

"Қазгидрометтің" су тасқыны кезеңіндегі негізгі гидрологиялық болжамдары мүдделі мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктеріне 2018 жылдың 1 наурызынан бастап апта сайын әр үш күн сайынғы нақтылаумен жеті күн алдын ала ұсынылатын болады", - деп хабарлады Қанат Бозымбаев.

Сондай-ақ, энергетика министрі "Су тасқыны қатерлерінің алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған шаралар кешені" жол картасы шеңберінде жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

2017 жылдағы және 2018 жылғы 1 ақпандағы жай-күй бойынша өзендер алаптарындағы ылғал қорының жиналуы туралы анықтамалық-консультациялар мүдделі мемлекеттік органдарға уақытылы жіберілді.

"Жалпы жиналған ылғал қорын талдау, топырақ тоңдануының тереңдігі және су қоймаларының 70-90%-ға толуы көрсеткендей, бірден көктем шыққан жағдайда Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарындағы елді мекендерді, инфрақұрылым нысандарын су басу қаупі болуы мүмкін", - деп мәлімдеді Қанат Бозымбаев.

Энергетика министрі баяндамасын аяқтаған соң ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қанат Бозымбаевқа жергілікті органдардың су тасқыны қаупінің алдын алу бойынша бірқатар қажетті шараларды қабылдамауына себеп болуы мүмкін Қазгидромет болжамдарының уақыттылылығын қамтамасыз ету бойынша сұрақ қойды.

"Болжам жасау жүйесі өзгерді. Егер бұрын үш ай алға гидрологиялық болжам жасасақ, енді 1 наурыздан бастап жаңа жүйе – жеті күндік алдын ала болжамға көшеміз. Оның ықтималдығы 90%-дан асады. Әр үш күн сайын түзету жасалады. Яғни барлық мемлекеттік органдар климаттық және басқа да өзгерістер туралы ақпаратты үлкен ықтималдылықпен алып отырады", - деп жауап берді Қанат Бозымбаев.

Сондай-ақ, оның айтуынша, болжам жасау кезінде жаңа тәсілдер қолданылады: математикалық үлгілер, радарлардың көмегімен зерттеулер.

"Біздің қызметтер үшін айта алмаймын, бірақ “Қазгидромет” орындалу ықтималдығы 90%-дан асатын болжамдарды беретіні нақты", - деп түйіндеді Қанат Бозымбаев.   

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары