Қазір домбыраға деген сұраныс өте жоғары – шебер - Жаңалықтар | BNews

Қазір домбыраға деген сұраныс өте жоғары – шебер

18 маусым, 2018, 15:03 3225 Астана
Қазір домбыраға деген сұраныс өте жоғары – шебер

Қазақтың ұлттық аспап шебері Ділманов Нұржан Қыдырбайұлының айтуынша, домбыраға деген сұраныс күн санап артып келеді.

Таяуда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізде жаңа мереке – Ұлттық домбыра күні енгізілгенін жариялаған болатын. Жарлықта бұл күннің "қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында" аталып отыратыны айтылған.

Ұлттық домбыра күні шілденің бірінші жексенбісінде аталып өтеді. Яғни, бұл мереке биыл 1 шілдеге сәйкес келіп тұр. Осы орайда қазіргі уақыттағы домбыраға деген сұраныстың қаншалықты жоғары екенін білу мақсатында, ұлттық аспап шебері Нұржан Қыдырбайұлымен BNews.kz тілшісі сұхбаттасқан еді.

Жалпы домбыра жасауды алғаш кімнен үйрендіңіз?

Менің домбыра жасауға деген қызығушылығым 2000 жылдары оянды. Сол жылдары Алматы қаласындағы Шертер компаниясына жұмысқа кіріп, домбыра жасауды үйрене бастадым. Ұстаздарым Келгенбаев Сейдахмет, Ділманов Сапарбек Әліұлы, Діламанов Мейірбек, Оқанов Нарбек есімді ағалардан үйреніп, өнерімді шыңдадым. Алматыда ұлтық аспаптар бойынша  осындай шеберлер дайындайтын тамаша орын бары көңілді қуантады. Ол жерде 50-ден астам шебер жұмыс жасайды. Қазір осы орталықтың филиалы Астана қаласында да ашылып жатыр. Осы домбыра жасаудың қыр-сырын үйреткен ұстаздарыма деген алғысым шексіз. Домбыраны қалай жасау керек, қай ағашты таңдау керек, қайсынан дыбыс жақсы шығады мұның бәрін домбыра шебері білуі тиіс. 

Домбыра жасаудың неше түрі бар?

Домбыра шауып жасалған және құрап жасалған домбыра деп екіге бөлінеді. Мысалы құрама домбыраның шанағының қалыңдығы 2,5-3 мм болады. Оны жасау шаппа домбыраға қарағанда оңайлау болып келеді. Ал шаппа домбыраны бүтін ағаштан үңгіп алып жасайды, оның жұмысы қиындау. 

Домбыра жасаған кезде қандай ағаштар қолданасыз?

Жергілікті өзіміздің елімізде өсетін қараағаш, қайың, емен  ағашын қолданамыз. Сосын балқарағайды да пайдаланамыз. Енді қатты ағаштар шет елден келеді. Алыс шет елден келетін ағаштардың бағасы ды қымбаттау  болады. Өйткені олардың біздікіне қарағанда тығыздығы мықты болады. Ағаштың өзі қымбат келгесін, осы ағаш түрінен жасалған музыкалық аспап бағалары да жоғары болады.

Жалпы домбыра неше түрге бөлінеді?

Жалпы домбыра, жұмыр домбыра және қалақ домбыра болып екіге бөлінеді. Мысалы жұмыр домбыраны Жамбыл атамыздың домбырасы дейді, ал қалақ домбыраны Абай атамыздың домбырасы дейді. Ал соның ішінде әннің домбырасы және күйдің домбырасы болып екіге бөлінеді.

Сіз қай домбыраны көп жасайсыз?

Маған қай түрінен тапсырыс түссе, соны жасаймын. Мен жалпы аспаптың елу екі түрін жасаймын. Оның ішінде домбырадан бөлек, жетіген мен контрабасқа деген сұраныс та өте жоғары.

Ал жалпы домбыраға деген сұраныс қандай?

Қазір домбыраға деген сұраныс өте жоғары. Жалпы ұлттық бұйымдарға, ұлттық аспаптарға қазір көп көңіл бөлініп жатыр. Кезінде жасаған домбырамыз өтпейтін кездер де болған. Ал қазір мүлдем басқаша. Қазір тапсырыспен жақсы бағалап сатып алады. Домбыра сапалы болса жақсы алады.Мен өзім жасап отырған ең арзан домбыра 25000 теңге болса, ең қымбаты 300 000 теңгеге дейін барады. Ал жетіген, контрабастар үлкен музыкалық аспап болғандықтан, олардың бағасы одан да жоғары болады.

Бір домбыра жасауға шамамен қанша уақыт кетеді?

Бір домбыра жасау үшін шамамен, бір апта уақыт кетеді. Бір домбыраны емес, 3-4 домбыраны бірден бастаймыз да кезекпен бәрін жасаймыз. Егер ағаштың бәрі кеуіп дайын болып тұрса, үш күнде бір домбыра жасап шығаруға болады.

Осы уақытқа дейін қанша домбыра жасадыңыз?

Екі мыңнан аса домбыра жасап шықтым. Олардың басым бөлігі енді үйренуге арналған домбыралар. Домбыра үйреніп жүрген балалар өте көп. Бұл меніңше біздің ұлттық өнеріміз бен ұлттық апсаптарға деген ықыластың артқанының үлкен көрсеткіші болып табылады.

Жалпы танымал музыкант, әнші-күйшілер арасында домбыраңызды сатып алғандар бар ма?

Әрине бар. Мысалы Шәміл Әбілтаевқа шаппа домбыра жасалды, Алтынбаек Қоразбаев ағамызға, Ринат Зайытовқа, Саят Медеуовке кезінде жасадым.

Шәкірт тәрбиелейсіз бе?

Осы ойымды енді жүзеге асырсам ба деп жүрмін. Жақында Алматыдан үйренем деген шәкіртім келеді. Қасыма ертіп осы уақытқа дейін бар түйгенімді үйретемін деп ойлаймын.

Шет елден тапсырыспен домбыра алатындар бар ма?

Әрине бар. Бірнеше рет Қытайға тапсырыс бойынша оркестр жібердік, толық комплект, сондай-ақ  Моңғолияға да жібердік оркестр. Біз көрмелерге көп шығамыз. Сол көрме арқылы бізді біліп, тауып тапсырыс беретін азаматтар көп. Қазір Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған Этноауылдағы көрмедеміз. Онда шеберлердің қолынан шыққан барлық ұлттық музыкалық аспаптар мен бұйымдар қойылған. Үш ай бойы осы көрмеде боламыз. Көрмені келіп, көріп жатқан отандастарымыз бен шет елдік қонақтар өте көп.

Ал өзіңізге қандай күй ұнайды?

Адай күйі, Салтанат күйі ұнайды, кез-келген күй ойнағанда делебең қозып, ерекше күйге бөленесіз. Енді бір күйлер шаршағаныңды басады ғой. Күй деген тамаша. Қазақ халқының басқа халықтардан ерекшеліктерінің бірі ол өзінің ұлттық музыкасының болуы. Атадан балаға жеткен, қадірлеп көзінің қарашығындай сақталып, қымбат қазынаға айналды. Қаймағы бұзылмай жеткен бұл өнердің бір шыңы домбыра күйлері. Бұл мұра ғасырдан ғасырға іріктеліп, сұрыпталып,  түрленіп жеткен халықтың өзімен бірге дамып, қалыптасып отырған. Әр қазақтың үйінің төрінде әрдайым домбыра ілулі тұрған немесе үй-ішінің біреуі домбырада күй шертпейтін отбасы қазақ арасында кемде-кем болған.

Шілде айының алғашқы жексенбісі домбыра күні болып белгіленді. Сіздің пікіріңіз?

Домбыра – қылыштан өткір, құрыштан берік арналы қасиетті аспап, домбыра - сан ғасырлардан бері сырын сақтаған, қазақ даласында кеңінен танымал аспабы болып табылады. Осы орайда, қазақтың домбырасының мәртебесін көтеріп жатқаныныа өте қуандым. Киелі домбыра әр қазақтың үйінде тұрғаны дұрыс деп ойлаймын. Үлкен алғысымды білдіремін. Бұл жастар үшін үлкен өнеге деп ойлаймын.

Сұхбатыңызға үлкен рахмет!

Айта кетейік, елордада бүгін Ұлттық домбыра күнін мерекелеу жоспарына арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Баспасөз мәслихатында Ұлттық домбыра күнінің құрметіне Астанада 1 шілдеде халықтық серуеннің өтетіні белгілі болды. Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов атап еткендей, ауқымды шараға келушілер қазақтың ұлттық аспаптары музейінің қонағы болмақ.

"Домбыраның күмістей сыңғырлаған үні төгіліп тұратын мұндай ауқымды шара елордада бұрын-соңды болмаған. Халықтық серуен 1 шілдеде "Қазақ Елі" монументінің алдындағы алаңда өтеді. Мұнда киіз үйлер тігіліп, қазақ ұлттық аспаптарының музейі жұмыс істейді. Қонақтар Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Ахмет Жұбанов сияқты ұлы тұлғалар, музыканттар ойнаған домбыраларды өз  көзімен көреді. Келушілер назарына киіз үйлердің ішінде қазақ халқының басқа да ұлттық аспаптарының түр-түрі қойылып, домбыра жасау барысы көрсетілетін болады. Музыканттар халық шығармаларын орындайды, Ортеке өнерін көрсетеді", – деді Болат Мажағұлов.

Мерекенің көркін еліміздің мыңдаған музыкант-домбырашысының қатысуымен өтетін "Домбыра – асыл мұра" концерті ашады.

Сахна төрінде Айгүл Үлкенбаева, Нұржан Тәжікенов, Асылбек Еңсепов, "Арт Домбыра" триосы, МузАрт, Секен Тұрысбек, Бекболат Тілеухан, Айтқалы Жайымов, Айтжан Тоқтаған ағаларымыз өнер көрсетеді. Мұнымен қоса, көрермен қауым Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық аспаптар оркестрі, "Отырар Сазы" ұлттық аспаптардың фольклорлық-этнографиялық оркестрі, Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясының ұлттық аспаптар оркестрі, Тәттімбет атындағы академиялық ұлттық аспаптар оркестрі және Ақтау қаласының Қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің өнерін тамашалайды деп күтілуде.

Айта кетейік, Ұлттық домбыра күнінің құрметіне өтетін серуенде ниет білдіргендердің барлығы сахнаға шығып, домбырада ойнау өнерін көрсете алады. Негізгі талап: домбырашылар "Көңіл ашар", "Адай", "Балбырауын", "Ерке Сылқым", "Сарыарқа" күйлерін жатқа білуі қажет. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар