Келер жылдан бастап 10-11 сыныптарда төрт пән ағылшын тілінде оқытылады - Жаңалықтар | BNews

Келер жылдан бастап 10-11 сыныптарда төрт пән ағылшын тілінде оқытылады

03 сәуір, 13:16 1677 Астана
Келер жылдан бастап 10-11 сыныптарда төрт пән ағылшын тілінде оқытылады

Олар жаратылыстану бағытының "Физика", "Химия", "Биология" және "Информатика" пәндері.

2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда жаратылыстану бағытының "Физика", "Химия", "Биология" және "Информатика" пәндерін ағылшын тілінде оқытуға даярлық жүргізілуде. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2017 жылы ҚР білім беру мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындысы туралы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндады, деп хабарлайды BNews.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Білім және ғылым министрінің айтуынша, 2017 жылы 64,4 мың орынға 849 мектепке дейінгі мекеме ашылды, оның 717-сі жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар. 3-6 жас аралығындағы балалардың балабақшаға кезектілігі өткен жылмен салыстырғанда 25,3%-ға азайып, бүгінде 125,2 мың адамды құрады. 2017 жылы еліміздегі балабақшалардың орта есеппен 15%-ы инклюзивті білім беруге жағдай жасаған.

Орта білім беру саласында жаңартылған білім мазмұнына көшу жалғасуда. 2017-2018 оқу жылында 1, 2, 5 және 7 сыныптар жаңа жүйеге көшірілді. 5 күндік оқу аптасы енгізілді.

ТжКБ саласында оның сапасын, қолжетімділігін және тартымдылығын арттырудың жаңа тәсілдері әзірленді. 2017 жылғы 1 қыркүйектен бастап 260 біліктілік бойынша жаңа модульдік бағдарламалар енгізіле бастады, онда мамандықтың 3 біліктілігін игеру қарастырылған.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2017 жылдан бастап 583 колледжде "Баршаға арналған тегін ТжКБ" жобасы іске асырылуда. 100,8 мың адамға мемлекеттік тапсырыс берілген, оның ішінде 21 мыңы – Өнімді жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша.

Жоғары білім беру саласында ЖОО-лардың академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту үшін тиісті заң жобасы әзірленіп, ҚР Парламенті Мәжілісіне енгізілген. QS WUR әлемнің үздік университеттерінің рейтінгісіне 2017 жылы қазақстандық 8 ЖОО кірді.

"Ғылым саласында ғылым мен экономиканың шынайы секторының өзара байланысын күшейту және ғылыми қызмет нәтижелерін коммерциаландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың гранттық қаржыландыруы аясында 12 жоба іске асырылды", - деді Ерлан Сағадиев.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев бүгінде Жолдауды және Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыруға байланысты білім беру жүйесіне өте маңызды міндеттер жүктелгенін атап өтті.

Осыған орай Білім және ғылым министрлігіне мемлекеттік бағдарламаны жандандыру бойынша жұмыстарды жеделдету және жоғары білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру және студент жастардың жатақханадағы жағдайларын жақсарту бойынша Бес әлеуметтік бастаманы іске асыру жөніндегі Елбасы тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары