Келесі жолы баяндамамды толық қазақша жасаймын – Сағадиев - Жаңалықтар | BNews

Келесі жолы баяндамамды толық қазақша жасаймын – Сағадиев

27 ақпан, 15:44 833 Астана
Келесі жолы баяндамамды толық қазақша жасаймын – Сағадиев

Бүгін Үкімет отырысы толық мемлекеттік тілде өтті.

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев өзінің баяндамасының негізгі бөлімін қазақ тілінде жасады, сонымен бірге ол орыс тілінде түсініктеме беріп отырды. Алайда бүгінгі отырыста сөз алған көптеген министрлер тек қазақ тілінде ғана сөйледі, деп хабарлайды BNews.kz.

"Бүгін отырыста менің баяндамамның 95%-ы қазақ тілінде болды, баяндамам толық мемлекеттік тілде болуы үшін қазір мен қолымнан келгеннің бәрін жасап жатырмын. Келесі жолы мен баяндамамды жүз пайыз қазақ тілінде жасаймын. Келістік пе?", - деп атап өтті Ерлан Сағадиев Үкімет отырысынан кейін.

Журналистер министрден "Қазақ тілінде баяндама жасау қиын ба?" деп сұрады.

"Бұл бірден басталмайды ғой. Келесіде толық мемлекеттік тілде сөйлеймін", - деп жауап берді ҚР БҒМ басшысы.

Сондай-ақ, ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев те журналистерге ведомствоның 100% қазақ тіліне көшуге дайын екендігін айтты.

"Байтерек" ҰБХ" АҚ басқарма төрағасы Айдар Арифханов та журналистерге екі жылдан бері қазақ тілін үйреніп жатқанын айтты.

"Тапсырма орындалуы тиіс. Орындаймыз. Бұрын баяндама жартылай қазақша, жартылай орысша болатын. Енді тек қазақ тілінде жасалады", - деді Айдар Арифханов.

Айта кетейік, осыған дейін бүгінгі Үкімет отырысы Елбасының тапсырмасынан кейін мемлекеттік тілде өтіп жатқанын хабарлаған болатынбыз.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары