Келіңіздер, сіздерге барлық жағдай жасалатын болады – ҚР ИДМ грек инвесторларына - Жаңалықтар | BNews

Келіңіздер, сіздерге барлық жағдай жасалатын болады – ҚР ИДМ грек инвесторларына

05 ақпан, 15:47 577 Астана
Келіңіздер, сіздерге барлық жағдай жасалатын болады – ҚР ИДМ грек инвесторларына

Қазақстан грек инвесторларына қолдау көрсетуге дайын. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан II Қазақстан-Грекия бизнес-форумында ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Арыстан Қабыкенов мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz

Бүгін Астанада II Қазақстан-Грекия бизнес-форумы болып өтті, оған екі елдің бизнес-шеңберінен 200-ден астам өкіл қатысты – шетелдік сарапшылар мен инвесторлар, ҚР Үкіметінің, ұлттық компаниялар, қаржы институттарының өкілдері, қазақстандық және шетелдік бизнесмендер.

"Шетелдік инвесторларды іздеуге және оларды елімізге тартуға қазіргі таңда инвестициялар бойынша ұлттық компания құрылды – бұл "Қазақинвест". Енді сіздер Қазақстанда қандай да бір серіктес қажет болса, қайда баруды білесіздер, "Қазақинвесттің" есігі әрдайым ашық, келіңіздер, өзіңізге қажет ақпаратты сұраңыздар, сіздерге барлық жағдай жасалатын болады", - деді вице-министр.

Форум шеңберінде FREZYDERM S.A. (фармацевтикалық өнімдер өндіру), "R&D косметика департаменті" (FREZYDERM), VIOHALCO S.A. (Еуропада металл өңдеуші компаниялардың жетекші холдингілік тобы), Upstream (нарықта сауданы жылдамдататын ықшам коммерция платформасы), PHARMEX S.A. (түрлі зерттеулер өткізеді және инновациялық өнімдерді әзірлеу бағыты бойынша жұмыс істейді), VK Premium (жеке және мемлекеттік секторларда консультациялық қызметтер көрсетеді), ADELCO S.A. (ірі грекиялық фармацевтикалық компания), METKA (EPC (Engineering-Procurement-Construction) ірі көлемді жобалар құрылысы, SABO SΑ (кірпіш–жабынқыш өнеркәсібі) сияқты компаниялармен екі тарапты кездесулер өтті.

Кіріспе баяндамасында Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму вице-министрі Арыстан Қабыкенов аталған іс-шараның өткізілуінің түйінді міндеттері мен мақсаттары туралы айтып кетті.

"Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы жылғы жолдауында жасалған тапсырмаларды жеке атап кеткім келеді, бұл жаңа технологиялар енгізуге бет бұру және экономикалық барлық салаларын, бірінші кезекте машина жасау, мұнай қайта өңдеу, тағам, металл өнеркәсібі және құрылыс индустриясы сияқты еңбек өнімділігі жоғары өнеркәсіп секторын сандық қалыпқа ауыстыруға қатысты тапсырмаларды атап кеткім келеді. Бүгінгі іс-шараға келген Грекия компаниялары осы басымдықтарға түсіп отыр",- деп атап кетті ҚР ИДМ вице-министрі.

Форум барысында қатысушыларға Қазақстан мен Грекцияның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды, екі жақты ынтымақтастық мәселелері мен олардың даму перспективалары талқыланды.

Сондай-ақ, форум аяқталғаннан кейін логистика, туризм, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, құрылыс индустриясы, IT, фармацевтика және косметология сияқты салаларда екі елдердің кәсіпорындары арасында екі жақты іскерлік кездесулер өткізілді.

Қазақстан Грекия үшін Орталық Азиядағы негізгі серіктесі, сондай-ақ еуразиялық экономикалық одақ елдерімен жанасу нүктесі болып табылатындығын атап кеткен маңызды, сонымен бірге Грекия Қазақстан үшін Балқан түбегіндегі негізгі серіктесі болып табылады.

Айта кетейік, 2017 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстанның Грекиямен өзара саудасы 885,7 млн. АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың балама кезеңімен салыстырғанда 3%-ға жоғары (860,9 млн. АҚШ долл.).

Қазақстанның Грекияға экспорты 870,1 млн. АҚШ долл. құрады, бұл 2016 жылдың балама кезеңімен салыстырғанда 2,5% артық болды (848,9 млн. АҚШ долл.).

Қазақстанға Грекиядан импорт 15,1 млн. АҚШ долл. құрады, бұл 2016 жылдың балама кезеңімен салыстырғанда 25,9% артық болды (12 млн. АҚШ долл.).

Экономикалық және технологиялық ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Грекия үкіметаралық комиссиясы жұмыс істейді. ГР Сыртқы істер министрінің орынбасары Д.Мардас мырзаның Қазақстанға сапары шеңберінде Астана қаласында 2016 жылғы 26 қыркүйекте ҮАК 3-отырысы болып өтті.

Сондай-ақ, 2016 жылғы 26 қыркүйекте Астана қаласында екі елден 60-тан астам компанияның қатысуымен бірінші Қазақстан-Грекия бизнес-форумы өткізілді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары