Кезінде қызметкерлердің жұмыс сапасын сырттай бақыладым – ӘМСҚ төрағасының орынбасары

13 қараша, 2018, 17:42 2299 Астана
Кезінде қызметкерлердің жұмыс сапасын сырттай бақыладым – ӘМСҚ төрағасының орынбасары

Ерік Байжүнісовтың сөзінше, пациенттің маршрутымен жүріп отырсаң емхана қызметкерлерінің қатесіне көз жеткізуге болады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төрағасының орынбасары Ерік Байжүнісов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазанда Қазақстан халқына жасаған Жолдауына қатысты, сондай-ақ мемлекеттік емхана, аурухана мен жекеменшік клиникадағы қызметкерлердің жағдайын салыстыра отырып, BNews.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне сұхбат берді.

 Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жолдауында сөз болған әлеуметік мәселелер қатарында денсаулық саласы да бар. Елбасы ең алдымен медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру жайлы айтты. Осы жайлы пікіріңізді білсек...

– Иә. Елбасы биылғы жолдауында да денсаулық сақтау саласының мәселелеріне ерекше тоқталды. Дәрігерлер жалақысын өсіру, ауыл медицинасының деңгейін көтеру сынды бүгінгі күннің өзекті тақырыптарының жолдауға арқау болғаны қуантады. Жалпы, бүгінде мемлекеттік емханалардағы ұзын-сонар кезек мәселесі, окулист, лор, ортопед сынды салалық мамандардың жетіспеуі, дәрігерлердің кәсіби деңгейі мен олардың пациенттерге деген қарым-қатынасы жиі-жиі сынға ұшырап жатады. Негізінде бұл да бір бюджеттік медицинаның салдары. Себебі, мықты мамандардың көбі емхана мен ауруханада біліктілігін жетілдіріп, әбден тәжірибе жинақтағаннан кейін айлығы аз, жүктемесі көп мемлекеттік мекемені тастайды да жанға жайлы, бар жағдай жасалған жекеменшік клиникаға кетіп қалады. Немесе өз кабинетін ашып, адамдарды сол жерде қабылдай бастайды. Ал, кәсіби мамандардан айырылып қалмау үшін оларға қолайлы жағдай жасап, материалдық жағынан қамтамасыз ету керек.

– Дәрігерлердің алып отырған жалақысы атқарып жатқан еңбегіне сай емес дейсіз ғой?

– Әлбетте, дәрігерлердің қазір алып отырған жалақысы еңбектеріне сай емес. Жоғарыда айтып өткенімдей, қазір дәрігерлерді мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін дәрігерлер мен жекеменшік емханаларда жұмыс істейтін мамандар деп екі топқа бөліп қарауға болады. Мемлекеттік аурухана мен жекеменшік клиникадағы жалақының арасы жер мен көктей. Қазір Қазақстанның мемлекеттік емдеу орындарында институтты жаңа бітірген жас маманның базалық жалақысы – 56 мың теңге. Бүгінгідей қымбатшылық заманда ол ақша тіршілікке жетпейтіні анық. Сондықтан, ол маман күндіз бір жерде, түнде екінші жерде, тіпті, үшінші клиникада да жұмыс тауып жатады. Демалмай, шаршап жүріп істеген жұмыстың сапасы да төмен болмай ма? Сол себепті дәрігерлердің жалақысын көтеру керек. Бюджеттік салада бұл қиындау. Сондықтан мәселені түбегейлі шешу жолдарын қарастыру қажет. Елімізде енгізіліп жатқан медициналық сақтандыру жүйесі осы мәселені шешуге септігін тигізуі тиіс. Медициналық сақтандыру қоры дәрігерлердің, емдеу мекемелерінің арасында бәсекелестік туғызуға күш салады. 

– Емханадағы кезек мәселесін айтып қалдыңыз. Оны қалай шешуге болады деп ойлайсыз?

– Бұл жұртшылық арасында көп талқыланатын, көпшіліктің наразылығын тудыратын мәселенің бірі. Денсаулық сақтау басқармасын басқарған адам ретінде мынаны айтар едім: емхана қызметкерлері көбіне басшылардың түр-түсін біле бермейді. Кезінде соны пайдаланып, мен емханаларға жасырын барып, қызметкерлер жұмысын сырттай бақылап жүрдім. Пациенттің маршрутымен жүріп отырсаң емхана қызметкерлерінің қатесіне көз жеткізуге болады. Жалпы, мемлекеттік емханалар пациенттің қажетіне бейімделмеген және оларды бизнес-құрылым деуге келіңкіремейді. Емхана азаматтар келіп-кетіп, арыз-шағым айтып, ұрсысып жататын мемлекеттік мекеме ретінде жұмыс істейді. Ондағы әр қызметкер өзіне бекітілген белгілі бір функцияны ғана атқарады. Көбісінің түрлі есептерді толтырудан қолы босамайды. Анализді тек түске дейін алады, диагностикалық кабинеттер де түстен кейін жұмыс істемейді. Сондықтан түрлі тексеруден өтіп, дәрігерлік тексеруден өткісі келгендер таң сәріден тұрып емханаға келеді. Оған шынымен де дәрігер көмегіне зәру пациенттер қосылады. Емханадағы таңертеңгі кезектің себебі осы. Оған дәрігер жетіспеушілігін, бас дәрігердің күн сайын өткізетін бір сағаттық "пятиминуткаларын" қосыңыз. Мемлекеттік емханалар жұмысында осы сынды кемшіліктер жетіп-артылады. Бұған дәрігерлердің титтей де кінәсі жоқ. Оған әлсіз менеджмент пен осы міндеттерді шешуге тиісті денсаулық сақтау басқармаларының басшылары кінәлі.

– Президенттің тапсырмасымен келер жылы Астанада Халықаралық ғылыми онкологиялық орталық салынатын болды. Осы бастаманың дәл қазір көтерілуіне не себеп?

– Бұл еліміз үшін өте қажетті орталық. Біздің онколог мамандар қазірден бастап орталық жұмысына қажетті алғышарттарды дайындап жатыр десе де болады. Олар Америка, Түркия, Корея мен Еуропаның бірқатар елдерінде тәжірибе жинақтады. Яғни, біздің мамандарымыз болашақта аталған орталықта енгізілетін сәулелі, лазерлі, протонды терапия, иммундық емдеу, диагностиканың ең озық үлгілерін енгізуге дайындық жасап жатыр. Мәселен, әлемнің 57 елінде ғана пайдаланылатын протонды терапия посткеңестік кеңістікте мүлдем жоқ. Мамандардың айтуынша, бұл әдіс көз обыры, сүйек кемігі обыры, балалардың миындағы қатерлі ісік сынды сирек кездесетін ауруға шалдыққан 1600 пациентті емдеп жазуға, омыртқа мен ми обыры метастаз берген науқастарға көмектесуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жаңа онкологиялық орталықта иммунды терапия әдісі енгізіледі деген жоспар бар. Өкінішке орай, Қазақстанда бүгінде тек өкпе обырына шалдыққандарды ғана аталған әдіспен емдеуге мүмкіндік бар. Ал, әлем елдері қатерлі ісіктің тері обыры, меланома, мойын мен бас обыры сынды түрлерін иммундау арқылы емдеуді әлдеқашан жолға қойған. Жоспар бойынша, жаңа орталық жыл сайын 8000 пациентті қабылдай алады және мұның бәрі қазақстандықтар үшін тегін жүргізілетіні қуантады. Оған қоса, 2019 жылдан бастап онкологиялық диспансерлердегі қондырғылар паркін жаңартып, қызмет көрсету сапасын жақсартуға қосымша 35 млрд теңге бөлінбек. Мұның мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға көмектесері хақ.

Қазіргі таңда елімізде онкологиялық ауруларды емдеу жақсы жолға қойылған. Жыл сайын қатерлі ісік тырнағына іліккен пациенттерді емдеуге бюджеттен 36 млрд теңге бөлінеді. Ал, онкологиялық ауруларды анықтауға бағытталған тегін скринингтік тексерулерге 4 млрд теңге қарастырылған.

– 20 қазанда сүт безі обырына қарсы күрес күні өтті. Осыған орай, еліміздегі барлық онкодиспансерлер ашық есік күндерін өткізді. Мұндай шаралар қаншалықты нәтиже беріп отыр?

– Мұндағы мақсат – аталған індетке жұртшылықтың назарын аудару, қатерлі ісіктің алдын алу. Өйткені, обыр – өлім-жітім көрсеткіші жағынан жүрек-қан тамыры ауруларынан кейін екінші орында тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2020 жылға қарай аталған дерт тырнағына іліккендер саны 2 миллионға жетіп жығылуы мүмкін. Ал, Қазақстанда 163 мыңдай адам осы диагнозбен тіркелген. Өкінішке орай, олардың қатары жыл сайын 35-36 мың науқаспен толығып отырады. Жылына 15-16 мың адам обырдан көз жұмады. Онкология және радиология институты берген мәліметке сүйенсек, науқастардың 23%-ы ғана аурудың бастапқы сатысында онкологтардың көмегіне жүгінеді екен. Алдын алса қатерлі ісікті емдеуге әбден болады. Сондықтан мамандар 30 жастан асқан әйелдерге 4 жылда бір рет жатыр мойны обырына, 40 жастан асқаннан кейін 2 жылда бір рет сүт безі ісігіне тексеріліп тұруға кеңес береді.

Әр әйел өзі тіркелген емханаға барып, маммографиялық тексеруден тегін өте алады. Егер қандай да бір ақаулар анықталып жатса екінші рет маммография жасатуға, ультрадыбыстық зерттеуден өтуге және биопсия тапсыруға жолдама беріледі. Бүгінде көптеген диагностикалық процедуралар тегін жасалады. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек бар, үкіметтен қосымша қаражат бөлінетін арнайы скринингтерге де бар. Егер ультрадыбыстық зерттеу нәтижесінде күмәнді белгілер анықталса, КТ, МРТ жасатып, нақтылау қажет болады. Өкінішке орай, жұртшылық мұның бәрін жылына бір рет тегін жасатуға болатынын біле бермейді. "Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік".

– Сұхбатыңызға рахмет!

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар