Қытайдан қайтқан 28 әйел суықта жолда қалып қойды - Жаңалықтар | BNews

Қытайдан қайтқан 28 әйел суықта жолда қалып қойды

05 желтоқсан, 15:22 1235 Қарағанды облысы
Қытайдан қайтқан 28 әйел суықта жолда қалып қойды

Қарағанды облысының полиция сақшылары дер кезінде көмекке келіп, Қытайдан қайтып келе жатқан әйелдерге көмектескен, деп хабарлайды BNews.kz Қарағанды облысының жергілікті полиция қызметіне сілтеме жасап.

Өздерін құтқарған полиция қызметкерлеріне риза болған әйелдер Инстаграм әлеуметтік желісінде пост жазып, алғысын білдірген.

Оқиға Қарағанды облысының Ақшатау ауылына жақын жерде Алматы-Екатеринбург автожолында болды. Облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің мәліметеріне сәйкес, 28 әйел Қытайда сауда жасап, үйлеріне қайтып келе жатқан. Аяқ астынан автобус жүргізушісі «көліктің жанармайы қатып қалды, әрі қарай жүре алмаймыз» деп хабарлайды. Жолаушылар жүргізушімен қосылып автобусты итерген. Бірақ одан нәтиже шығара алмай, қатты аязда 10 сағаттай тұрып қалады. Жолшыбай өткен көліктерді тоқтатып, көмек те сұраған. Бірақ ешкім мән бермепті. Осы кезде автобусты тәртіп сақшылары көріп қалады.

Қарағанды облысы ІІД жол-патрульдік полициясының қызметкерлері Саламат Қабылғазыұлы мен Жансаят Қасымбеков автобусты итеріп келе жатқан әйелдер мен жүргізушіні көріп, бірден көмекке келген.

«Біз автобусты байқап қалдық. Кейін оның жанармайы қатқанын, 28 жолаушысы бар екенін анықтадық. Олар Қытайдан келе жатыр. Біз жол бойына өтіп бара жатқан көліктерді тоқтатып, әйелдерді кезек-кезек үйлеріне қайтардық. Ал автобусты тарту үшін жүк көліктерін тоқтаттық», - деді Жансаят Қасымбеков.

Кейін құтқарылған жолаушылар тәртіп сақшыларына алғысын білдіріп, әлеуметтік желіде пост жазды.

Полицейлердің айтуынша, қыстыгүні жолда мұндай жағдайлар жиі орын алады. Кейде басқа жүргізушілер далада қалған көлікке мән бермей, қасынан өтіп кетеді.

 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары