«Қызыл аймақтағы» салық төлеушілерге қатаң шаралар қолданылады – Бақыт Сұлтанов - Жаңалықтар | BNews

«Қызыл аймақтағы» салық төлеушілерге қатаң шаралар қолданылады – Бақыт Сұлтанов

12 қыркүйек, 12:23 332 Астана
«Қызыл аймақтағы» салық төлеушілерге қатаң шаралар қолданылады  – Бақыт Сұлтанов

Бүгін Үкімет отырысында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов ҚР Салық кодексіне қандай өзгерістер енгізілетіні жөнінде баяндады. Енді адал салық төлеушілерге тексеру азайып, тәуекел деңгейі жоғары салық төлеушілерге қатаң шаралар қолданылады, деп хабарлайды Bnews.kz. 

«Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Мемлекет басшысының жолдауында салықтық әкімшілендіру тетіктері жетілдіруді талап ететіні аталып өткен. Осы мақсатта Салық кодексінің жобасында бірқатар жаңа өзгертулер көзделуде. Кодексті жазу барысында бизнес қоғамдастықтардың, салалық қауымдастықтардың және тәуелсіз сарапшылардың барлық ұсынысы жан-жақты қарастырылып талқыланды», - деді ол.

Осы орайда Бақыт Сұлтанов жаңа салық кодексінің концепциясына тоқталды.

«Жаңа салықтық әкімшілендірудің тұжырымы – мемлекет пен салық төлеуші арасындағы қатынастарды ырықтандыру болып анықталды. Адал салық төлеушілерді тексеруді азайту және салық төлеушілердің салық міндеттемелерін өз еркімен орындауға ынталандыратын шараларды көбейту көзделген. Мемлекеттік кірістер органдары мен салық төлеуші арасында өзара іс-қимылдың айқын қағидаларын белгілеу мақсатында мынадай салықтық әкімшілендіру қағидалары енгізіледі: заңдылық қағидаты, тиімділік қағидаты, бағдарланған әкімшілендіру тәуекелінің қағидаты», - деді министр.

Сонымен қатар Қаржы министрі салық кодексіне қандай өзгерістер енгізу көзделгенін айтты.

«Шағын және орта бизнес субъектілері үшін талап қоюдың ескіру мерзімін 5 жылдан 3 жылға дейін қысқарту ұсынылады. Оның ішінде бұрын төленген салық сомалары қайта қаралуы және қосымша есептелуі мүмкін. Салықтық тәртіпті ынталандыруды арттыру мақсатында тәуекелдерді басқару жүйесі түбегейлі қайта қаралуда. Әртүрлі санаттағы салық төлеушілер үшін салықтық әкімшілендіруде сараланған тәсіл енгізіледі», - деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, енді салық төлеушілер бірнеше санатқа бөлінеді екен.

«Біз «жасыл топ» деп атаған бірінші санатқа тәуекел деңгейі төмен салық төлеушілер жатады. Оларға тексерулер жүргізілмейді, есептілікті ұсыну, берешекті төлеу, көлденең мониторингке қатысу мүмкіндігі мерзімдерін өзгерту түрінде жеңілдетулер көзделеді. Тәуекел деңгейі орташа топқа әкімшілендірудің қалыпты тетіктері қолданылатын хабарламалар жіберіледі. Ал орындалмаған жағдайда салықтық бақылау шаралары қолданылатын болады. Үшінші немесе «қызыл аймақ» деп аталатын топқа тәуекел деңгейі жоғары салық төлеушілер жатады. Қарапайым тілмен айтқанда бұлар заңды белінен басқан салық төлеушілер. Оларға салық міндеттемелерін тиісінше орындамаған жағдайда мемлекеттік кірістер органдары бірден назар аударып, қатаң шаралар қолданатын болады», - деп қорытындылады Бақыт Сұлтанов.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар