Қызылорда облысында ауыз су жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде - Жаңалықтар | BNews

Қызылорда облысында ауыз су жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде

23 шілде, 14:27 1704 Қызылорда облысы
Қызылорда облысында ауыз су жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде

Бүгінгі күні облыстағы 265 ауылдық елді мекеннің 199-ы немесе 76,5 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған.

Қызылордада "Ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету" атты республикалық семинар кеңес өтті. Күн тәртібінде ауылдық елді мекендерді сумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды BNews.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Семинарға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев, ҚР Қаржы, Инвестициялар және даму министрлігінің, "Қазсушар" РМК және өзге де мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы Елбасы 2011 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2020 жылы ауылдық елді мекендердің 80 пайызын орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосу жөнінде тапсырма бергенін атап өтті. Соған сәйкес 2011-2020 жылдарға арналған "Ақ бұлақ" бағдарламасы қабылданып, бұдан кейін бірқатар салалық бағдарламалар ықшамдалып, 2020 жылға дейінгі Өңірлерді дамыту бағдарламасына біріктірілді. 2015 жылы қабылданған "Нұрлы жол" бағдарламасы арқылы ескірген ауыз су жүйесін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілді. 

"Аталған бағдарламалар аясында Қызылорда облысында мақсатты әрі жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, 2011-2017 жылдар аралығында бюджеттен 40 млрд.теңгеден астам қаржы тартылды. Соның нәтижесінде 2,5 мың шақырымға жуық ауылішілік және сервистік жүйелер жаңартылды, 8,5 мыңнан астам су өлшегіш құралдары орнатылды. Бүгінгі күні облыстағы 265 ауылдық елді мекеннің 199-ы немесе 76,5 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Халық санына шаққанда, 97 пайызды құрайды", - деді облыс әкімі.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевтің айтуынша, қазіргі таңда республика бойынша орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші 57,4 пайызды құрайды. Сонымен қатар, шешімін әлі таппаған тағы да бірқатар проблемалық мәселе бар. Мәселен, ауылдық елді мекендерді сумен қамту және суды бұру жөніндегі Бірыңғай операторды құру мәселесі өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары