Қызылорда облысында балабақшалардың 71%-ы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істейді

06 қараша, 2018, 11:13 1940 Қызылорда облысы
Қызылорда облысында балабақшалардың 71%-ы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істейді

Олардың саны 2013 жылдан бастап 2 есеге артты.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істейтін аймақтағы балабақшалардың саны артып келеді. Өңірдегі білім беру саласындағы жұмыстар барлық деңгейде жүйелі түрде жүргізілуде, деп хабарлайды BNews.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"2013 жылдан бастап мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс істейтін балабақшалар саны 2 есеге артып, 71%-ды құрады. Осылайша, біз қаржыны қайта қарастырып, артылған қаражатты басқа да әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге жұмсаймыз. МЖӘ аясында бүгінде түрлі салалар бойынша 34 млрд. теңгеден астам қаржыға 75 жоба жүзеге асырылуда", - деді аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында Назарбаев зияткерлік мектебінің оқыту жүйесі мен әдістемесін бірыңғай стандарт ретінде енгізуді басымдықтардың бірі деп белгіледі. Айта кетейік, Қызылорда облысында 2015 жылы облыс әкімдігі мен "Назарбаев зияткерлік мектебі" арасында орта білім беру саласында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.

Меморандум  аясында 46 инновациялық мектепке екі негізгі міндет жүктелді: лицейлер мен гимназиялар желісін кеңейту арқылы НЗМ-нің озық тәжірибесін тарату және лицей сыныптарында, оның ішінде жаратылыстану-математикалық және гуманитарлық бағыттағы жекелеген пәндерді ағылшын тілінде тереңдетіп оқыту.

Ағымдағы оқу жылында облыстың 46 инновациялық мектебі биология, химия, информатика, физика пәндері бойынша ағылшын тілінде пилоттық оқуға кірісті. Бұдан басқа, НЗМ тәжірибесін тарату шеңберінде 104 мектепте элективті курстар есебінен осы пәндерді ағылшын тілінде оқыту элементтері енгізілді.

Осыған орай, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде ағылшын тілін меңгерген физика, информатика, математика мұғалімдеріне дайындық жүргізілуде.  Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқу бағдарламаларына жаңа технологияларды, ғылыми инновацияларды, математикалық модельдеуді, бағдарламалау мен робототехниканы дамытуға бағытталған STEM-элементтері енгізілген. STEM-білім берудегі НЗМ-нің оңтайлы тәжірибесін ескере отырып, облыс мектептері робототехника, жаңартылған физика, химия, биология және 3Д-модельдеу кабинеттерімен жабдықталуда.

2013 жылдан бастап  жыл сайын аз қамтылған отбасылардан шыққан, әсіресе ауылдық жерлердің дарынды түлектеріне арналған аймақ басшысының 100 білім беру гранты бөлінуде, биыл олардың саны 2 есеге артты, осылайша облыс әкімінің грант иегерлерінің жалпы саны 900-ге жетіп отыр.

"Айта кету керек, өткен және ағымдағы жылғы аймақтағы мектеп түлектерінің 97%-ы жоғары оқу орындары мен колледждерге түсті. Бұл бізге жастарға арналған әлеуметтік базаны айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді", - деп атап өтті аймақ басшысы.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар