Қызылордада 42 отбасы баспаналы болды

15 қараша, 2018, 11:53 1749 Қызылорда облысы
Қызылордада 42 отбасы баспаналы болды

Тұрғын үйлер "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында салынды.

Жаңа пәтердің кілті 42 жанұяға берілді. Баспана бюджеттік сала қызметкерлеріне, баспанасы апатты жағдайда деп танылған отбасыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, халықтың әлеуметтік осал топтарына және Ұлы Отан соғысының ардагеріне табысталды, деп хабарлайды  BNews.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аудан орталығы Тереңөзек кентіндегі көпқабатты екі үйдің ашылу салтанатына қатысты.

"Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша бүгін Сырдария ауданында көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 42 отбасыға жаңа пәтердің кілті берілді. Бұл - тұрғын үй кезегінде тұрып, бүгін пәтерлі болу бақытына ие болған әрбір отбасы үшін зор қуаныш",-деді аймақ басшысы.

Тұрғын үйдің ашылу салтанатында пәтер алушы тұрғындар баспана мәселесін шешіп бергені үшін алғыстарын білдірді.

"2009 жылдан бастап тұрғынүйге кезекте тұрмын. Көп жыл бойы үш баламмен жалдамалы пәтерден-пәтерге көшіп жүрдік, бүгін көптен күткен жалға берілетін тұрғынүйге қол жеткіздік, енді тек коммуналдық қызмет ақысын төлейтін боламыз. Кең үш бөлмелі пәтерге ие болғанымызға өте қуаныштымыз, облыс басшылығына алғыс айтамын", - деді Әлия Әбдіхалықова.

"Мен бүгін жаңа пәтер алғаныма қуаныштымын, бүкіл жанұяның атынан алғысымды білдіремін. Бұған дейін біз апатты үйде тұрған едік, сондықтан біздің қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу қиын", - деді Гүлсара Бершімбаева.

Айта кетейік, бүгінде Қызылорда облысының аумағында 1747 пәтерлік тағы 69 көппәтерлі тұрғынүйдің құрылысы жүргізілуде. 55-і биыл іске қосылады, олардың қатарында Сырдарияның сол жағалауындағы 14 көппәтерлі тұрғын үйден құралатын тұтас шағын мөлтек ауданды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Өңірде 2013-2018 жылдары 2,6 млн.м2  тұрғын үй пайдалануға берілді, ал соңғы 2 жылда мемлекеттік қаражат және жеке мердігерлердің есебінен 500 мың шаршы метр тұрғын үй салынған.  

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар