Қызылордада көгалдағы хоккейден ел біріншілігі мәресіне жетті

23 қазан, 2018, 17:17 801 Қызылорда облысы
Қызылордада көгалдағы хоккейден ел біріншілігі мәресіне жетті

Қызылорда қаласында көгалдағы хоккейден ерлер және әйелдер, жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында ел біріншілігінің үшінші және төртінші айналымы мәресіне жетті

Ерлер арасында жарыс барысында 68 ұпайды қоржынға салған қызылордалық «Қайсар» ел чемпионы атанды. Үздік үштікке Жамбыл және Батыс Қазақстан облысының командалары ілікті. Әйелдер арасында да жергілікті «Қайсар» бас бәйгені ешкімге берген жоқ. Олардың еншісінде 37 ұпай бар. Орал және Тараздан келген көгалдағы хоккейшілер де жүлдегерлер қатарынан көрінді. 2003 жылы және одан төменгі жасөспірім ұлдар арасында Қызылорда облысы Сырдария ауданынан келген спортшылар жоғары биіктен көрінді. Жамбыл облысы мен Қазалы ауданы командалары жеңімпаздар тұғырына көтерілді. Ал осы жастағы жасөспірім қыздар арасында Жамбыл облысы Қаратау қаласының командасы алтыннан алқа тақты. Ал Жамбыл облысы мен Батыс Қазақстан облысынан келген командалар үздік үштікті түйіндеді. Бірқатар ойыншылар өз шептеріне үздіктер саналды. Қызылорда облысының командаларын жарысқа көгалдағы хоккейден ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сұлтанбек Қобландин дайындады. Біз бұдан бұрын Қызылорда қаласында көгалдағы хоккейден ел біріншілігі басталғанын хабарлаған едік.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!