"Қобыланды батыр" жырын жатқа айтатын оқушылар Гиннестің рекордтар кітабына кіруі мүмкін

04 ақпан, 2019, 18:37 2204

Байқау республика бойынша 5 000 мектептен 50 000 оқушы мен 25 000 мұғалімді қамтиды.

"Qazaq Epos" республикалық ағарту жобасы "Тұлпар мініп, ту алған!" байқауы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласындағы және "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласындағы қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында ұйымдастырылуда, деп хабарлады ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің баспасөз қызметі.

Байқаудың мақсаты – оқушыларды рухани-адамгершілік қырынан дамыту мен қазақ халқының "Алпамыс", "Ер Тарғын", "Қобыланды батыр" және тағы да басқа эпостары арқылы бай этно-мәдени және философиялық мұрасы негізінде тәрбиелеу болмақ.     

Байқау республика бойынша 6-10 сынып оқушыларының арасында өтеді. Байқау аясында қатысушылар "Қобыланды батыр" жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтып, жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, 6-10 сыныптың қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді.

"Негізгі бағыт тарихи эпостарды жаттау. Туындыны толық жатқа айту, мәнерлеп оқу, эпостағы әр сөздің мағынасы мен мазмұнын түсіну басты талаптардың бірі. Поэтикалық тексті меңгеру арқылы оқушы тарихты да терең түсіне бастайды. Сондай-ақ, есте қалатын поэтикалық мәтін оқушының сөйлеу мәдениетін, сауатты жазуын қалыптастырады. Осылайша әдеби шығармаларды талғаммен таңдауына негіз қалайды. Сонымен қатар, бұл жобаның "Рухани жаңғыру" бағдарламасында айтылған ұлттық кодты қалыптастыру үшін де ықпалы зор болмақ", - деді  Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.

Байқау республика бойынша 5 000 мектептен 50 000 оқушы мен 25 000 мұғалімді қамтиды. 

Байқауға әр мектептен 10 оқушы (6-шы сыныптан 2 оқушы, 7-ші сыныптан 2 оқушы, 8-ші сыныптан 2 оқушы, 9-шы сыныптан 2 оқушы және 10-шы сыныптан 2 оқушы) қатыса алады.

Жоба аудандық, облыстық, республикалық 3 кезеңнен тұрады.

Оқушыларға арналған жүлде қоры: аудандық кезең: 1-ші орын үшін 150 000 теңге, 2-ші орын 100 000 теңге, 3-ші орын 50 000 теңге. Облыстық кезең: 1-ші орын үшін 1 000 000 теңге, 2-ші орын 600 000 теңге, 3-ші орын 300 000 теңге.

Облыстық кезеңде жеңімпаз атанған оқушылардың мұғалімдеріне де  ақшалай жүлде қоры ескерілген.

Жобаның аясында 107 беттен тұратын "Қобыланды батыр" жырын 50 000 оқушыға толық жаттату көзделуде. Нәтижесінде қол жеткізілген көрсеткішті тарихи белгілеу үшін Гинес рекордтар кітабына өтінім беру жоспарлануда.  Ұйымдастыру комитеті – "Qazaq Epos" қоғамдық қоры.

Жоба Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Qazaq Epos» қоғамдық қорының бастамасымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, "Хабар" Агенттігі және  жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жүзеге асырылуда.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Астана #Дәурен Абаев #жоба #балалар

Читайте также

Похожие новости