Қоғамдық орындарда адамның бет-бейнесін тұмшалайтын киім киюге тыйым салынуы мүмкін - Жаңалықтар | BNews

Қоғамдық орындарда адамның бет-бейнесін тұмшалайтын киім киюге тыйым салынуы мүмкін

29 қаңтар, 17:53 1122
Қоғамдық орындарда адамның бет-бейнесін тұмшалайтын киім киюге тыйым салынуы мүмкін

Сондай-ақ, деструктивті діни ағымдарға жататын киім түрлерін және сыртқы атрибуттарды қоғамдық орындарда қолдануға тыйым салынуы ықтимал.

Бүгін ҚР Парламентінің Мәжілісінде "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды BNews.kz ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Таныстырылым барысында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев заң жобасының негізгі ережелерін түсіндірді.

Министр өз сөзінде заң жобасын әзірлеудің мақсаты мемлекеттік-діни қатынастарды жетілдіру, діни қызмет субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін айқындау, сондай-ақ дін саласын реттеу болып табылады. Заң жобасы аясында 12 нормативтік заңнамалық актілерге 53 өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделгенін атап өтті.

"Заң жобасының ең маңызды нормалары дінді деструктивті мақсаттарда пайдаланудың кез келген мүмкіндіктерін болдырмауға және мемлекеттік органдардың құзыреттілігін кеңейтуге және діни бірлестіктердің қызметін жеңілдетуге бағытталған", - деді Н. Ермекбаев.

Заң жобасында қоғамдық орындарда адамның бет-бейнесін тұмшалайтын киім түрлерін киюге, деструктивті діни ағымдарға жататын киім түрлерін және сыртқы атрибуттарды қоғамдық орындарда қолдануға тыйым салуды көздейтін бірқатар норма бар.

Заңнамаға "деструктивті діни ағым" және "діни радикализм" ұғымдарының анықтамасы енгізіледі.

Қазақстан азаматтарының шетелде діни білім алуын құқықтық реттеу туралы түзетулер енгізілуде.

Мемлекеттік қызметшілердің және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің дінге қатысты іс-әрекетін реттеуге бағытталған түзетулер ұсынылған.

Діни бірлестіктердің қаржылық қызметінінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған арнайы нормалар енгізіледі.

Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы діни ілімді таратуды заңнамалық негізде реттеу ұсынылады.

Заң жобасы аясында дінге сенушілердің де және дінге сенбеушілердің де құқықтары тең тұрғыда қамтамасыз етіледі; кәмелетке толмағандарды діни жиналыстар және (немесе) рәсімдер, құлшылық етуге қатыстыру шарттары анықталады.

Сондай-ақ, некеге отыру немесе некені тоқтату (ерлі-зайыптылықты) бойынша діни рәсімдер мен жоралғыларды өткізу тек қана діни ғимараттарда өткізу талабы енгізіледі.  

Заң жобасында діни саладағы қызметті ұйымдастыру кезінде мемлекеттік органдардың құзыреттілігін нақтылайтын бірқатар нормалар бар. Атап айтқанда, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне Қазақстан Республикасындағы діни бірлестіктердің қызметін тексеру құзыретін беру көзделген. Бұдан бөлек, Ішкі істер министрлігінің сотталғандармен оңалту жұмыстарын жүргізу және діни қызметпен байланысты қылмыстардың алдын алу бөлігінде, жергілікті атқарушы органдардың діни ахуалға мониторинг жүргізуге қатысты функциялары кеңейтіледі.

Заң жобасының таныстырылымына Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, діни және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар қатысты.

Еске сала кетейік, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев діни радикалдар мен лаңкестердің қауіп-қатерін азайту үшін Еуропа елдері тәжірибесін қолдануды ұсынған еді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары