«Рухани жаңғыру»: Көкшетауда автокөліктің ерекше тысқабы таныстырылды - Жаңалықтар | BNews

«Рухани жаңғыру»: Көкшетауда автокөліктің ерекше тысқабы таныстырылды

06 қазан, 10:49 1792 Ақмола облысы
«Рухани жаңғыру»: Көкшетауда автокөліктің ерекше тысқабы таныстырылды

Ғайни Ахметова мұндай автокөлік тысқабын Елбасына сыйға тартқысы келетінін жеткізді. Ақмола облысының Бұланды ауданының тұрғыны өзі өндірген «Рухани жаңғыру» деген жазуы бар автокөлік тысқабының жиынтығын Аймақтағы кәсіпкер-әйелдердің II форумы барысында таныстырды, деп хабарлайды BNews.kz.

Форум барысында Ғайни Ахметова автокөлік тысқабының жиынтығын Елбасына сыйға тартқысы келетінін айтты.

 «Рухани жаңғыру» − еліміздің жарқын болашағының нышаны. Қазақстанда жауапкершілігі жоғары, мықты ұлтқа бай ел болады», - деп санайды Ғайни Ахметова.

Кәсіпкер әйелдің сөзіне қарағанда, автокөлік тысқаптарын ол бір ай көлемінде тіккен. Дизайнер мамандығын Ақан сері атындағы мәдениет колледжі мен «Көкше» академиясында оқып бітірген соң, Ғайни өзінің жеке кәсібін ашу туралы ойлана бастаған. Оған өз ісін бастауға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бастамашылық еткен «Бастау бизнес» жобасы негіз болған. Биыл маусым айында шебер әйел оқып, өз биснес-жобасын сәтті қорғап шықты. Қазіргі таңда шебер әйелдің тапсырысы жеткілікті, енді Ғайни цех ашуды жоспарлауда. Айта кететіні, жоғарыда аталған автокөлік аксессуарлары Ақмола облысынан басқа аймақтарда да сұранысқа ие.

 «Президентімізге және «Атамекен» палатасына маған қолдау көрсеткендері үшін үлкен алғыс білдіремін. Бүгінде кәсіпкерлерге және кәсіпкер болғысы келетін қарапайым адамдарға елімізде барлық жағдай жасалып жатыр. Мен де өз мақсатыма жететіндігіме сенімдімін», - деді қолөнер шебері.

Аймақтағы кәсіпкер әйелдердің II форумына облыс әкімі Мәлік Мырзалин және ШҚО кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты. Онда Іскер әйелдердің аймақтық кеңесінің алдағы уақыттағы қызметі, биснес бастағанда оңтайлы салық режимін таңдау, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы қарым-қатынас туралы мәселелер талқыланды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

`

Серіктестер жаңалықтары