Көлік пен пәтер сатудан зейнетақы жарнасы ұсталмайды – Жақыпова

31 шілде, 2018, 17:47 2244 Астана
Көлік пен пәтер сатудан зейнетақы жарнасы ұсталмайды – Жақыпова

Вице-министрдің айтуынша, жұмыс істеу немесе қызмет көрсету арқылы табыс тапсаңыз ғана зейнетақы жарнасы ұсталады.

Бүгін Астанадағы Үкімет үйінде өткен брифинг барысында ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова зейнетақы төлемдерін аудару тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, заң жобасы былтырдан бері дайындалып келеді. Белгіленген талап бойынша қоғамдық талқылауға да түсті. Оған кәсіпкерлер, сарапшылар мен құзіретті мемлекеттік органдардың өкілдері де қатысты.

"Негізі  "азаматтық-құқықтық келісімшарттар" деп алғанда, біз жұмыстар мен қызметтерді толығымен қамтуды көздедік. Сол себепті дәл сондай анықтаманы алдық. Мәселен, ақылы қызмет көрсету келісімшарты бар. Тасымал саласында қызмет көрсету, консалтингтік және маркетингтік қызметтер және тағы басқа келісімшарттар болады. Ондай келісімшарттардың саны 30-дан асады. Біз оның бәрін "азаматтық-құқықтық келісімшарттар" деп алдық. Ал зейнетақы жарнасын ұстау тәртібі мен мерзімі Үкімет қаулысымен реттеледі. Аталған мәселе заңда да көрсетілген", - деп атап өтті Светлана Жақыпова.

Ол халықты негізсіз дәлелдерге сенбеуге шақырды.

"Қазір әлеуметтік желілерде "көлік пен пәтер сатудан зейнетақы жарнасын ұстайды" деп жазып жатыр. Олай емес. Ондай табыстан зейнетақы жарналары ұсталмайды. Сіздер жұмыс жасау, я болмаса, қызмет көрсету арқылы табыс тапсаңыз ғана зейнетақы жарнасы ұсталады. Өкінішке қарай, қазір жұмыс берушілер ондай келісімшарттарды жасайды да, зейнетақы жарналарын төлемей жүреді. Жұмысшылар болса, оны талап етпейді", - деді Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова азаматтық-құқықтық шарт бойынша қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын төлеу мәселесін түсіндірді. Вице-министр айтып өткендей, барлық зейнетақы жарналары азаматтардың табыстарынан ғана төленеді.

Осы жылдың 14 шілдесінен бастап, ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, азаматтық-құқықтық шарт бойынша табыс тауып отырған жеке тұлғалар адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жеке нотариустар, кәсіби медиаторлар, жеке кәсіпкерлер сияқты табыстарынан бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарнасын төлейді.

Вице-министрдің мәліметіне сәйкес, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгеріс енгізу жобасын әзірледі, онда азаматтық-құқықтық шартпен табыс тауып отырған жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарнасын төлеу тәртібі мен мерзімі қарастырылған. Жоба қазіргі таңда қызығушылық танытқан мемлекеттік органдардың, сарапшылардың кеңесі мен аккредиттелген ұйымдардың келісімін алу процедурасынан өтіп жатыр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: