"Қорғастан" кету үшін мыңдаған қазақстандық автобус орындарына таласуда - Жаңалықтар | BNews

"Қорғастан" кету үшін мыңдаған қазақстандық автобус орындарына таласуда

09 ақпан, 16:54 1638 Алматы облысы

Саудагерлер билет құнын алдын ала төлегенмен, сауда жасап болған соң, автобуспен кері қайта алмайтындарын айтты.

Қытаймен екі ортадағы "Қорғас" халықаралық сауда орталығында қордаланған мәселе әлі күнге шешімін таппай келеді. Жұрт ақшасын төлеген автобусқа қайтарда сыймай, жүгімен далада қалатындарына наразы. Яғни, жетуі оңай болғанмен, қайтулары қиын. Иін тірескен кезекте көпшілік ішке кіру үшін, тіптен бір-бірін таптап кетуден де тайынбайды. Ал, осы аумақтағы тасымалға жауапты мекеме бұл жағдайдың көктем келе оңалатынын айтып сендіруге тырысты, деп хабарлайды BNews.kz Ktk телеарнасына сілтеме жасап.

Қорғас негізінен, арзан тауар іздеген саудагерлердің тоғысатын жері. Қашан келсең де кеденде кезек. Қазақ-қытай шекарасындағы халықаралық сауда орталығына күн сайын орташа есеппен 2 мыңға жуық адам барады. Сауда орталығына барып-қайтудың құны мың жарым теңге. Бірден екі бағыттың билетін алуға міндеттісіз. Шаруасын ерте жайғастыруды көздегендер таң  атысымен кеденнен жеті шақырым жердегі базарларға ескі автобуспен аттанады. Көпшілік түскі үш-төртке дейін керек-жарағын алып, қайтуға қамданады. Нағыз қарбалас та сол сәтте басталады.

Қыстың көзі қырауда қалтырағандар арасындағы таласта үлкен-кіші деген түсінік жоқ. Жерде сүрінгенді сүйеудің орнына үстінен аттап, бір-бірін таптап өтуден де тайсалмайтындай. Арғы бетке өту үшін кейде 3-4 сағаттап кезегін күтетіндері де бар. Халықаралық сауда орталығы аумағында бар-жоғы 25 автобус жүреді екен. Мұндай кезектен қажығандар, төлеген ақшаларының еш кететіндігін айтады. Бұл жағдайды осы аумақтағы таксистер оңтайлы пайдаланып жатыр. Кезекте тұрғысы келмейтіндер амалдың жоқтығынан, қымбат болса да жүктерін таксиге тиеп, екі есе ақша төлеп қайтуға мәжбүр.

Жаркент қаласының тұрғыны Айша Тайырова билет құнын алдын ала төлегенмен, сауда жасап болған соң, автобуспен кері қайта алмайтындарын айтты.

"Екі қолымызға екі жүк ұстап автобустарға отыра алмаймыз. Жүре алмаймыз. Жүргізбейді бізді. 1500 теңге төлейміз. Бірақ, біз автобусқа отыра алмаймыз. Таксилер де сол. Ана жаққа 1500 төлейміз, таксилерге отыру үшін де сонша төлеу керек. Біз сонша ақша шығара алмаймыз ғой", - деді Айша Тайырова.

Халықаралық орталықтың басшылығы бұл жағдайдан хабардар. Тығырықтан шығудың да жолын қарастырыпты. Көктемде әуежайдағыдай жүкті өткізіп, арғы беттен күтіп алатын жүйені іске қосуды жоспарлап отыр. Ал, оған дейін кезекте тұрғысы келмейтіндер гид қызметінің көмегіне жүгінсе болады дейді.

"Қорғас" Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралы орталығы АҚ президенті Қаһарман Жазин саудагерлер уақыттарын жоғалтқысы, кезекте тұрғысы келмейтіндерін алға тартты.

"Олар кезексіз өтеді. Туристік топтарға арнайы дәліздер қарастырылған. Алдын ала келетін және қайтатын уақыттарын ескертуі тиіс. Әрине, қызмет құны сәл қымбат болуы мүмкін. Бірақ, уақыттарын жоғалтқысы, кезекте тұрғысы келмейтіндер осы "гидтердің" қызметін пайдаланады", - деді Қаһарман Жазин.

Халықаралық сауда орталығының аумағында қызмет көрсететін 2 мыңдай "гид" бар. Олар жүкті шекарадан алып шығуға көмектеседі және сол үшін сыйақы алады. 

Жаңа жүйе көктемде іске қосылуы тиіс. Қазіргі ескі 25 автобустың орнын заманауи 50 қоғамдық көлік басады деп күтіліп отыр. Ал, оған дейін жұртшылық кедендегі кептеліс пен керістен әзірге арылмайтың сыңайлы. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары