Қызылорда қаланың 200 жылдық мерейтойы кең ауқымда тойланды

29 қыркүйек, 2018, 19:43 599
Қызылорда қаланың 200 жылдық мерейтойы кең ауқымда тойланды

Шаралар "Сыр сүлей­лері" аллеясында этноауылдан бастау алды.

Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына арналған шаралар "Сыр сүлей­лері" аллеясында этноауылдан бастау алды. Мерекелік шараға өңірге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты, деп хабарлайды BNews.kz syrboyi.kz-ке сілтеме жасап.

Этноауылда жағалай қоныстанған киіз үйлерде қала тарихы мен елдегі өзгеріс, тың бастамалардан хабардар ететін көрме дайындалған. Ал арнайы тігілген ақ шатырларда қала мейрамханалары ұлттық ас мәзірін, шаруа қожалықтары қымыз, шұбат, қауын, қарбызды  қала тұрғындары мен қонақтарына тарту етті. Сондай-ақ, бір мезетте 200-ге тарта домбырашы күй тартып, Қорқыт даласы күмбірлеген күйге тұнды. 

Мерекеге орай қалаға қарасты шаруашылық құрылымдары фестивальға 600 литр қымыз, 600 литр шұбат, 8 тонна қауын мен қарбыз, 100 келі қауын қақ пен қауын құрт, 200 қорап бауырсақ әкелген. Жалпы фестивальдағы барлық өнімдер елге тегін үлестірілді. Шара барысында асық ату, тоғызқұмалақ, қол күрес сынды спорттық сайыс­тар ұйымдастырылып, үздіктер анықталды.

Сапар барысында Гүлшара Наушақызы Әбділдә Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана жұмысымен танысты.  Мұнда "Аrt студия" жас суретшілерінің туындыларын тамашалап, Қалтай Мұхамеджановтың жеке кітапханасын, "Шаңырақ" интеллектуалды орталығын аралап көрді. Бүгінде кітапханадағы кітап саны – 412 472 дана. Заман талабына сәйкес, оқырмандар арасында емін-еркін қарым-қатынас орнататын, жастарға ыңғайлы алаң жасау мақсатында кітапханадан "BOOК кафе" және коворкинг орталығы ашылған. Ал Қалтай Мұхамеджановтың жеке кітапханасында 8 мыңға жуық кітап, жазушының жеке заттары, жазу құралдары, кәдесыйлары мен портреті қойылған.

Мұнан кейін Мемлекеттік хатшы ІТ орта­лық­тың жұмысымен танысты. Жастардың ақ­параттық-коммуникациялық технология­лар са­­ла­­сындағы стартап жобаларын қол­дауға бағыт­та­лаған ІТ орталықта түрлі ро­бото­техникалық прототиптердің өндірістік жобаларын әзірлеуге мүмкіндік бар. Бүгінде аймақта барлық сала бойынша цифрландыру жұмыстары қарқынды. Облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким биыл ақылды басқару бағыты бойынша білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және қауіпсіздік саласы бойынша 37 жобаны жүзеге асыру басталғанын айтты. Айталық, білім беру саласы бойынша аймақтағы 293 мектеп толығымен "Күнделік" электронды журналына көшсе, денсаулық сақтау саласында «Damu med» мобильді қосымшасы қолданысқа енгізілді. Салада бүгінгі күні 25 медициналық нысан электрондық форматқа көшсе, жылдың аяғына дейін 62 құжат электронды форматқа көшіріледі. Сондай-ақ, қазіргі кезде қаладағы 19 көппәтерлі тұрғын үй "E-Shanyraq" жүйесіне қосылған. Ал көлік секторын цифрландыру қызмет көрсету сапасын 30 процентке арттырды. Мұнан өзге аймақта цифрландыру бағытында тың бастамалар, оқушыларға цифрлық білім беру жұмыстары жолға қойылған.

Екі ғасырлық мерейтой аясында Сырдария өзенінің сол жағалауындағы ең алғашқы ғимарат – "Қызылорда қаласы тарихы" музейі мен "Рухани жаңғыру" орталығының ашылу салтанаты өтті. Салтанатты рәсімге ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.

Жаңа ғимарат тұтас ұлттың тағды­рындағы бетбұрыс кезеңде, яғни 1925 жылы 15 сәуірде Қырғыз (Қазақ) АКСР кеңестерінің V съезі өткен Қазақ Орталық Атқару комитеті үйі­нің үлгісімен салынған. Осылайша тарихи ғимараттың ескі сызбасы не­гізінде өткен ғасырдың басындағы Қызыл­орданың бейнесі жаңа қаланың кел­бетімен үйлесім тапты. Съезде сол кезге дейін ресми жазбаларда «қырғыз» болып жазылып келген ұлт­тың "қазақ" атауы қайтарылып, Ақмешіт қаласының аты Қызылорда деп өзгертілді. Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрының артистері сол тарихи сәттегі әдеби шығармаларға негіз болған оқиғаларды, көңіл-күйді сахналық қойылым арқылы бүгінге жеткізді.

Рәсімде Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы тап­сырмасымен қолға алынған "Рухани жаңғыру" бағдарламасының ел дамуындағы орнын атап өтті. Өткен тарихымыз бен мәдениетіміздің барлық жақсысын алып, оған ғаламдағы жаңа өзгерістерді енгізіп, сананы жаңғыртуда қолға алынған бастамалар жеткілікті. Оған Қызылорда облысының қосқан үлесі бар.

"Былтыр "100 жаңа оқулық" жобасы бойынша жұмыс басталып,  18 оқулық мектептер мен кітапханаларға жеткізілді. Қазір тағы 30 оқулық қазақ тіліне аударылып жатыр", – деді Мемлекеттік хатшы.

Одан әрі аймақ басшысы сөз алып, Сырдарияның сол жағалауында Ас­танаға қарап бой түзеген жаңа Қызыл­орданың келешегі туралы айтып берді.

"Сырдарияның бойында сақ­тар­дың астанасы – Шірік-Рабаттың, Оғыз империясының астанасы – Жанкенттің, Қыпшақ империясының, кейін Қазақ хандығының астанасы болған Сығанақтың орны бар. Қазақ Республикасының астанасы болған Қызылордамен мақтанып, Елбасының сарабдал саясатын, әсіресе, "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыруда ең алдыңғы қатарда жүруге міндеттіміз. Бұл мәселеде алты Алаш Сыр елінің пікірімен санасатындай болуы керек деп ойлаймын. Соған сәйкес болу үшін осы орталықты аштық", - деп сөзін толықтырды Гүлшара Әбдіқалықова.  

Оның айтуынша, Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының ескі сызбасын архивтен тауып алып, қайтадан салған себебіміз – қасиетті Сырдың жерінде ұлтымыздың ресми атауын қайтару туралы тарихи шешім қабылданған. Қазақ Республикасының бірінші астанасы Қызылорда туралы халқымыздың асыл арманы мен үкілі үмітін іске асыратын өскелең ұрпақ білуі керек.

Елбасы "Сыр – Алаштың анасы" десе, тарихшылар "Сыр – Алаштың панасы" дейді. Кезінде ата-бабаларымыз қазақтың кең-байтақ жері үшін шайқасқан. Батырлар Сырдың бойына келіп, күш жинап, есін жиып, ұлы мұрат жолындағы күресін одан әрі жалғастырған. Сондықтан жаңа қаланың ең бірінші нысаны ретінде осы тарихи үлгімен салынған ғимарат ашылып отыр, – деді Қырымбек Елеуұлы. 

Алдағы уақытта мұндағы нысандар – балабақша, "Болашақ" универ­ситеті, "Жастар" орталығы біртіндеп пайдалануға беріле бастайды. Елба­сының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласы жарық көрген соң көп ұзамай құрылған "Рухани жаңғыру" орталығында Астана, Алматыдан келген ғалымдар еңбек етуде.

Одан әрі ғимараттың көгілдір лен­тасы қиылып, қонақтар алдымен музей экспозициясымен танысты. Музейде "Ақмешіт" бекінісінің салынуы, Перовск қаласының тарихы, Қоқан, Хиуа, Ресей империялары билігі тұсындағы Сыр бойындағы әлеуметтік-экономикалық ахуал, "Алаш" партия­сының құрылуы, Қы­зыл­орда­ның астана болуы туралы деректер жеткілікті. Оған қоса Кеңес Одағы құрылған тұстағы реформалар, екінші дүниежүзілік соғысқа қызылордалықтар қосқан үлес, соғыстан кейінгі жылдар да музей экспозициясына негіз болған. Тәуелсіздік жылдарындағы тарихи оқиғалар, қазіргі Қызылорданың бет-бейнесі де құжаттармен қатталған. Қонақтар одан әрі "Рухани жаңғыру"  орталығының жұмысқа ыңғайлы кабинеттері мен кең мәжіліс залын тамашалады.

Өткеннен сыр шертетін музей мен орталықтың тарихи ғимаратқа қоныс­тануы, сол жағалаудағы ал­ғашқы нысан ретінде іске қосылуы уақыт шеруіндегі сабақтастықтың бір көрінісіндей.

Біздің Telegram-парақшамыздаҚазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Қызылорда облысы #Гүлшара Әбдіқалықова #мерейтой #Қырымбек Көшербаев

Читайте также

Похожие новости