Қостанай облысындағы ауыл мектебі озық робот техникасына қол жеткізді - Жаңалықтар | BNews

Қостанай облысындағы ауыл мектебі озық робот техникасына қол жеткізді

16 сәуір, 09:52 1813 Қостанай облысы
Қостанай облысындағы ауыл мектебі озық робот техникасына қол жеткізді

Ауылда цифрлық технология кабинеті ашылды.

Қостанай облысының Әулиекөл ауданының оқушылары енді заманауи робот техникасы құрылғыларын пайдалана алады, деп хабарлады 24.kz. Бұл орталықты жасақтауға қажетті қаржылай шығынды жергілікті кәсіпкерлер көтерген. Осылайша іскер азаматтар "Рухани жаңғыру" бағдарламасына сүбелі үлес қосып отыр. Цифрлық кабинетті жабдықтауға қаржы құйған кәсіпкерлер - салтанатты сәттің басты меймандары. "Оқушылар үшін сатып алынған озық технологиялар – келешекке салынған инвестиция. Шаруашылықты өрге бастыратын білімді маман мектеп партасынан қалыптасуы керек", дейді олар. 

"Цифрландыру тек ғана мектепте емес, бұл бүкіл салада болуға тиіс деп ойлаймын. Балалар үйренсін, балалар – біздің болашағымыз. Ертең бірі басқа салаға кетер, бірі ауыл шаруашылығына келер, мұнсыз алдағы уақытта болашағымыз болмайды деп түсінемін", - деді  шаруашылықтың атқарушы директоры Төленді Оспанов.

Жалпы құны 8 млн теңгеден асатын кабинет Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің ғимаратында орналасқан. Алайда аудан орталығындағы барлық білім мекемелері үшін есігі ашық. Информатика пәнінен қосымша сабақ, үйірмелер осында өтпек.

"Елбасымыздың "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында осындай мүмкіндікке ие болып жатырмыз. Бұрын телевизордан ғана көретін болсақ, енді қолымызбен ұстап, сондай мүмкіндікке жетіп жатырмыз. Жаңа 3Д принтерін әкеліп жатыр. Біз сонымен жұмыс істейміз алдағы уақытта.  Ауыл балғындарының қуанышында шек жоқ", - деді информатика пәнінің мұғалімі Маралбек Нығыметжанов.

Бұған дейін қала оқушылары ғана пайдаланатын робот құрылғыларын енді олар да пайдалана алады.

"Робот техникасын толық білу үшін физиканы, математиканы және информатиканы жетік білу керек. Робот құрастыру барысында сабақта өткен тақырыптарыңды практикада жасай аласың. Мен келешекте техникалық мамандыққа түсуді армандаймын", - деді мектеп оқушысы Ілияс Ғалым.

Цифрлық технология сыныптары облыстағы барлық аудан орталықтарында ашылмақ. Әулиекөлдегі кабинет - жыл ішінде жұмысын бастаған 22-нысан.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары