ҚР ІІМ: Өзбекстанның 52 азаматы қаза тапқан автобустың техникалық ақауы болған - Жаңалықтар | BNews

ҚР ІІМ: Өзбекстанның 52 азаматы қаза тапқан автобустың техникалық ақауы болған

20 ақпан, 12:48 710 Астана
ҚР ІІМ: Өзбекстанның 52 азаматы қаза тапқан автобустың техникалық ақауы болған

Автобус жүргізушілері дәнекерлеуші шам арқылы көлік құралының ішін жылытқан.

Ақтөбе облысындағы тас жолмен Ресейге кетіп бара жатқан жолаушылар автобусының техникалық ақауы болған. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап бергенде айтты, деп хабарлайды BNews.kz.

"Министрліктің Тергеу департаменті Ақтөбе облысында Өзбекстан Республикасының 52 азаматының автобуста көз жұмуына қатысты факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі және ҚР ҚК 348-бабының 4-бөлігі негізінде тергеу жүргізуде", - делінген жауапта.

Сондай-ақ, депутаттық сауалға жауап бере отырып, ҚР ІІМ сол қайғылы оқиғаға қатысты бірқатар деректі атап өткен.

"Тергеу автобустың Шымкент - Самара автожолының 1 068 шақырымында техникалық ақауға байланысты одан әрі қозғалуды тоқтатқанын анықтады. Бұл туралы төтенше қызметтерге хабар бермей, жолаушылардың қауіпсіздігіне шаралар қабылдамай, 2015 жылғы 26 наурызында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі бекіткен "Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын" бұза отырып, автобус жүргізушілері жанып тұрған дәнекерлеуіш шамның көмегімен көлік құралының салонын жылыта бастаған. Онда ашық ыдыстан абайсызда төгілген бензиннен өрт шыққан", - деп жауап берді ІІМ.

Қалмұханбет Қасымов атап өткендей, қазіргі уақытта қамауда ұстау бұлтартпау шарасымен автобустың жүргізушілері Ф.М. Пернебеков, Н.А. Қырғызбаев пен Б.М. Таңатов қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Тергеу барысында техникалық ақауы бар автобусты жолға шығарудың себептері, жағдайлары мен негіздері анықталатын болады.

"ҚР ҚПК 200-бабының тәртібіне сәйкес қылмыстық істі тергеу ісі аяқталғаннан кейін мемлекеттік жауапты органдарға шараларды қабылдау бойынша тиісті ұсыныстар жолданады", - деп атап өтті министр.

Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров пен Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа Ақтөбе облысында автобустың өртенуінен 52 адамның қаза табуына кінәлілердің барлығын табуды сұрап, депуаттық сауал жолдаған болатын.

Еске салсақ, Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы тас жолда қазақстандық автобус өртеніп, қайғылы оқиғаның салдарынан Өзбекстанның 52 азаматы қайтыс болған. 

Өртеніп кеткен автобус техникалық тексерістен өтпегені белгілі болды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары