ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің басшысы тағайындалды

14 қараша, 2018, 18:01 1847 Астана
ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің басшысы тағайындалды

Бұл қызметті Ардақ Әшімбекұлы атқарады.

Президент Ардақ Әшімбекұлын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

"Ардақ Әшімбекұлы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы болып тағайындалсын", - делінген баспасөз хабарламасында.

Ардақ Әшімбекұлы 1977 жылы 1 мамырда Жамбыл облысында туылған. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара әскерлерінің Әскери институтының "бөлімшелердің қызметтік-жауынгерлік іс-әрекеттерін басқару" мамандығы бойынша түлегі. Сондай-ақ, Қазақ гуманитарлық заң университетін "құқықтану" мамандығы бойынша тәмамдаған.

1999 жыл мен 2013 жыл аралығында ҚР Республикалық ұланының қатарында және ҚР Президенті Күзет қызметінде әртүрлі офицерлік басшылық лауазымдарда қызмет өткерген.

2013 жылы ҚР Президентінің Өкімімен ҚР Президенті Күзет қызметі Бастығының бірінші орынбасары – Президентінің қауіпсіздік қызметінің бастығы болып тағайындалды.

2014 жылғы сәуірде ҚР Президентінің Өкімімен ҚР Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қауіпсіздік қызметінің бастығы болып тағайындалды.

ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен, ҚР Президентінің атынан және ПКҚ алғыстармен, "ҚР ҰҚК Әскери институтына 75 жыл" арнаулы мерейтой төсбелгісімен, "100 лет ВЧК-КГБ" медальмен, "ҚР МКҚ Құрметті қызметкері" төс белгісімен марапатталған, ведомстволық 10 медальдарымен, Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Бұған дейін бұл қызметті Әзімхан Жүсіпов уақытша атқарды.

Мемлекет басшысының Өкімімен Ардақ Әшімбекұлы жаңа қызметке тағайындалуына байланысты Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қауіпсіздігі қызметінің бастығы қызметінен босатылды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қауіпсіздігі қызметінің бастығы міндеттерін уақытша атқару Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Бірінші департаменті Үшінші басқармасының аға инспекторы Жасұлан Аманжолұлы Сәрсембайға жүктелді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар