Үкіметте көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселесі қаралды - Жаңалықтар | BNews

Үкіметте көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселесі қаралды

20 наурыз, 16:31 4688 Астана
Үкіметте көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселесі қаралды

Бүгін ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниев 2018 жылдың көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы туралы баяндады.

Арман Евниевтің мәлімдеуінше, алдын ала деректер бойынша 2018 жылы егіс алқаптары 21,8 млн-нан астам га құрайды, деп хабарлады Премьер-министрдің ресми сайты.

"Дәнді дақылдарды 14,7 млн га алқапқа, оның ішінде бидайды – 11,4 млн га жерге егу жоспарланып отыр. Мал азығы дақылдары 49 мың га өсу арқылы 2,5 млн-нан астам га жерге егіледі. Майлы дақылдарға 2,6 млн га жер бөлінеді. Картопқа бөлінетін жер өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 15 процентке артығымен бөлінеді", - деді Евниев.

ҚР АШМ басшысының орынбасары биылғы жылдың егініне 2,6 млн тонна тұқым дайындалғанын айтты.

Облыс әкімдіктерінің мәліметтері бойынша, 1 наурыздағы жағдайға сәйкес осы жылдың көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге тракторлардың дайындығы - 87%, егіс кешендерінің әзірлігі - 100%, тұқым сепкіштер - 87%, топырақ өңдейтін құралдар - 88%-ке дайын.

Энергетика вице-министрі М. Мырзағалиев көктемгі кезеңдегі дизельдік отынның бағасы туралы баяндады. Оның айтуынша, Энергетика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп 2018 жылдың егіс жұмыстарына МӨЗ-ден дизель отынын жеткізу бойынша облыстарды бекіту кестесін әзірледі.

Осы жылдың 16-наурыздағы жағдайы бойынша наурыз айы жоспарының орындалуы 49%  құрады немесе шамамен 56 мың тонна. Мұнай өңдеу зауыттарынан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне дизель отынын жеткізу басымдылық негізінде жүргізіліп жатқаны аталып өтті. Тиеп–жөнелтулер тәулік сайынғы негізде бақылауға алынған және мониторинг жүргізіліп тұрады.

2018 жылғы наурызда көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынына ұсынылатын баға тоннасына 156 мың теңгені құрайды.

"Ішкі нарықта орташа көтерме баға тоннасына 170 000 теңгені құрайды. Осылайша көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 2018 жылы дизель отынының бағасы орташа нарықтық бағамен салыстырғанда 14 000 теңгеге төмен", - деп қорытындылады Мырзағалиев.

Мәселені талқылауға "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ басқарма төрағасы Н. Мәлелов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі - Ж. Түймебаев, Алматы облысының әкімі - А. Баталов, Қостанай облысының әкімі - А. Мұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі - Қ. Ақсақалов, Ақмола облысының әкімі - М. Мырзалин қатысты.

Қорытындылай келе, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жалпы алғанда, егін егу науқанына дайындық тұрақты екенін атап өтті. Үкімет тарапынан көктемгі егіс жұмыстарын қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шешімдер қабылданды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыстардың әкімдеріне көктемгі егіс жұмыстарын сапалы жүргізу үшін барлық қажетті шараларды уақытылы қабылдау туралы тапсырма берілді.

Ұқсас жаңалықтар

`