ҚР Ұлттық банкі зейнетақы активтерін дамушы елдердің бағалы қағаздарына айналдыруды жалғастырады - Жаңалықтар | BNews

ҚР Ұлттық банкі зейнетақы активтерін дамушы елдердің бағалы қағаздарына айналдыруды жалғастырады

28 ақпан, 17:16 1341 Астана
ҚР Ұлттық банкі зейнетақы активтерін дамушы елдердің бағалы қағаздарына айналдыруды жалғастырады

2017 жылғы қарашада Ұлттық банк зейнетақы активтерін дамушы елдер Үкіметтерінің АҚШ долларына номинирленген мемлекеттік бағалы қағаздарына біртіндеп инвестициялауды бастады.

Қазақстанның Ұлттық банкі 2018 жылы зейнетақы активтерін дамушы елдердің мемлекеттік бағалы қағаздарына айналдыруды жалғастырады, деп хабарлайды BNews.kz Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

2016 жылдың басынан бастап БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялау тәсілі өзгерді. Портфельді әртараптандыру мақсатында Ұлттық Банк зейнетақы активтерінің валюталық бөлігін жыл сайын өсіруді бастады. Бастапқы кезеңде сатып алынған валюта сенімділігі жоғары шетелдік эмитенттердің қысқа мерзімді қаржы құралдарына инвестицияланды.

2016 жылға дейін БЖЗҚ зейнетақы активтерін сыртқы нарықтарда инвестициялау саясаты теңгерілмеген болды. Инвестициялардың Қазақстан эмитенттерінің бағалы қағаздарына шоғырлануының жоғары болғаны байқалды. Шетелдік инвестициялардың көлемі аз болды және валюта позициясы 17,0% болған кезде зейнетақы активтерінің шамамен 6,5%-ын құрады.

"2017 жылы Ұлттық қордың активтерін және Ұлттық Банктің алтынвалюта активтерін басқарудың көпжылдық тәжірибесі негізінде зейнетақы активтерінің валюталық портфелін инвестициялаудың жаңа стратегиясы әзірленді. Осы стратегия зейнетақы активтерін индекстік басқару негізінде инвестициялауды болжайды. Халықаралық практикада активтерді инвестициялау кезінде әлемнің жетекші қаржы ұйымдары әзірлеген және қадағалайтын әртүрлі индекстер кеңінен пайдаланылады. Іс жүзінде, индекс тәуекел мен кірістіліктің белгілі бір өлшемдеріне сәйкес келетін қаржы құралдарының жиынтығын білдіреді. Инвесторлар индекстерді олардың стратегиялық мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келетін эталондық портфельдер ретінде пайдаланады", - делінген баспасөз хабарламасында.

Валюталық портфельді жаңа стратегиялық бөлу зейнетақы активтерін жаһандық акциялар индекстері мен дамушы және дамыған елдер облигацияларының индекстеріне инвестициялауды көздейді.

Дербес басқару шеңберінде Ұлттық Банк макроэкономикалық көрсеткіштерді талдау негізінде дамушы елдер облигацияларының JPMorgan және Merrill Lynch компаниялары әзірлеген және қадағалайтын жаһандық индекстеріне кіретін неғұрлым инвестициялық-тартымды елдерін таңдауға мүмкіндік беретін тетікті әзірледі.

Қазіргі кезде жүргізілген талдау нәтижелері бойынша зейнетақы активтерін инвестициялау үшін орнықты макроэкономикалық көрсеткіштері және кредиттік рейтингтері бар, Оңтүстік Шығыс Азияға, Латын Америкасына және Шығыс Еуропаға жататын дамушы 11 ел іріктелді. 2017 жылғы қарашада Ұлттық Банк зейнетақы активтерін Бразилия, Мексика, Чили, Перу, Польша, Индонезия және басқа дамушы елдер Үкіметтерінің АҚШ долларына номинирленген мемлекеттік бағалы қағаздарына біртіндеп инвестициялауды бастады.

Зейнетақы активтерін индекстік инвестициялау үшін Ұлттық Банк сондай-ақ активтерді кәсіби басқару саласындағы әлемдік көшбасшылар болып табылатын шетелдік басқарушы компанияларды тарту бойынша жұмыс жүргізеді. Осы компаниялардың жоғары кредиттік мәртебесі және зейнетақы активтерін инвестициялау болжанатын қаржы құралдарымен жұмыс істеудің айтарлықтай тәжірибесі бар.

"Валюталық портфельдің жана инвестициялық стратегиясы сақтау мен өтімділіктің тиісті деңгейін қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар ұзақ мерзімді перспективада зейнетақы активтерінің кірістілігін арттырады", - деп атап өтілген баспасөз хабарламасында.

Шетел валютасындағы уақытша бос зейнетақы активтері қысқа мерзімді жоғары сенімді қаржы құралдарына, оның ішінде шетелдік банктердің өтеу мерзімі 6 айдан аспайтын депозиттеріне инвестицияланады. Депозиттеріне зейнетақы активтері 2 орналастырылатын барлық шетелдік банктердің жоғары рейтингтік бағалаулары бар және әлемнің Канада, Франция, Жапония сияқты және басқа да экономикалық дамыған елдердің резиденттері болып табылады.  

Қазіргі кезде шетелдік банктердің қысқа мерзімді депозиттерінің эмитенттердің тәуекелдері деңгейі бойынша ұқсас қысқа мерзімді бағалы қағаздарымен салыстырғанда неғұрлым тартымды кірістілік мөлшерлемелері бар.

Жалпы алғанда осы инвестициялар инвестициялаудың стратегиялық мақсаты болып табылмайды және зейнетақы активтерінің кірістілігін ұстап тұру үшін ағымдағы өтімділікті басқару шеңберінде жүзеге асырылады.

Ұқсас жаңалықтар