ҚСЗИ беделді әлемдік рейтингте бірнеше орынға жоғарылады - Жаңалықтар | BNews

ҚСЗИ беделді әлемдік рейтингте бірнеше орынға жоғарылады

07 ақпан, 09:32 149
ҚСЗИ беделді әлемдік рейтингте бірнеше орынға жоғарылады

Ол "Әлемдегі жетекші аналитикалық орталықтар" жаһандық рейтингісіне енген жалғыз қазақстандық сараптамалық орталық.

Пенсильвания Университетінің "Global Go To Think Tank Index Report" атты "аналитикалық орталықтардың" әлемдік беделді рейтингісі саналатын дүниежүзіндегі зерттеу және талдау орталықтарының жыл сайынғы рейтингісі биыл 31 қаңтарда жарияланды. Рейтинг профессор Джеймс МакГанның жетекшілігімен "Аналитикалық орталықтар және азаматтық қоғам" бағдарламасы шеңберінде жүргізіледі. Американдық университет 7815 "аналитикалық орталықтың" 2017 жылғы қызметіне талдау жасаған, оның ішіндегі 28-і қазақстандық орталықтар.

1-кесте. Мемлекеттер бойынша аналитикалық орталықтардың саны

2017 жылдың қорытындысы бойынша "Әлемдегі алдыңғы қатарлы жетекші аналитикалық орталықтар (АҚШ аналитикалық орталықтарын қоспағанда)" жаһандық рейтингісінде ҚСЗИ 140 орынға ие болды (2016 жылы ҚСЗИ бұл жетекші тізімге алғаш рет енгенде, 147-ші орынды иеленген еді. Рейтингте 6846 "аналитикалық орталықтың" қызметіне талдау жасалған болатын). ҚСЗИ жетекші рейтингке енген бірден-бір қазақстандық «аналитикалық орталық» ретінде өзінің ерекше мәртебесін тағы да растады.

2-кесте. Аналитикалық орталықтардың жаһандық топ-рейтингісі (АҚШ-ты қоспағанда)

 

Сонымен қатар, рейтингте 55 түрлі номинация бар, олар өз кезегінде 4 негізгі топқа бөлінеді. Рейтингтің кейбір номинацияларында ҚСЗИ өз позициясын жақсартып, сақтап қалды. Мысалы, "Қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік саласындағы жетекші аналитикалық орталықтар" номинациясында ҚСЗИ 4 позицияға көтеріліп, 91 орынды иеленді (2016 жылы 95 орын иеленген), яғни Қазақстан мен Орталық Азия елдерінен бұл номинация бойынша енген жалғыз "аналитикалық орталық" болды.

3-кесте. Қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік саласындағы жетекші аналитикалық орталықтар

"Орталық Азиядағы жетекші аналитикалық орталықтар" номинациясында ҚСЗИ өз позициясын сақтап, Экономикалық және әлеуметтік даму орталығынан (Әзірбайжан) кейін екінші орынға ие болды. 2017 жылғы рейтинг нәтижесі бойынша осы номинация бойынша жетекші орындарға Қазақстанның басқа да сараптамалық құрылымдары да ие болды: Ұлттық экономика министрлігінің Экономикалық зерттеулер институты (IEI) (8-ші орын), ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы (ӘСЗО) (18-ші орын), Қоғамдық мәселелерді талдау орталығы (28-ші орын), Назарбаев университеті жанындағы Ұлттық талдау орталығы (40-шы орын), ҚР БҒМ ҒК Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты (47-ші орын), Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты (49-шы орын), Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) (51-ші орын), "Нұр Отан" партиясының Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығы (54-ші орын) және басқалар да бар.

"Энергетика және ресурстық саясат саласындағы жетекші аналитикалық орталықтар" және "Жетекші мемлекеттік аналитикалық орталықтар" атты екі номинация бойынша ҚСЗИ өзінің 2016 жылы иеленген позицияларын сақтап қалды (тиісінше, 28-шы орын және 57-ші орын).

Рейтинг зерттеуге қатысатын орталықтарға, сондай-ақ экономикалық және саяси зерттеулер саласындағы 4 мыңнан астам сарапшылар мен саясаткерлерге, журналистерге жүргізілген сауалнама нәтижелері негізінде құрастырылады. Рейтинг жасаудың қорытынды кезеңіне беделді сарапшылар тобы қатысып, олардың пікірлері бойынша қорытынды шешім шығарылады. Рейтингті жасау үшін "аналитикалық орталықтарды" жіктейтін географиялық орналасуы, функционалдық және ұйымдастырушылық бағыты, ғылыми-талдамалық жұмыстың сапасы мен беделі, орталықтың "танымалдылығы", брифингтер мен ресми кездесулердің саны сияқты 30-дан астам әртүрлі критерийді қолданып, сондай-ақ арнайы жетістіктері үшін бірқатар номинацияларды қамтиды. Әлемдік "Global Go To Think Tank Index Report" рейтингісін жарияламас бұрын дүниежүзінің 150 қаласында, оның ішінде Астанада да "Why Think Tanks Matter 2018" жыл сайынғы жаһандық форумы шеңберінде бір уақытта әртүрлі іс-шара өтті.

Айта кетейік, 2018 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) құрылғанына 25 жыл толады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Институтты құру туралы Жарлыққа 1993 жылы 16 маусымда қол қойған болатын.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

`

Серіктестер жаңалықтары