Құрық порты арқылы жылына 2 млн тоннадай жүк шетел асады

15 қараша, 2018, 15:31 3107 Маңғыстау облысы
Құрық порты арқылы жылына 2 млн тоннадай жүк шетел асады

Маңғыстау облысында орналасқан қазақтың екінші теңіз қақпасының басшылығы ендігі жылы қабылдап-өткізетін жүк көлемін екі есеге арттыруды күн тәртібіне қойған.

Маңғыстау облысы Қарақия ауданының аумағында орын тепкен Құрық теңіз айлағы ағымдағы жыл басынан бері 1 млн 335 мың тонна жүк өткізді. Өткен 10 айда Каспий теңізімен шектесетін төрт мемлекеттен 500-ге жуық кеме қазақ портына зәкір тастаған. Енді Құрық порты арқылы жылына 2 млн тоннадай жүк шетел асады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Маңғыстау облысында бой көтерген құрғақ жүк түсіру-өткізу айлағы былтырғы жылдан бастап теңіз арқылы паром жөнелтуге көшкен еді. Қазақ елі тарихында алғаш рет вагонға тиелген отандық тауар су жолымен Бакуге жол тарты.

Құрық порты – Ақтау және Баутино порттарынан бөлек, еліміз егемендік алғалы тұңғыш рет жаңадан салынған теңіз айлағы. Индустрияландыру картасына енген жиырма сегіз жобаның бірі. Кешен тәулігіне бес паром қабылдап, бір жылда 4 млн тонна жүк жөнелтуге қауқарлы.

Порттың теңізбен жалғанар бөлігіне темір көпір орнатылып, паромдық кешен аумағында елуден астам ғимарат бой көтерді. Олардың қатарында әкімшілік, кедендік және шекаралық бақылау кеңселері мен қонақ үй бар. Порт жұмысшыларына арналған жатақхана да салынған.

Ендігі жылдары Қазақстан астығы мен мұнайын Каспий маңындағы елдерге өткізу көлемі бірнеше еселенбек.

Транскаспий жаһандық көлік дәлізінің маңызды бөлігі саналатын Құрық теңіз айлағынан бүгінде қазақ астығы, мұнай өнімдері мен тыңайытқышы тәулік бойы үзіліссіз су көлігіне тиеліп, жөнелтіліп жатыр. Одан әрі кемелер Каспий маңы елдеріне бағыт алып, Босфор шығанағы арқылы алдымен Түркияға, мұнан соң Еуропа елдеріне бағыт алады.

Бүгінгі таңда Құрық портын құрлықпен Боржақты – Ерсай теміржол желісі жалғайды. Сәйкесінше, теңіз айлағына жүк жеткізу көлемінің өсіп отырғаны байқалады. Порт басшылығы қазіргі межені ендігі жылы екі есеге көтеруді жоспарлап қойған.   

"Құрық порты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Талғат Оспановтың айтуынша, өткен жылы Құрық паромдық кешенінде автомобиль өткелі іске қосылғаннан бастап қазақ елінің транзит әлеуеті қысқа мерзімде қарқынды түрде өсе бастаған.   

"Құрық портына еліміздің бірнеше облысын жалғайтын тас жол арқылы Қытай Халық Республикасы мен Орта Азия елдерінен жүк көліктері келеді. Кейін олар бізге аялдаған паромдарғаға тиеліп, Каспий маңы елдеріне одан әрі Түркияға, Еуропа мемлекеттеріне таралады. Келіссөздердің нәтижелі жүргізілуінің арқасында Каспий аймағындағы төрт елмен арадағы әріптестік байланыс жанданып келеді. Келер 2019 жылы бүгінде жеткен көрсеткішті екі есеге көбейтуді күн тәртібіне қойып отырмыз", - дейді Талғат Оспанов.

Айта кетейік, Құрық паром кешені 2016 жылдың желтоқсан айында қолданысқа берілгеннен бері 2 млн 607 мың тонна жүкті шетел асырды. Былтыр теңіз портына 620 кеме аялдаған. Бір мезгілде бес паром қабылдауға қауқарлы айлаққа Қытайдан транзиттік тауарлар теміржолмен келеді. Құрықта су көлігіне тиеліп Түркияға, одан әрі Еуропаға таралады. Ал кері бағытта темір, жиһаз және азық-түлік тиелген вагондар Азия елдеріне жол тартады.

"Жылдың қай мезгілі болмасын мұндағы жұмыстың қарқыны қатты. Орта есеппен бір мезгілде кеме келіп, портқа аялдайды. Теміржол өткелі арқылы күніне 400-500 вагондарды паромдарға тиеп жібереміз. Алдымен порт аумағында тұратын вагондарға көмір, астық, мұнай өнімдері және Қытайдан келген транзиттік жүктер тиеледі. Сосын барып кемеге жалғанатын теміржол өткелі арқылы жүріп, су көлігіне өтеді. Күнінен шамамен 50-ге жуық вагонға салынған әртүрлі жүк паром арқылы көршілес Әзірбайжанға кетіп жатыр", - дейді порт мамандары.

Стратегиялық маңызды теңіз кешеннің паромдық өткелі былтыр қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен "Жаңа индустрияландыру: Қазақстан барысының серпіні" атты ұлттық телекөпір кезінде іске қосылған болатын.

Күллі қазақстандықтарға арналған сөзінде Елбасы "Біз Құрық портындағы паромдық өткелді іске қосып отырмыз. Бұл, порт Құрық-Баку-Грузия-Түркия- Еуропа бағытында жүк тасымалы бойынша жұмыс істеуге дайын. Енді Қазақстан тек құрлықтық мемлекет ғана емес, ол барлық теңіздерге шыға алады", - деді Президент.

Айта кетейік, 2017 жылы Қарақия ауданындағы Құрық теңіз айлағынан 3 миллион тонна жүк жөнелту жоспарланып, орындалды. Порт басшылары Каспийдегі барлық елдің теңіз айлақтарымен әріптестік қарым-қатынас орнатуда.

Қазақтың екінші теңіз порты – Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің ең маңызды бөлігі. Нақты айтар болсақ, Қытай мен Орталық Азия елдері Құрық порты арқылы сыртқы нарыққа, Европа елдеріне шығуға мүмкіндік алып отыр.

Қазіргі таңда Құрық паромдық кешенінде екі бірдей теміржол айлағы жұмыс істеп тұр. Әрқайсысы тәулігіне 50 вагон жүк сыйып кететін төрт бірдей алып кемені қабылдауға-жөнелте алады. Осы теміржол паромдық кешені арқылы былтыр екі жүзден астам су көлігіне жүк тиелді. Қазір осы айлақты облыстық маңыздағы даңғыл жолмен жалғайтын жаңа жол салынды.

Құрық теңіз порты – "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асқан жоба. Қазақ еліндегі жүк ағынының жыл санап артуына байланысты Каспий өңірі жаңа порт әлеуетін қарқынды түрде дамытуда. 2020 жылдары Каспий порттарының өткізу қуаты екі есеге өседі деген болжам бар.

Жауапты мамандардың айтуынша, бүгінде Қытайдан транзиттік жүктерді қабылдап, теңіз арқылы шетелге жөнелтуге нәтижелі жұмыстар жасалып жатыр. Қазіргі таңда Әзірбайжан мемлекетімен тұрақты паром қатынасы орнаған. Мұнан бөлек, бұл елмен тығыз әріптестік байланыс бар. Әзірбайжандық теңіз порттарының өкілдері Ақтау және Құрық су айлақтарымен күнделікті ақпарат алмасып отырады. 

"Құрық портынан жөнелтіліп жатқан жүктің басым бөлігі экспортқа шыққан отандық өнімдер. Негізінен мұнай, көмір, астық пен тыңайтқыштар тасымалдануда. Келешек Түркіменстан және Иран Ислам Республикасымен байланысты нығайтуды көздеп отырмыз. Келешекте осы бағыттар бойынша да паром қатынасы орнайтынына сенімдіміз", - дейді Құрық порты бас директорының орынбасары Талғат Оспанов.

Стратегиялық маңызы зор жобаның халыққа беретін игілігі тек мұнымен шектелмейді. Құрық теңіз портына Қарақия ауданының екі қолға бір күрек таппай жүрген жастары жұмысқа тұрып жатыр.

Арнайы бағдарлама аясында кәсіптік білім алған азаматтар алдымен Ақтау теңіз айлағында өндірістік тәжірибеден өтіп барып, мұнда келеді. Қазір бұл мамандар қомақты жалақыдан бөлек жайлы баспанамен де қамтылған.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: