Құрық портының жаңа мүмкіндіктері ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтады – Әлиев

Написать нам
12 тамыз, 2018, 21:17 2378 Маңғыстау облысы
Құрық портының жаңа мүмкіндіктері ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтады – Әлиев

Мемлекет басшысы Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Нұрсұлтан Назарбаев Әзербайжанның тұңғыш президенті Гейдар Әлиевтің кезінде басталған Каспийдің құқықтық мәртебесін реттеу үдерісі бүгінде тиісті Конвенцияға қол қою арқылы өзінің логикалық мәресіне жеткенін атап өтті.

Қазақстан Президенті кеше өңірдегі барлық елдер, соның ішінде Әзербайжан үшін жаңа көлік-логистикалық мүмкіндіктер беретін елеулі оқиға – Құрық порты мультимодальды хабының ашылғанын айтты.

"Біз бүкіл Қазақстан арқылы жүріп өтетін темір жол және 6 автомобиль жолын салдық. Соның ішінде екі жол Қытаймен шекарада орналасқан. Тынық мұхитының Ляньюньган портында логистикалық терминал тұрғызып, бүкіл Қазақстан арқылы өтетін заманауи автобан салдық", – деді Мемлекет басшысы.

Ильхам Әлиев Нұрсұлтан Назарбаевты Каспийде мультимодальды хабтың ашылуымен, сондай-ақ Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқанын көрсететін зор жетістіктермен құттықтады.

"Мен бауырлас Қазақстан жеріне тағы да келгеніме қуаныштымын. Маңғыстау өңірі бізге тарихи жағынан да, географиялық тұрғыдан да жақын. Құрық портының жаңа мүмкіндіктері ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта түседі", – деді Әзербайжан Президенті.

Ильхам Әлиев биылғы мамыр айында көлік легі интеграциясын толық қамтамасыз ететін Аляк портының ашылғанына тоқталып, екі елдің транзит мүмкіндігін пайдаланудың саяси және экономикалық тиімділігін атап өтті.

"Каспий сыртқы көлік артериясына айналды. Көптеген күрделі мәселелер жөнінде келісімге қол жеткізу ісіндегі Сіздің рөліңізді ерекше атап өткім келеді. Біз Конвенцияның барлық ережелерінің орындалып, Каспий теңізінің өңір тұрақтылығын әрі қарай да қамтамасыз ете беруіне ұмтылатын боламыз", – деді Әзербайжан Республикасының Президенті.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті. Гурбангулы Бердімұхамедов саммитке қатысуға мүмкіндік туғызғаны үшін ризашылық білдірді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар