Құрық теңіз айлағында цифрлық құрылғылар шекарашылар қызметін жеңілдетті

14 шілде, 2018, 12:37 2473 Маңғыстау облысы
Құрық теңіз айлағында цифрлық құрылғылар шекарашылар қызметін жеңілдетті

Цифрлы құрылғы көмегімен шекарашылар экипаж мүшелерінің құжатын тексеріп болғанша, қызметтік ит жетектеген кинолог, жолаушылар каюталарын бастан-аяқ тексеріп шығады.

Еліміздің екінші теңіз портына келіп тұрған су көлігі бортына шекарашылар "Бүркіт" бірыңғай ақпараттық желісіне қосылған компьютер мен қызметтік ит алып кіреді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Цифрлық құрылғы кеме экипаждары мен жолаушылар құжаттарын каюта ішінде тексеруге мүмкіндік береді. Ал иісшіл ит елімізге жасырын өтпекші болған тұлғаларды анықтап, заңсыз ақша мен есірткі тасымалының жолын кеседі.

Сенбі күні Құрық теңіз портына Әзірбайжан елінің құрғақ жүк және жолаушы таситын кемесі келіп тұрды. Алдымен ережеге сәйкес құс еті мен жеміс-жидек, көкөніс тиелген теміржол вагондары айлақтағы арнайы тұраққа  шығарылды. Сол жердегі кедендік бақылау қызметінің мамандары әр вагон есігіндегі аспа құлыптың бүтіндігін жекелей тексеріп, қарап шықты. Содан кейін қолына айналы құрал ұстап, иісшіл ит жетектеген шекарашылар, жүк тасымалы көлігін есірткі мен жарылғыш заттардың бар-жоғына тексеріп шықты.  

Айта кетейік, қызметтік итті күшік кезінен бір кинологтың тәрбиелеуі заңдылық. Ақылды мақұлық кейін есейе келе өз иесінің нұсқауынсыз артық әрекетке бармайды екен. Қазір жұмыс кезегінде жүрген Микка есімді ит есірткі іздеуден бөлек, күдікті тұлғаларды да ұстауға үйретілген.

"Жалпы айтсақ, мұндай қызметтік иттердің негізінен үш түрі болады. Атап кетсем, олар адамды ұстауға, жасырылған есірткіні табуға, заңсыз валюта тасымалының жол кесуге үйретіледі. Маған берілген Микка деген иісшіл ит есірткі заттарын табуға дағдыланған. Екі жастағы сенімді серігім берілген командаларды еркін қабылдап, жылдам орындайды" - дейді "Құрық теңіз порты" шекаралық бақылау бөлімінің кіші сержанты Ырысбек Амантаев.

Қазақ елінде жаңадан салынған екінші теңіз айлағы тәулігіне бірнеше кеме қабылдап-жөнелтеді. Шетелдік су көлігі портқа кіріп, тоқтаған соң корабль бортына құзырлы органдардың қызметкерлері көтеріледі. Комиссия құрамында шекарашылар, кеденшілер, порт мамандары мен "Қазақстан темір жолы" компаниясының өкілі бар. Бұл ретте әрбір өкілетті орган қызметкері өзіндік міндетін атқарады. 

"Құрық теңіз порты" шекаралық бақылау бөлімінің аға лейтенанты Жанат Бекболаттың айтуынша, "Құрық" теңіз портына бекітілген шекаралық бақылау бөлімшесі тәулік бойы демалыссыз жұмыс жасайды. Күні орта есеппен 2-3 кеме тексеріледі. Шекарашыларға жүктелген міндет - су көлігі арқылы елімізге келген шетел азаматтарын, кеме экипаждары туралы мәліметтерді "Бүркіт" бірыңғай ақпараттық жүйесіне мәліметтерін енгізу және Қазақстан Республикасына заңды жолмен өтуін қадағалау болып табылады.

Цифрлы құрылғы көмегімен шекарашылар экипаж мүшелерінің құжатын тексеріп болғанша, қызметтік ит жетектеген кинолог жолаушылар каюталарын бастан-аяқ аралап келеді. Құзырлы орган мамандардың айтуынша, Құрық порты ашылған сәттен бүгінгі күнге дейін бірде-бір заңбұзушылық дерегі тіркелмепті.

Ел қалқанын күзетіп жүрген жасыл түстес әскери киімдегі жауынгерлерді Ақтаудан ең шалғай орналасқан "Сүйе" техникалық бақылау бекетінен де кездестіре аласыз.

Мұндағы жеке құрам сапында бір офицер, бірнеше сарбаз бен қызметтік ит бар. Түрікмен елімен арадағы шекара белдеуінің теңіз, әуе және құрлықта бұзылмауын осы шағын жасақ цифрлық құрылғылар көмегімен қадағалайды. Оқыс оқиға болған жағдайда  іргелес әскери базадан көмек келгенше қауіп-қатерге тойтарыс беруге дайын.

Қарақия ауданындағы "Сүйе" техникалық бақылау бекеті мен "Даля" шекара базасының ара қашықтығы 15 шақырым. Қызметтік ит жетектеген сақшылар бекет қауіпсіздігін күзетсе, ауыспалы жұмыс кестесі бойынша екі сарбаз мемлекет қауіпсіздігінің бұзылмауын сандық үлгідегі құралдармен тәулі бойы қадағалап отырады. Құрлықта, әуеде, теңіз бетінде бейсауат жүрген техника не адам байқалса, дереу дабыл қағылады. Сол жерге қарулы жасақ жіберіледі.

"Сүйе" шекаралық бақылау бекеті радиолокациялық құрылғылар кешені, прожектор станциясы және басқа да техникалық құралдармен жабдықталған. Бізден 12 теңіз миль алыста жүрген ұшу техникаларын, көліктерді, кемелер мен қайықтарды монитордан көріп отырамыз. Белгіленген ара қашықтықтан жақындаса дереу әскери базаға хабарлаймыз. Мұндағы шекара жасағы  дайындалады" - дейді "Сүйе" техникалық бақылау бекеті бастығының міндетін атқарушы Мұхамед Сайранбеков.

Айта кету керек, әскери мақсаттағы цифрлық құрылғылар қолданысқа енгелі шекарашылар қызметі біршама жеңілдей түскен. Құрлықта жүрген күдікті адамды ұстауға қарулы жасақ жұмылса, әуе мен теңізден келер қатерге тікұшақтар мен ұшқыр катерлер тойтарыс бере алады. Мұндағы жауынгерлердің айтуынша, "Сүйе" техникалық бақылау бекеті жанынан айына 50-ге жуық су көліктері жүзіп өтеді екен.

Өте шалғай жерде орын тепкен шекаралық бақылау бекетіне іргелес әскери базадан айына екі рет азық-түлік жеткізіледі. Тимур Омаров осындағы жеке құрамның бесаспап аспазы. 22 жастағы жігіт Алматыда үш айлық курс оқыпты. Келер жылы туған қаласына оралған соң, кәсіби білімін жалғастырып, шағын дәмхана ашуды армандайды. 

"Мұндағы азық-түлік қоры екі аптаға еркін жетеді. Әскери базадан нан, жармалар, ет пен балық көлікпен жеткізіледі. Қарулас жолдастарымның өтінішімен көбіне-көп палау дайындаймын. Мерекелік күндері әртүрлі тәтті тағамдар пісіріп, тосын сый жасап тұрамын" - дейді ол.

Кезекшіліктен бос уақытта жас сарбаздар кітап-журнал оқып, ұлттық жерсеріктік хабар тарату желісіне қосылған теледидарды тамашалайды. Теңіз бен құрлықтың түйіскен жерінде тұрған шағын шекара бекетінде дойбы-шахматтан сайыстардың өтіп тұруы осы маңдағы шекара бөлімдері үшін қалыпты дәстүрге айналған. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: