Құтқарушылар суға түсу кезінде сақтық шараларын сақтауға шақырады - Жаңалықтар | BNews

Құтқарушылар суға түсу кезінде сақтық шараларын сақтауға шақырады

20 шілде, 15:03 3054 Астана
Құтқарушылар суға түсу кезінде сақтық шараларын сақтауға шақырады

Осы жылы суға шомылу маусымы басталысымен, елорданың су айдындарында 15 адам қаза тапты, оның тоғызы бала.

Елордалық Төтенше жағдайлар департаменті БАҚ өкілдерімен кезекті көшпелі брифинг өткізді, деп хабарлайды BNews.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бұл брифинг судағы адам қазасы жағдайларына байланысты, атап айтқанда "Пригородный" тұрғын алабындағы болған оқиғаларға негізделді. Бұл жерде суға шомылу маусымы басталғаннан бері 9 адам суға кеткен, оның 7-і кәмелетке толмағандар. Соңғы оқиға бүгін түнде болған, 2004 жылы дүниеге келген бала суға батып кетті. Суға шомылу кезеңі басталысымен, астаналық жағажайда құтқарушылардың кезекшілігі ұйымдастырылады. Суға түсетін жағажайлар қалыпқа келтіріліп, суға шомылу үшін толық жабдықталады.

Алайда дайындық жоғары деңгейде жасалса да, адамдардың басым бөлігі шомылуға жабдықталмаған жерлерде суға кетіп жатады. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі судағы қауіпсіздік қағидасын сақтамаудан. Осы жылы суға шомылу маусымы басталысымен, су айдындарында 15 адам қаза тапты, оның ішінде 9-ы бала. Былтыр 17 адам қаза тапқан, оның 3-і бала.

Барлық суға кету жағдайлары суға шомылуға жабдықталмаған жерлерде және балаларды қараусыз қалдыру салдарынан болып отыр. Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері күн сайын үгіт-профилактикалық жұмыстарын жүргізеді. Жергілікті полиция қызметі қызметкерлерімен бірлесе рейдтік жұмыстар жүргізеді, рейд жүргізу барысында 25 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.

Рейдтік шаралар кезінде департамент қызметкерлері дауыс зорайтқыштарды белсенді түрде қолданады.Дауыс зорайтқыш көмегімен суға шомылуға рұқсат етілмеген жерлерден адамдардың кетуін талап етеді, сонымен қатар ересек адамдардың балаларды әрдайым бақылауда ұстауын ескертеді.  Барлығы 35 рейд өткізіліп, 1115 жадынамалар таратылған. 

Департамент және құтқарушылар жасақтар тобының қызметкерлері өткізген брифинг барысында тыйым салу белгілері қайта орнатылды, сонымен қатар судағы қайғылы жағдайлармен күресудің жаңа әдісі қолданылды, яғни шағын газ балонын себу көмегімен "Шомылуға тыйым салынған" жазуы жазылды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары