Латын әліпбиіне көшіру туған тілімізді тыңнан түлету талабына сай келеді – Сауытбек Әбдірахманов - Жаңалықтар | BNews

Латын әліпбиіне көшіру туған тілімізді тыңнан түлету талабына сай келеді – Сауытбек Әбдірахманов

11 қыркүйек, 14:22 376 Астана
Латын әліпбиіне көшіру туған тілімізді тыңнан түлету талабына сай келеді – Сауытбек Әбдірахманов

Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов қазақ графикасының латын әліпбиіне көшу жөніндегі парламеттік тыңдау барысында айтты, деп хабарлайды Bnews.kz 

Сауытбек Әбдірахмановтың айтуынша, латын әліпбиіне көшіру уақыттың талабына да, туған тілімізді тыңнан түлету талабына да сай келеді.

«Біз бүгін халқымыз үшін, ұлтымыз үшін, тіліміз үшін, діліміз үшін, рухымыз үшін шын мәнінде тарихи мәні бар, тағдыр шешті мәселені қарастырып отырмыз. Халықтың басым бөлігінің ортақ ойы қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру уақыттың талабына да, туған тілімізді тыңнан түлету талабына да сай келеді дегенге саяды», - деді депутат.

Ол латын әліпбиін жасау кезінде оның халқымыз үшін ең дұрыс таңдау екенін дау туғызбастай дәлелдеу өте қажет екендігін де жеткізді.

«Жаңа әліпбиді жасау кезінде халқымыздың, өзге елдердің сан ғасырлық жазба тарихы зерделенгені, оған латын жазуының классикалық үлгісі басшылыққа алынғаны жан-жақты түсіндірілуі, бұл таңдаудың  ең оңтайлы, ең дұрыс таңдау екенін дау туғызбастай дәлелдеу өте қажетті», - деп жалғастырды С. Әбдірахманов.

Сондай-ақ бұл өзгерісті тарихи шешім ретінде теңестірді.

«Біздің алдымызда талай жылдарға созылатын, жүйелі, табанды түрде жүргізуді қажет ететін қиын жұмыс тұр. Бойымызда бар енжарлықтан, еріншектіктен арыла білсек, ертеңімізді ойлайтын ел екенімізді дәлелдегіміз келсе, елдігімізді еңселендіргіміз келсе бұл іске тәуекеліміз тұруға тиіс. Алфавит ауыстыру алдағы онжылдықтарға ғана емес, ғасырларға есептелген ірі іс, шын мәнінде тарихи шешім», - деді депутат.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар