Латын әліпбиіне негізделген жаңа емле ережелері Семейде сынамадан өтті

07 тамыз, 2018, 12:12 3673 Шығыс Қазақстан облысы
Латын әліпбиіне негізделген жаңа емле ережелері Семейде сынамадан өтті

Абай топырағында жалғасқан сынамаға 150-ден аса адам қатысты.

Қазақ жазуының уақыт талабына сай латын графикасына көшірілуі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен жүзеге асырыла бастаған тəуелсіз Қазақстанның тəуелсіз өз шешімі. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі  Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Қазақ тілінің латын графикасына негізделген жаңа емле ережелері қанатқақты жобасының сынама жұмыстарын Семей қаласында Абай туған топырақта жалғастырды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Рымбек Байсеитов  атындағы Семей қаржы-экономикалық  колледжінің төрт аудиториясында Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының, Әдістемелік бөлімнің басшысы Сабира Сапина, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының кафедра меңгерушісі Нәзигүл Төленбергенова, "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының терминология және ономастика  бөлімінің жетекші ғылымы, филология ғылымдарының кандидаты Бақытгүл  Ысқақова және аталған орталықтың  мамандары сынақ сауалнама жүргізді.

Ақпараттық-насихат жұмыс тобы латын графикасының маңыздылығына тоқталды. Мамандардың айтуынша, жазу жеңіл де айқын, оқу нақты да қазақ тілінің дыбысталуымен, ішкі заңдылықтарымен  сəйкес келгені абзал. Осы бағытта жазуға қатысты сала мамандары көп ізденіп, жұмыс жүргізуде. Қазірден  емле ережелер жобасын пысықтауымыз, жеті рет өлшеуіміз, ойлануымыз, ізденуіміз керек. Өйткені болашақ бүгінен басталады, деген пікір білдірді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласы: дәуірлік талаптар және жаңа қазақ әліпбиі атты ақпараттық-насихат тобының жетекшісі, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы  Жандос Смағұлов, "Тіл-Қазына"  ұлттық ғылыми-практикалық орталығының терминология және ономастика  бөлімінің жетекші ғылымы, филология ғылымдарының кандидаты Бақытгүл Ысқақова  сынамаға қатысушылар алдында  баяндама жасап,  сұрақтарға жауап берді.

"Кез келген ұлттың ұлттық тілін айшықтап тұратыны оның әліпбиі. Тілдің қанатын кеңге жаюы да, бәсекеге қабілетті болуы да, өміршеңдігі де әліпбидің орнықты түзілуімен, сапалы жасалуымен өлшенетіні анық. Бұл тұрғыдан келгенде тілдің кемелденуінде әліпбидің алатын орны да ерекше. Онымен тарихымыз қатталып, халықтың дүниетанымы қалыптасады. Жазу мәдениетіміз өркендейді. Әліпбидің білім мен ғылым саласына тигізетін ықпал-әсері де аз емес. Ал жазудың емле ережесі әліибидің жүрегі", - деп ойын жалғастырды Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы  Жандос Смағұлов.

Латын графикасына негізделген жаңа емле ережелері сынақтан өтуде. Оның өміршеңдігі ертеңгі қабылданар емле ережелеріне негіз болады.  

"Кез келген елдің тарихы мен мәдениетінің көрсеткіші мемлекет тілінің, ұлт рухының көтерілген биігімен өлшенеді. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болуы тиіс. Сондықтан латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің  жаһандану үдерісіндегі ақпараттық кеңістікке кірігуіне жаңа мүмкіндіктердің ашылуы деп білген жөн. Сондай-ақ латын әліпбиіне көшу – Қазақстан халқының алға ұмтылуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, халық игілігіне қызмет етеді деп ойлаймыз. Бүгінгі латын графикасына негізделген жаңа емле ережелері сынамасы игілікті істердің бастауы. Сіздердің ой-пікірлеріңіз маңызды" – деп ойын білдірді "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының терминология және ономастика  бөлімінің жетекші ғылымы, филология ғылымдарының кандидаты Бақытгүл Ысқақова.

Сынамаға қаладағы барлық басқармалар, департаменттер, әкімдіктер қызметкерлері, оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері, ЖОО студенттері қатысты. Сынаққа жалпы саны 150 адам қатысты, оның ішінде жартысынан көбі басқармалардың  қызметкерлері.

"Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің ғылыми-тәжірибелік негіздері" республикалық конференциясында барлық жұмыс тобы мүшелерінің және ең білікті лингвист ғалымдардың қатысуымен емле ережелердің концепциясы кең түрде талқыланды. Конференцияда емле ережелердің концепциясы мақұлданып, фонематикалық принцип негізге алынсын делінген болатын. Соған сәйкес, жаңа әліпби емлесінде сөздер үнемдеу принципі арқылы жазылады. Қажет тұстарда фонетикалық, морфологиялық, тарихи-дәстүрлі принциптер де ескерілмек.

"Әліпби тек лингвистикалық құбылыс қана емес. Оны күнделікті жалпы халық тұтынатын болғандықтан да, ол – әлеуметтік құбылыс. Яғни егер біз үнемдеу принципін қолданбай, фонетикалық принципке жүгінсек, сөздердің жазылуында шұбалыңқылыққа жол берер едік. Бұл лингвистикалық, психо­логиялық қосымша кедергілер қалыптастырып әліпбиді, жазу дағдысын игеруді ұзақ уақытқа созып жібереді. Ендігі мақсат мақұлданған емле концепциясына сай жаңа әліпбидің ережелерін дайындау және оны сынақтан өткізу болады. Соның дәлелі бүгінгі сынақ сауалнама жүргізу", - деді Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының кафедра меңгерушісі Нәзигүл Төленбергенова

Сынама нәтижесінде анықталған статистикалық әрі сапалық мәліметтер емле ережелерінің жалпыхалықтық қолдауға ие нұсқасын әзірлеуге септігін тигізеді.

Еске сала кетейік, қазақ тілінің латын графикасындағы емле ережесін апробациялау басталғаны туралы осыған дейін айтқан едік. 

Оқушылар тестілеуден өтіп, лингвист ғалымдарға жаңа әліпбидің орфографиялық мәселелерін анықтауға көмектесті.

Қазақстанның барлық өңірлерінен жазғы демалыстарын "Балдәурен" оқу – сауықтыру орталығына өткізуге келген 300-ге жуық оқушы латын графикасындағы қазақ тілінің жаңа емле ережесінің пилоттық жобасын апробациялауға қатысқан еді. Оқушылар тестілеуден өтіп,  лингвист ғалымдарға жаңа әліпбидің орфографиялық мәселелерін анықтауға көмектесті. Тапсырмалар жинағы алты парақтан тұрады. Басында сауалнамалық мәліметтерді толтыру қажет.  Жинақтың бірінші тапсырмасы оқушыға оның пікірі бойынша қазақ сөздерін латын қаріпіндегі ыңғайлы және дұрыс нұсқасын  таңдауды, сондай-ақ ұсынылған "дұрыс" және "икемді" деген сөздерді екі  нұсқада жазуды ұсынады. Сондай-ақ, оқушылар  өздеріне ұнаған нұсқадағы сөздерді және  оларды латын қаріпінде де, кирилицада да жаза алады. Жинақтың соңғы парағы оқушылар өздерінің ескертулерін  жазу үшін қалдырылған.

Сондай-ақ, жаңа емле ережелері сынамасы Қарағандыда өтіп жатқаны туралы осыған дейін хабарланған болатын. Сынамаға Абай, Саран, Теміртау, Шахтинск қалаларындағы барлық басқармалар, департаменттер, әкімдіктер қызметкерлері, оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері, ЖОО студенттері қатысты. Сынаққа жалпы саны 250-ге жуық адам қатысты, оның ішінде жартысынан көбі басқармалардың  қызметкерлері болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында: "Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен ғана емес, адамдарының бәсекелік қабілеттілігімен айқындалады" деп атап көрсетті. Бүгінгі таңда үш тілді білу – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, қабілетін танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік. Мұның негізгі  мақсаты бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру болып табылады.

Жазу –  ұлттың тарихы, ұлт мәдениетінің таңбаланған жәдігері. Жазудың өзгертілуі сол халықтың қоғамдық өмірінің барлық саласына, рухани әлемі мен мәдени деңгейіне әсер ететінін ескерсек, жаңа әліпбидің емле ережелері жазбаша тіл мәдениетін қалыптастыруға қызмет ететіні сөзсіз. Оның айқын дәлелі бүгінгі латын графикасына негізделген  жаңа емле ережелері  жобасын  сынамадан өткізу болып табылады.

Жаңа емле ережелері сынамасы Өскеменде де жалғасты. Сынамаға  Өскемен,  Риддер, Зырянь, қалаларындағы барлық басқармалар, департаменттер, әкімдіктер қызметкерлері, оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері, ЖОО студенттері қатысты. Сынаққа жалпы саны 150 адам қатысты, оның ішінде жартысынан көбі басқармалардың  қызметкерлері.

Сондай-ақ, латын графикасына негізделген емле ережелерінің сынамасы Қызылорда облысында да өтті. Сынамаға Қызылорда облысының барлық басқармалар, департаменттер, әкімдіктер қызметкерлері, оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері мен әскери қызметшілер қатысты. Сынаққа жалпы саны 500 адам қатысты.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: