Латын әліпбиінің жаңа нұсқасына бірқатар ғалым пікір білдірді - Жаңалықтар | BNews

Латын әліпбиінің жаңа нұсқасына бірқатар ғалым пікір білдірді

21 ақпан, 16:28 2267
Латын әліпбиінің жаңа нұсқасына бірқатар ғалым пікір білдірді

Президент жарлығымен бекітілген латын графикасының жаңа нұсқасына байланысты Мемлекет тарихы институтының ғалымдары пікір білдірді, деп хабарлады National Digital History of Kazakhstan порталы.

Тарих ғылымдарының кандидаты Дүйсен Сейітқали латын әліпбиіне көшу қазақ ұлтының тағдыры мен болашағына өзгеріс әкелетін өте маңызды оқиға екенін атап өтті.

"Тіл білімі ғалымдары бастап, зиялы қауымның басым бөлігі қостап сонау тәуелсіздік жылдарынан бастап ауық-ауық көтеріліп жүрген латын әліпбиіне көшу мәселесіне Елбасы саяси шешім қабылдап соңғы нүкте қойылды. Мәселені халық болып талқылау барысында түрлі пікірлер айтылды, қарсылықтар да болды. Бұл қалыпты жағдай. Өйткені Қазақстан қоғамының, қазақ ұлтының тағдыры мен болашағына өзгеріс әкелетін өте маңызды оқиға болғандықтан бейтарап қалу мүмкін емес еді", - деді тарих ғылымдарының кандидаты.

Сондай-ақ, ол латын әліпбиіне көшкен кейбір түркі тілдес елдердегі жағдайды мысал ретінде айтып, латын графикасын қалай тезірек меңгеруге болатыны туралы пікірімен бөлісті.

"Мамандардың пікірінше, латын әліпбиі компьютер тілі және тілімізді халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады, түркі тілдес елдермен ынтымақтасуды кеңейтеді. Ендігі латын әліпбиін кімдерге қалай, қанша уақытта үйретуге болады деген мәселеге тіреледі. Латын әліпбиіне көшкен кейбір түркі тілді республикада мектеп оқушылары мен студент жастар тез меңгергендерімен ересектер, орта жастан асқандар үйрене алмай кириллицада қалып екі топ бірінің жазғанын бірі оқи алмай қиналуда екен. Менің ойымша, латын әліпбиін тезірек, ұйымдасқан түрде және ғылыми негізде үйретуге назар аудару керек сияқты. Латын әліпбиі ең алдымен қазақ ұлтына қатысты болғандықтан бәріміз жұмыла осы іске кірісуіміз қажет. Латын әліпбиін үйрену – латын тілін емес, таңбасын (әліпбиін) игеру ғой", - деді Дүйсен Сейітқали.

Тарих ғылымдарының кандидаты Құндызай Ерімбетова латын графикасын үйрену қазақстандықтардың рухани-мәдени әлеуеті деңгейін ны­ғайтатынын алға тартты.

"Қазақстан үшін латын қарпіндегі жаңа әліпби – әлемнің ақпараттық кеңістігіне кіруге, озық технологиялар мен компьютер тілін меңгеруге жол аша­ды. Қазақстандықтардың рухани-мәдени әлеуеті деңгейін ны­ғайтады. Бірте-бірте қазақ тілі бауырлас түр­кітілді елдермен жақындай түседі. Үш тұғырлы тіл арқылы, қазақ тілінің халықаралық сипат алуы, инновациялық техникалық құралдардың тілін меңгеру жеңіл болмақ. Бұл – қазақстандықтарды, түбі бір түркі елдерімен туыс­тық қарым-қатынасты ны­ғай­тып қана қоймай, ел мен елдің ынтымағын арттырары сөзсіз. Бұл – ауқымды дипломатиялық қатынастарға, өркениеттік рухани-мәдени қатынастар мен діни конфессияаралық үндестіктердің қалыпты дамуына ықпал етеді. Жаңа әліпби – әлемдік өркениет өрісіне апарар тура жол", - деді Құндызай Ерімбетова.

Тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Еңсенов жаңа редакциямен шығарылған латын әліпбиінің ерекшеліктерін атап өтті.

"Қазақстан Президенті Н.А. Назарбаев 2018 жылдың 19 ақпан күні №637 Жарлыққа қол қойды. Онда "Қазақ тілін кириллицадан латын тіліне көшіру" туралы аса маңызды мәселе аталған. Қазақстан халқына лайықталған жаңа латын алфавитінде  32 әріп, оның ішінде қазақ тілінің төл әріптерін ерекшелеп көрсету үшін 6 әріп (ә, ғ, ң, ө, ү, у) көрсетілген. Одан кейін 2 әріп – ш, ч әріптерін екі әріпті қосып жазу арқылы берілген. Бұл нұсқа бұрынғыларына қарағанда жазудың ыңғайына дұрыс құрылған сияқты", - деді Қанат Еңсенов.

Сонымен қатар, ғалым 1929-1940 жылдары латын алфавиті Қазақстанда қолданыста болғанын айтты.

"Қазіргі заманда әлем бойынша мойындалған және БҰҰ-да тіркелген 6 тіл бар. Олар: ағылшын, француз, араб, қытай, орыс және испан тілдері. Бұл тілдер жер шарының мемлекеттеріне кең таралған. Бүгінгі күні жаһандану заманында ақпарат алмасудың және технологияның тілі ағылшыншаға басымдық беріліп отыр. Өйткені, әлемге кең таралған ағылшын тілі көп қолданысқа ие екендігі белгілі. Яғни, ағылшын тілінің бүкіл әлем бойынша ортақ түсінісетін, ақпарат пен технологияны дамытуда үлкен артықшылығы бар. Енді, осындай жаһандану жағдайында Қазақстан Республикасы әлемдегі дамыған мемлекеттердің көшінен қалмау үшін және бүкіл дүниежүзілік ақпарат пен технологияның, білім мен ғылымның кеңістігіне енуі үшін аса қажет латын алфавитін үйрену, меңгеруі және сол алфавитте жазуға көшуге қадам жасауы заман талабынан туындап отыр. 1929-1940 жылдары латын алфавиті Қазақстанда қолданыста болды. Бірақ, Совет Одағы заманында 1940-1941 жылдары Қазақстан Үкіметі қаулысымен кириллицаға көшті. Кириллицада қазақ халқының мәдениеті, әдебиеті және тарихы жазылды. Бұл өткен тарих, оны ешкім сызып тастай алмайды. Бірақ, енді мынадай мәселелер туындап келе жатқаны белгілі: бұрын кириллицамен жазылған шығармалар қайда қалады? Оларды келешек жас ұрпақ оқи ала ма деген заңды сұрақ қойлып келеді. Ол мәселе қазіргі ақпарат заманында техника арқылы жүзеге асуға тиісті. Одан кейін сол латын алфавитін балабақшаларда, орта мектептерде және ЖОО-ында үйрету керек. Яғни, оны жазу мен оқуды үйретудің бірнеше сатылы мемлекеттік механизмдерін ойластыруы тиіс. Олар қандай деңгейде жұмыс жасау керектігі анықталуы шарт", - дейді тарих ғылымдарының кандидаты.

Сөз соңында Қанат Еңсенов жоғарыда аталған мәселелерді мемлекет тарапынан қадағалайтын, бақылайтын арнайы мекеме қызметкерлері болуы қажет екендігін айтты.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары