Мәди Манатбекұлы: Нақты радиоұйым аясына бірігу баршамызға тиімді - Жаңалықтар | BNews

Мәди Манатбекұлы: Нақты радиоұйым аясына бірігу баршамызға тиімді

11 шілде, 17:34 1569 Астана
Мәди Манатбекұлы: Нақты радиоұйым аясына бірігу баршамызға тиімді

Мұндай ұсынысты"ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ" ЖШС Бас директоры "Азияның медиа диалогы" форумының кезекті жиынында ұсынды.

Астанада әлемдік деңгейдегі журналистер мен телерадио басшылары басын үш күнге қосқан "Азияның медиа диалогы" форумының кезекті жиыны өтті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. 

Нақты радиоұйым аясына біріксек бәрімізге де тиімді болар еді. Алғашқы қадам ретінде Түркітілдес елдердің радио одағын құруды ұсынамын. "ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ" ЖШС Бас директоры Мәди Манатбекұлы "Азияның медиа диалогы" форумына жиналғандарға осындай ұсыныс жасады.

"Бұл барлығымызға осы мемлекеттердегі соңғы жаңалықтардан, өзгерістерден және басқа да медиа трендтерден дер кезінде хабардар болуға мүмкіндік береді. Радио нарықтағы жаңалықтардан қалмау үшін менеджерлердің әр жаңалықты үнемі бақылап, сараптап отыруы, тыңдарманның қалауын дөп баса алуы және оларға қажет жаңа жобаларды ұсына білуі бірінші кезектегі мәселе. Тәжірибе алмасу арқылы мамандарымыздың кәсіби біліктілігін арттыра аламыз. Ол үшін мамандардың кәсіби біліктілігін үнемі тренинг, семинар арқылы арттырып отыру керек. Аталған мәселені осы форум аясында әріптестік меморандумдарына қол қою арқылы шешуге болады деп ойлаймын", - деді радиолар басшысы.
Мәди Манатбекұлы сөзін ары қарай серіктестіктің халықаралық байланыс саласында қол жеткізген жетістіктерімен сабақтады.

"Бүгінде ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ Түркияның мемлекеттік "ТRT" телерадио корпорациясына қарасты "Түркия радиолары" басқармасымен әріптестік келісім жасаған. Енді жыл сайын серіктестік қызметкерлері Түркияда ақысыз тәжірибеден өте алады. Ортақ келісім нәтижесінде "Қазақ радиосы" әзірлеген, халқымыздың салт-дәстүрі мен ән-күйін насихаттайтын "Түркістаннан тарту" бағдарламасы "Түркия үні" радиосының эфирінен шыға бастады", - деді спикер.

Сондай-ақ, ол Түркиядағы қазақтардың өмір салтымен, екі мемлекет арасындағы мәдени іс-шаралармен таныстыратын хабар "Қазақ радиосының" эфирінен беріліп жүргенін айтты.

"Түрік әріптестеріміз қазақ тілінде дайындап беретін "Анадолы тынысы" хабары "Қазақ радиосының" эфирінен беріліп жүр. Бағдарлама мақсаты – Түркиядағы қазақтардың өмір салтымен, екі мемлекет арасындағы мәдени іс-шаралармен таныстыру. Сонымен қатар, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзірбайжанмен бірлескен жобалар дайындау бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бірақ бұл тек екіжақты шаралар", - деп баяндады Мәди Манатбекұлы. 

Сөз соңында қазақстандық радиолар басшысы нақты радиоұйым аясына бірігу келер күннің еншісінде екенін атап өтті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгінгі өткен жиын барысында "ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ" ЖШС Бас директоры Мәди Манатбекұлы радионарықтағы жаңа өзгерістерге ілесу заман талап еткен негізгі міндет екенін, сондай трендтің бірі радионы визуализациялау болып саналатынын атап өтті. 

Оның мәлімдеуінше, радионы визуализациялау жоспары бойынша 2018 жылдың мамырынан бастап Қазақ радиосының тікелей эфир студиясына 360 градустық кәсіби робот камералар орнатылған. Бүгінде осы құрылғылар арқылы Қазақ радиосы Instagram, Facebook, ресми сайтта және YouTube арнасында тікелей эфирде, тестік режимде хабар таратады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: