Мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы "ұлттық стратегия" емес – Сағынтаев - Жаңалықтар | BNews

Мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы "ұлттық стратегия" емес – Сағынтаев

24 сәуір, 13:44 1752 Астана
Мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы

Үкімет басшысы бүгінгі отырыста баяндама оқығандарға ескерту жасап, сынға алды.

Бүгін өткен Үкімет отырысында бірқатар баяндамашы 2018-2027 жылдарға арналған етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын ұлттық стратегия деп атады. Соған қатысты Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев аталған бағдарламаны ұлттық стратегия деп атауға болмайтыны жөнінде ескерту жасады, деп хабарлайды BNews.kz.

"Біз кеше Бағдарламаның атауы туралы айттық. Бізде дамыған отыз елдің қатарына кіруге бағытталған тек бір ғана Ұлттық бағдарлама бар – ол 2050 жылға дейінгі "Мәңгілік ел" бағдарламасы. Сондықтан да етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын ұлттық стратегия деп атаудың қажеті жоқ. Ол "2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы" аясында етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы ретінде қалуы керек. Барлық баяндамашы мұны ұлттық стратегия деп атады, алайда бұл дұрыс емес", - деп түсіндірді Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев.

Үкімет басшысы сондай-ақ, етті экспорттауды дамытудың қажеттілігін атап өтті.

"Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасында экономикамызды дамытудың басты құралы ретінде ауыл шаруашылығы, соның ішінде етті мал шаруашылығы болуы керектігін айтқан болатын. Біз бұл бағдарламаны дамытуға бар күшімізді салуымыз қажет. 2010-2016 жылдары біз 60 мың ірі мүйізді қара мал етін экспорттауды өзіміздің міндеттемемізге алдық. Алайда ол орындалған жоқ. 2016 жылы әртүрлі жағдайға байланысты біз 6,8 мың тонна етті экспортқа шығардық. Қазір Мемлекет басшысының жасаған әрекетінің арқасында Қытайға жылқы және қой өнімдерін, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктеріне ірі мүйізді қара мал өнімдерін жеткізуге қатысты қиындықтар алып тасталды. Осы жылдың соңына дейін Қытай еліне ірі мүйізді қара мал етін жеткізуге байланысты жүргізілетін жұмыстар аяқталады. Бізде болашақта экспортты арттыру үшін мүмкіндіктер ашылады", - деді Бақытжан Сағынтаев.

Аталған мәселеге байланысты Үкімет басшысы құзыретті мемлекеттік органдармен жоспарланған барлық іс-шараны келісіп, жұмыс атқаруды тапсырды.

Еске сала кетейік, сонымен қатар бүгін Үкімет үйінде өткен отырыста 2018-2027 жылдарға арналған ет мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев айтып берді. Аталған бағдарламаға сәйкес, фермерлік шаруашылық көрсеткіштерін бірнеше есе арттыру жоспарланып отыр. Бұл мақсатты көрсеткіштер 2018-2027 жылға арналған ет мал шаруашылығына байланысты бағдарламада қарастырылған.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары