МӘМС медициналық бизнестің дамуына жағдай жасайды - Жаңалықтар | BNews

МӘМС медициналық бизнестің дамуына жағдай жасайды

20 сәуір, 12:04 3091 Астана
МӘМС медициналық бизнестің дамуына жағдай жасайды

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының дәрігерлермен жеке келісімшарттар бекітуге мүмкіндігі бар.

Жалпы тәжірибелік дәрігер өздігінен  жеке кәсібін жүргізе алады. Ол үшін дәрігер медициналық қызмет көрсетуге рұқсат беретін мемлекеттік лицензия алып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының медициналық қызмет көрсетуден үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің мәліметтер базасына кіреді. Ары қарай офис ашып, өзіне 2 мың адам тіркеуі қажет, деп хабарлайды BNews.kz.

"Мұндай тәсіл тұрғындар үшін білікті медициналық көмектің қолжетімділігіне қатысты біршама мәселелерді шешуде өз септігін тигізеді. Дәрігер өзіне қолайлы ғимаратты жалдай алады, мейлі ол тұрғын үй кешенінің бірінші қабаты немесе медициналық орталықтағы кабинет болсын. Медициналық сақтандыру қоры дәрігермен жылдық келісімшарт бекітеді. Бұл барлығы үшін қолайлы: дәрігерге де, тұрғындарға да", - деді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Қажет болған жағдайда дәрігер науқасты қосымша медициналық талдау жасауға қосалқы мердігерлік шарт бойынша қызмет көрсететін зертханаға немесе басқа да салалық дәрігерге жолдай алады. Амбулаторлық кабинет үшін үстел, орындық, кушетка, компьютер және принтермен жабдықталғаны жеткілікті. Биылғы жылы республика бюджетінен денсаулық сақтау саласына бөлінген 917 млрд теңгенің 318 миллиарды емханалық-амбулаторлық көмекке бағытталған. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары