Маңғыстау облысы 2019 жылы 100 пайызға балабақшамен қамтылады

Написать нам
18 қазан, 2018, 18:07 3351 Маңғыстау облысы
Маңғыстау облысы 2019 жылы 100 пайызға балабақшамен қамтылады

Бүгінгі таңда бұл саладағы көрсеткіш 97,1 пайызды құрайды.

2019 жылы Маңғыстау облысында 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды бөбекжаймен қамту 100 пайызға жетпек. Бүгінде бұл саладағы көрсеткіш 97,1 пайызды құрайды. Бұған шалғай өңір табиғи туу бойынша республикадан жетекші орында тұруы басты себеп, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Балабақша жетіспеушілігін жоюда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған әлеуметтік маңыздағы кешендер сеп болуда. Биылғы жыл соңына дейін 20 бөбекжай қолданысқа беріледі деп жоспарланған.

Қала іргесінде жаңадан бой көтерген 17-ші шағын ауданда осыған дейін балабақша жоқ болатын. Өткен шілде айында алғашқы бөбекжай есігін айқара ашты. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген бастапқы білім беру нысаны 240 орындық. Екі бөліктен тұратын бөбекжай тұрғын үйдің 1-қабатында орналасқан. Әзірге мұнда 200-ден астам бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Бала саны жыл аяғына дейін толығарына күмән жоқ.

"Мұнда 8 топ бар. Екі ғимаратқа 240 бала екіге бөлініп тәлім-тәрбие алады деп есептеп отырмыз. Біз мемлекеттік стандартпен бірге одан тыс білім беру тәсілдерін қолданамыз. Мәселен, дәріс беруге құм және асық терапиясын, шахмат енгіздік. Шахматты ересек топтағы балалар аптасына бір рет ойнап үйренеді. Бұдан басқа логопед маманның көмегіне жүгінеміз. Себебі мектепке баратын балалар таза сөйлеп, дыбыстарды анық айтуы керек", - дейді жекеменшік бөбекжай директоры Гүлайым Тұрланқызы.

Балабақшаны салған кәсіпкер ұжымның қызметіне жеткізіп, үйлеріне баруы үшін арнайы көлік бөлек. Санаты жоғары мамандар тиісінше қомақты жалақы да алады. Мұнда қазір 10 тәрбиеші жұмыс істейді. Барлығы мектепке дейінгі оқытуда уақыт талабына сай өзгерістер енгізуге жұмыла кіріскен.

Мәселен, құм және асық терапиясын бүлдіршіндер қызыға әрі қуана қабылдайды. Құм бетіне қолмен түрлі бейне сызу арқылы баланың өзіне сенімі нығайып, шығармашылық қабілеті дамиды. Ал асық ату сәбиді ептілікке баулып, ұтқан сақаларын санау арқылы есепке жүйріктігін қалыптастырады.

Балабақша әдіскері Раиса Аргенованың айтуынша, асық жинауға ұжымнан бөлек ата-аналар да белсене араласқан.

"Бала боялған сақаларға қарап түстерді ажыратуды үйренеді. Ойын кезінде бір-біріне тізу арқылы қолының ұсақ моторикасы дамиды. Келешек асықтан құралған тақтайшалармен жұмыс жасауды ойлап отырмыз. Олар бүлдіршіннің аяқ етін қатайтып, жалпақтабан болмауына сеп болады", - дейді педагог-маман.

Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында 273 мектепке дейінгі білім беретін мекеме жұмыс істейді. Оның 52 пайызы мемлекет, қалғаны жеке меншікте. Айта кетейік, өңір кәсіпкерлерінің бөбекжай салуға ынтасы жоғары. Жуық арада бес балабақша халық игілігіне беріледі деп күтілуде. 

"Олардың төртеуі Ақтау қаласында орналасқан. Бұрынғы балабақша ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, сенімгерлік басқаруға берілді. Сонымен қатар, тағы бір балабақша Мұнайлы ауданында салынып жатыр. Қазіргі таңда 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту 97,1 пайызды құрайды. Келер жылы кезектілікті толығымен қамтитын боламыз деп жоспарлап отырмыз", - дейді Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева.

Осы жылы Маңғыстау өңірі бойынша 33 балабақша ашу жоспарланған. Барлығы да мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында бой көтеруде. Бүгінде 13-і пайдалануға берілді. Қалып тұрған жыирма бөбекжай жыл аяғына дейін ашылады.

Балабақшамен қамтудан бөлек студенттерге арналған жатақхана салу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлыбек Қойжановтың айтуынша, шалғай аймақта 27 колледж жұмыс істейді. Олардың 11-і жеке, қалған 16-сы мемлекет меншігінде. Бас-аяғы 21 244 студент білім алуда.

Жалпы студенттердің жатақханаға қажеттілігі 1800 орынды құрайды. Осы мәселені шешу жолында Ақтау қаласындағы 3б шағын аудан, 52А ғимаратында орналасқан 200 орындық жатақхананы республикалық бюджет есебінен сатып алу рәсімдері жүріп жатыр.

Сондай-ақ, аталған мекенжайда 400 орынға арналған жатақхана құрылысын мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетігі арқылы осы жылдың қараша айында бастау жоспарда тұр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: