Маңғыстау облысы аумағына қазақ елі тарихында алғаш рет цифрлық телехабар таратыла бастады

22 қазан, 2018, 17:57 1646 Маңғыстау облысы
Маңғыстау облысы аумағына қазақ елі тарихында алғаш рет цифрлық телехабар таратыла бастады

Бүгіннен, яғни 22 қазаннан бастап шалғай өңір тұрғындары 15, ал ақтаулықтар 30 отандық телеарнаны жоғары сапада тегін көре алады.

Маңғыстау облысы елімізде алғашқы болып аналогты хабар таратуды өшіріп, цифрлық эфирлік телехабар таратуға көшті. Қазақ елінің қалыптасу тарихында алғаш рет жүзеге асып отырған аса маңызды шараға Қазақстан Республикасының  ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен "Қазтелерадио" акционерлік қомағының басқарма төрағасы Ескендір Тәжібеков қатысты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының  ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев шалғай өңір тұрғындарын құттықтап, цифрлық эфирлік телехабар таратудың аса маңыздылығына айрықша тоқталды.

"Шежірелі Маңғыстау облысы толығымен цифрлық телехабар таратуға көшкен еліміздегі ең алғашқы аймақ. Маңғыстауда цифрлық телехабар тарату үшін барлық жағдай жасалған. Сондықтан Ералы Лұқпанұлы (Тоғжанов - редакция ескертуі) бастаған жергілікті әкімдік пен "Қазтелерадио" ұжымына атқарылған ауқымды жұмыс үшін алғыс айтамын. Біріншіден, бұл "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған нақты қадамның бірі. Екіншіден, осы қадам арқылы мемлекеттік ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жол ашылады. Өйткені отандық арналардың хабар тарату үлесі мен сапасы артқалы отыр. Үшіншіден, цифрлық хабар таратуды енгізу қала мен ауыл арасындағы ақпараттық алшақтықты төмендетеді", - деді өз сөзінде ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі.

Өз кезегінде сөз алған аймақ әкімі Ералы Тоғжанов цифрлық эфирлік телехабар таратуға көшу аясында жасалған жұмыстарды қорытындылап, осы жобаны іске асыру 2015 жылы аяқталғанын мәлімдеді.

Айта кеткен жөн, хабар таратудың жаңа қалыбының тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында облыс аумағында 21 радиотелевизиялық станция құрылысы салынып, жаңғыртылған еді. Бұл, халқының саны шамамен 500 мың адамды құрайтын 47 елді мекенді, яғни Маңғыстау облысы халқының 99 пайызын қамтуға мүмкіндік береді.

"Аталған бойынша 2014 жылы Жаңаөзен қаласы цифрлық эфирлік телехабар тарату жүйесіне көшті. Енді міне, толықтай жаңа форматқа елімізде ең алғашқы облыс болып - Маңғыстау өтуде. Өңір бойынша цифрлық телехабар тарату желісінің қамту аумағы 99 пайызды құрады. Өңіріміз қазір аналогтық телехабар тарату желісінің өшіруге дайын. Қалып тұрған 14 елді мекен жер ерекшеліктеріне байланысты цифрлық телехабар тарату жүйесіне тікелей қосылу мүмкіндігі жоқ. Алайда біз облыс орталығынан шалғай ауылдарды "Оtau TV" жерсеріктік телехабар жүйесіне қосу арқылы 100 пайыз цирфлық телехабар таратумен қамтамасыз еттік", - деді Ералы Тоғжанов.

Салтанатты шараға қатысушыларға "Қазтелерадио" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ескендір Тәжібеков республиканың барлық аумағы бойынша инфрақұрылымның цифрлық эфирлік хабар таратуға көшуге дайындық барысы туралы хабарлады.

Ескендір Тәжібековтің айтуынша, цифрлық хабар таратуға толықтай көшу үшін республика бойынша 827 радиотелевизиялық станцияны пайдалануға енгізу керек.

Бүгінгі таңда 414 радиотелевизиялық станция салынды. Осы жылдың соңына дейін тағы 130-ын қолданысқа қосу жоспарлануда. Қалған станциялар құрылысы 2020 жылы толық аяқталатын болады. Ал аналогты хабар тарату 2021 жылы еліміз бойынша толық өшіріледі.

Маңғыстау өңірінде осы саладағы дайындық жұмыстары 2013 жылдан бері жүргізілген болатын. Бүгінге дейін 17 радио және телестанция жаңарып, қызметі толық автоматтандырылған 4 жаңа станция салынды. Сондай-ақ, Ақтаудан қашық қонған 47 ауыл сандық үлгідегі телесигнал қабылдайтын құрылғылармен қамтылды.

"Қазтелерадио" акционерлік қоғамы өңірлік филиалының директоры Әбдірахман Кенжебаевтың айтуынша, бұрын ауылдағылар 1-2 телеарнаны қарап отырса, қазіргі таңда олардың 15 арнаға дейін қарауына мүмкіндігі бар.

"Дыбыс жағынан таза, бейне жағынан таза. Қалай студиядан шығады, тап солай хабар беріп отырмыз. Бұрын аналогта, мысалы дұрыс көрсетпей қалатын жағдай болатын. Қазір ондай жоқ, сапа жағынан жоғары деп айтуға болады", - дейді ол.

Қазіргі таңда Маңғыстау облысы бойынша 133 мың отбасы цифрлық эфирді тамашалап отыр. Алдағы екі жылда еліміздің өзге өңірлері де аналогтық жүйеден ажырап, цифрлық хабар таратуға көшеді. Биыл Маңғыстау облысынан соң Жамбыл және Түркістан өңірлерінде телехабарлар сандық үлгіде тарай бастайды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: